БАӘ әуе кеңістігін толық ашқанын жариялады
Біріккен Араб Әмірліктері әуе кеңістігін толық ашты. Бұл туралы 2 мамыр күні елдің Азаматтық авиация бас басқармасы мәлімдеді.
Ресми ақпаратқа сәйкес, БАӘ әуе кеңістігіне енгізілген уақытша қауіпсіздік шектеулері алынып тасталып, ұшуларды басқару қалыпты режимге көшкен.
Қауіпсіздікті барынша қамтамасыз ету үшін жағдай тұрақты түрде бақылауда болады, делінген хабарламада.
Айта кетейік, Таяу Шығыстағы, соның ішінде БАӘ-дегі авиация саласы биыл 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға соққы беруінен және Тегеранның жауап шабуылдарынан кейін қиындықтарға тап болған еді.
Соғыс салдарынан Парсы шығанағындағы бірқатар мемлекеттер белгілі бір уақытқа әуе кеңістігін азаматтық авиация үшін толық жабуға мәжбүр болды.
NDTV World бағалауынша, Дубай халықаралық әуежайының жұмысының тоқтауы ел экономикасына минутына шамамен 1 миллион доллар шығын келтірген.
Ал авиакомпаниялар мен қонақүйлердің шығындарын қоса есептегенде, тұрақсыздық БАӘ экономикасына едәуір зиян тигізген.