БҰҰ Таяу Шығыста үлкен соғыс болатынын ескертті

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері Хамас жетекшісінің өлтірілуіне байланысты қақтығыстың Таяу Шығыстағы ірі аймақтық соғысқа ұласуына жол бермеу үшін қақтығыс тараптарына қысым көрсетуге шақырды.
DW басылымының ақпаратынша, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Израиль армиясының Бейрутке жасаған шабуылын және ХАМАС радикалды исламдық қозғалысының жетекшісі Исмаил Ханияны Тегеранда өлтіруін сынады.
«Бейруттың оңтүстігіндегі және Тегерандағы шабуылдар барлық күш-жігерді Газада атысты тоқтатуға және Израиль-Ливан шекарасында тыныштық орнатуға бағыттау керек уақытта қауіптің одан әрі күшейгенін көрсетеді», - деді оның баспасөз хатшысы Стефан Дужаррик сәрсенбіде.
Оның айтуынша, Гутерриш мүдделі тараптарды «бейбітшілік пен тұрақтылыққа қол жеткізу үшін аймақтағы шиеленісті азайтуға» шақырды.
Жапонияның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілінің орынбасары Мицуко Шино Таяу Шығыстағы ірі әскери қақтығыстың алдын алу үшін халықаралық күш салуға шақырды.
«Біз аймақ жаппай соғыстың алдында тұр деп қорқамыз», - деді ол.
Өз кезегінде Қытайдың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Фу Конг шиеленістің ушығуына Газада атысты тоқтатуға қол жеткізе алмау себеп деп санайды. Әсері күшті елдер Газадағы соғыстың жалынын сөндіру үшін көбірек қысым жасап, жігерлі жұмыс істеуі керек, деді ол.
Ұлыбританияның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Барбара Вудворд Газада тез арада атысты тоқтату туралы үндеуін қайталап, сабырлық пен ұстамдылыққа шақырды. Израиль мен ХАМАС қауіпсіз Израиль мен егемен Палестина мемлекеті бар екі мемлекетті шешімге әкелетін бітімгершілік процесіне өз міндеттемелерін жаңартуы керек, деді ол.
«Бейбітшілікке апаратын жол дипломатиялық келіссөздер арқылы болуы керек. Ұзақ мерзімді бейбітшілік бомбалар мен оқтардан болмайды », - деді Вудворд.