Испанияда хантавирус жұқтырды деген күдікпен екі адам бақылауға алынды
Испанияда хантавирус жұқтырды деген күдікпен алғашқы екі жағдай тіркелді. Бұл туралы жергілікті денсаулық сақтау органдары мәлімдеді.
Мәліметке сәйкес, вирус жұқтырды деген күдікке ілінген адамдар бұған дейін індет анықталған круиздік кемеде болған. Аликанте провинциясында әйел адамнан инфекцияға тән белгілер байқалып, ол ауруханаға жатқызылған.
Қазір мамандар нақты диагнозды растау үшін ПТР-тест нәтижесін күтіп отыр.Сонымен қатар Тенерифе порты хантавирус жұқтырған жолаушылары бар круиздік кемені қабылдауға дайындалып жатыр. Кемеде 23 елден келген 149 адам бар.
Жергілікті тұрғындардың талабына байланысты кеме қала маңындағы рейдте тоқтайды. Жолаушылар жағаға шағын қайықтар арқылы жеткізілмек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазіргі таңда жалпы халық үшін қауіп деңгейі төмен екенін мәлімдеді.
Соңғы дерек бойынша, хантавирусқа байланысты сегіз жағдай тіркелген. Оның үшеуі өліммен аяқталған.