Қазақстан мен Ресей Байқоңырдан жаңа буын зымыранын ұшырды
Байқоңыр ғарыш айлағында орта класты «Союз-5/Сұңкар» зымыран-тасығышының алғашқы сынақ ұшырылымы өтті.
Ұшырылым «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенінің 45-алаңынан жүзеге асырылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, ұшу-конструкторлық сынақтар барысында зымыранның бірінші және екінші сатылары штаттық режимде жұмыс істеген.
Ресей тарапының дерегіне сәйкес, макет суборбиталық есептік траекторияға шығарылып, кейін Тынық мұхитындағы кеме қатынасы мен әуе қозғалысына жабық аймаққа құлаған.
Министрлік бұл ұшырылымды заманауи зымырандық инфрақұрылымды дамытудағы маңызды кезең деп атады. «Бәйтерек» жобасы Қазақстанның ғарыш қызметтері нарығындағы үлесін кеңейтуге бағытталған.
Жобаны іске асыру үшін жерүсті инфрақұрылымы жаңғыртылып, ұшыру, басқару, жанармай құю және қауіпсіздік жүйелері қайта бейімделген. Министрлік мәліметінше, енгізілген технологиялар ұшырылым алдындағы процестердің жоғары деңгейде автоматтандырылуын және халықаралық сенімділік стандарттарына сәйкестігін қамтамасыз етеді.
Ведомство «Бәйтерек» кешенін соңғы жылдардағы ең күрделі технологиялық жобалардың бірі деп бағалайды. Бұл ұшырылым Қазақстанның ғарыш саласына толыққанды қатысуы үшін қажетті негізгі элементтер – өз ұшыру инфрақұрылымы, ұлттық спутниктік жобалар және инженерлік кадрлар қалыптасқанын көрсетеді.
Сәтті ұшырылым ғарышты игеруде жаңа мүмкіндіктер ашады. Жоба жаңа жұмыс орындарын құруға және әртүрлі ғарыш аппараттарын орбитаға шығаруға жағдай жасайды.
Ұшырылымға дайындық технологиялық регламенттерге сәйкес жүргізілген. Барлық жүйелердің үздіксіз жұмыс істеуіне басымдық берілген. Жаңа зымыран кешенін пайдалану үшін 40-тан астам техникалық жүйе тартылып, сынақ барысында олардың өзара үйлесімді жұмысы қамтамасыз етілді.
РКЦ «Прогресс» әзірлеген «Союз-5/Сұңқар» зымыраны төменгі жер орбитасына 17 тоннаға дейін жүк шығара алады. Бірінші сатысы РД-171МВ, ал екінші сатысы РД-0124МС қозғалтқыштарымен жабдықталған.
Ресей тарапы зымыран әлемдегі ең қуатты сұйық отынды қозғалтқыштардың бірімен жабдықталғанын атап өтті. Оның артықшылықтарына жүк шығарудың өзіндік құнын төмендету, жүк массасын 17 тоннаға дейін арттыру, жоғары дәлдік және экологиялық таза отын қолдану жатады.
Айта кетейік, «Сұңқар» («Союз-5») зымыранының сынақ ұшырылымы бұған дейін бірнеше рет кейінге шегерілген болатын. Алғашында 2025 жылғы 25 желтоқсанға жоспарланып, кейін 27 наурызға, одан соң сәуір айының басына ауыстырылған.
«Бәйтерек» бірлескен кәсіпорны – Қазақстан мен Ресейдің ортақ жобасы. Ол Байқоңырдағы жаңа буын зымыран кешенін құру, дамыту және пайдалану жұмыстарын жүзеге асырады.