Әлеумет

Шымкентте 8 жастағы қызға тиіскен ер адам айыппұлмен құтылды

Шымкентте үшінші сынып оқушысына қатысты болған оқиға қоғам назарын аудартты.

жыныстық зорлық

Сот шешімімен 8 жастағы қызға әдепсіз әрекет жасады деп айыпталған 56 жастағы ер адамға айыппұл түріндегі жаза тағайындалды.

Оқиға биыл сәуір айында көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісінде болған. Жәбірленуші тараптың айтуынша, ер адам кішкентай қызға тиісіп, оны еркінен тыс көтермек болған. Алайда бүлдіршін қашып құтылып, тұрғындардың көмегіне жүгінген.

Қыздың анасы баласының қатты қорқып қалғанын, оқиғадан кейін психологиялық күйзеліске түскенін айтады. Оның сөзінше, отбасы қауіпсіздік мақсатында бұрынғы тұрғылықты мекенжайын да ауыстыруға мәжбүр болған.

Бастапқыда аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілген. Алайда іс сотқа жеткен кезде басқа бап бойынша қаралып, нәтижесінде айыпталушыға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 216 250 теңге айыппұл салынған.

Шымкент қалалық сотының мәліметінше, үкім шығару кезінде сотталушының екінші топтағы мүгедектігі және өз кінәсін мойындап, өкінгені ескерілген. Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің жеңілдететін нормалары қолданылған.

Жәбірленуші тарап бұл шешіммен келіспейтінін мәлімдеп отыр. Қыздың ата-анасы мұндай қылмыс үшін қатаң жаза қолданылуы тиіс деп есептейді. Олардың пікірінше, күдіктінің бостандықта жүруі өзге балалардың қауіпсіздігіне де алаңдаушылық туғызады.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз