Қоғам

Иран Кувейттегі АҚШ әуе базасына зымыранмен соққы жасады

Иран Кувейт аумағында орналасқан және АҚШ әскери-әуе күштері пайдаланатын Али әл-Салем әуе базасына зымыранмен шабуыл жасады. Бұл туралы халықаралық ақпарат құралдары хабарлады.

Зымыран

Басылымның мәліметінше, Кувейттің әуе қорғанысы күштері Иранның «Фатех-110» баллистикалық зымыранын әуеде жойған. Алайда зымыран сынықтары әуе базасының аумағына құлап, салдарынан бірнеше америкалық әскери қызметкер жарақат алған.

Сондай-ақ шабуыл кезінде екі MQ-9 Reaper соққы беруші ұшқышсыз ұшу аппаратына зақым келгені айтылды.

Бұған дейін, 29 мамыр күні Иран парламентінің спикері Мохаммад Багер Ғалибаф әлеуметтік желідегі парақшасында Тегеранның АҚШ-тан келіссөздер арқылы емес, әскери күш көрсету арқылы жеңілдіктер алуға ұмтылатынын мәлімдеген болатын.

Оның сөзінше, Иран кепілдіктер мен уәделерге емес, нақты әрекеттерге сенеді. Сондай-ақ ол кез келген келісімде «келесі күні соғысқа дайын тұрған тарап жеңіске жетеді» деген пікір білдірді.

Ал 28 мамырда Иран мен АҚШ арасында өзара соққылар жасалғаны хабарланған. Мәліметтерге сәйкес, АҚШ әскері Бендер-Аббас порт қаласына шабуыл жасаса, Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы АҚШ-тың әскери базаларының біріне соққы берген.

Осыған дейін Пентагон өкілдері АҚШ Иранмен жасалатын кез келген келісімді қарастыруға дайын екенін мәлімдеген еді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз