Ердоған мен өзге де түркі елдерінің лидерлері алдағы аптада Қазақстанға келеді
Режеп Тайып Ердоған және түркі мемлекеттерінің өзге де көшбасшылары алдағы аптада Қазақстанға келеді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«13-14 мамыр күндері Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Астанаға Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мемлекеттік сапармен келеді. Мемлекет басшылары екіжақты қарым-қатынастың қазіргі ахуалы мен даму перспективаларын талқылайды», – делінген жексенбі күнгі хабарламада.
Сондай-ақ президенттер Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысын өткізеді.
Бұдан бөлек, 15 мамыр күні Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер лидерлерінің бейресми саммиті өтеді.
Ақорданың мәліметінше, саммиттің негізгі тақырыбы – «Жасанды интеллект және цифрлық даму» болмақ.