Астанада интернет арқылы есірткі таратқан күдікті ұсталды
Ішкі істер министрлігі есірткі жеткізу және тарату арналарына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында Астана қаласында ірі көлемдегі синтетикалық есірткі тәркіленгенін мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, «Қарасора – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында елордада 40 жастағы тұрғын ұсталған. Тергеу дерегіне сәйкес, ол Telegram мессенджері арқылы жұмыс істеген интернет-дүкенде есірткі сақтайтын «қойма» қызметін атқарған.
Тінту кезінде және күдікті дайындаған жасырын орындарды тексеру барысында орау материалдары, zip-lock пакеттері, сондай-ақ төрт келіден астам α-PVP және мефедрон синтетикалық есірткілері тәркіленді. Полицияның мәліметінше, бұл 12 мыңнан астам бір реттік дозаның заңсыз айналымға түсуіне жол бермеген.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікеновтің айтуынша, заңсыз айналымнан алынған әрбір есірткі партиясы – алдын алынған қылмыстар мен сақталған адам өмірі. Оның сөзінше, министрлік есірткіні жеткізу, сақтау және тарату арналарына тосқауыл қою бағытындағы жұмысты жалғастырады.