Оқиғалар

Астананың жылу, электр және су желілерін жаңартуға 4,5 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалады

Астана, энергетика, коммуналдық инфрақұрылым, ұлттық жоба, жаңғырту, - МЭКС

П

Астанада «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жөніндегі ұлттық жоба аясында жылу және электр желілері нысандарын жаңарту бойынша бірден бірнеше жобаны іске асыру басталды. Бұл жұмыстардың жалпы құны 4,5 млрд теңгеден асады, деп хабарлайды ЭКСЖ жобалық кеңсесі. 

Жұмыстар коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға және елорданың инфрақұрылымдық дайындығын қамтамасыз етуге бағытталған.

«Астана-Теплотранзит» АҚ жалпы құны 870 млн теңге болатын екі жобаны іске асыруда. Жылыту маусымы басталғанға дейін Қ.Мұхамедханов көшесінің бойындағы ұзындығы 492 метр болатын диаметрі 400 мм жылу трассасының құрылысын аяқтау жоспарланған. Нысан қаланың қарқынды бой көтеріп келе жатқан ауданында орналасқан, онда инженерлік желілерге жүктеменің өсуі байқалады. Жылу магистралінің іске қосылуы жаңа кварталдардың тұрғындарын жылумен тұрақты қамтамасыз етеді.

Екінші нысанда ұзындығы 347 метр болатын ЖМ-12 жылу трассасының бөлігі жөнделіп жатыр. Бұл жаңарту жұмыстары желілердің тозуын азайтып, қыста аяз күшейген кезде қаланы жылумен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы екі жобаға салынатын инвестицияның жалпы көлемі 870 миллион теңгеден асады.

Ал «Астана-ӨЭК» акционерлік қоғамы арқылы электр тарату желілерін кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Жобаның бірінші кезеңінде 1,4 миллиард теңгеге 7,08 шақырым желіні жаңарту жоспарланған. Бұған қоса, төртінші кезең аясында құны 200 миллион теңге болатын тағы 9,59 шақырым электр желісі жөнделеді.

Сумен жабдықтау саласы бойынша «Астана су арнасы» МКК Досмұхамедұлы көшесінің бойымен, Ақжол көшесінен Алаш даңғылына дейінгі аралықта техникалық су құбырын жөндеуге кірісті. Құны 2,47 миллиард теңге болатын бұл жоба аясында 3 шақырымнан астам су желісі жаңартылады. Жұмыстар толық аяқталғаннан кейін елорданың осы ауданындағы негізгі инфрақұрылымның жағдайы жақсарады.

Бұл жобаларды іске асыру Астананың коммуналдық жүйелерін тұрақтандыруға, апаттардың алдын алуға және қала тұрғындарына көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған. 

Анықтама: «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы республика бойынша 2029 жылға дейін іске асырылады. Жоба коммуналдық инфрақұрылымның тозуын 40%-ға дейін төмендетуге және апат қаупін 20% қысқартуға бағытталған. Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде коммуналдық қызметтердің сапасы мен тұрақтылығын арттыру, таза су және экологияны жақсарту жоспарланған.

Тегтер: Астана
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз