Әлеумет

Ким Гон Хи ісі бойынша үкім шығарған судья өлі күйінде табылды

Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымы Ким Гон Хиге қатысты коррупциялық іс бойынша апелляцияны қараған судья Шин Чон О Сеулде өлі күйінде табылды.

Ким Гон Хи

Бұл туралы Yonhap агенттігі хабарлады.

Судьяның мәйіті түнде Сеул Жоғарғы сотының маңындағы гүлзардан табылған. Оның қалтасынан қолмен жазылған қоштасу хаты шыққан. Хатта кешірім сұралғанымен, бұрынғы бірінші ханымның есімі аталмаған.

Полиция өлімнің зорлық-зомбылық салдарынан болғанына жоққа шығарды. Негізгі нұсқалардың бірі ретінде биіктен құлау қарастырылып жатыр.

Шин Чон О бұрынғы бірінші ханымға қатысты акция бағасын қолдан көтеру және қымбат сыйлықтар алу ісі бойынша апелляциялық сотқа төрағалық еткен.

2026 жылдың қаңтарында бірінші инстанция соты Ким Гон Хині 1 жыл 8 айға бас бостандығынан айырған болатын. Ал сәуір айында апелляциялық сот жаза мерзімін 4 жылға дейін ұзартқан.

Жоғарғы сот өкілінің айтуынша, судья Шин бірінші ханым ісі бойынша үкім жарияланар алдында сот отырыстарының тікелей трансляциясына байланысты қатты күйзеліске түскен.

Ким Гон Хи 2025 жылдың тамыз айында қамауға алынған еді. Оған 2200 доллар тұратын Dior сөмкесін сыйлық ретінде алды деген айып тағылған.

Президент әкімшілігі оның сөмкені алғанын растағанымен, бұл зат «мемлекеттік мүлік ретінде пайдаланылып, сақталғанын» мәлімдеген.

Сонымен қатар Ким Гон Хи Оңтүстік Кореядағы BMW дилерлік компаниясының бұрынғы басшысымен акция бағасын қолдан көтеріп, заңсыз пайда табу үшін сөз байласты деген күдікке ілінген.

Оның күйеуі, Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёль да 2024 жылғы 3 желтоқсанда елде әскери жағдай енгізгеннен кейін қамауға алынған. 2026 жылдың ақпанында ол өмір бойына бас бостандығынан айырылған еді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз