Солтүстік Корея Ресейге әскер жібергенін ресми түрде мойындады

Бұл туралы Кореяның орталық ақпарат агенттігі хабарлады.
Ресми мәлімдемеде әскери көмек Пхеньян мен Мәскеу арасындағы өзара қорғаныс туралы келісім аясында жүзеге асқан. Арнайы бұйрық мемлекет басшысы Ким Чен Ыннен келіп түскен. Осылайша, Курск майданына жіберілген мыңдаған кореялық сарбаздар туралы ақпарат бірнеше ай өткен соң ғана ресми түрде расталды.
Бұған дейін Ресей Қарулы күштерінің өкілі Валерий Герасимов әскерилердің соғысқа қатысқаны жайлы мәлімдеген болатын. Бұл туралы ол ел Президенті Владимир Путинге берген есебінде айтты. Жалпы, ұрыс алаңына 11 мыңнан аса корей азаматы жіберілген.
Айта кетейік, күні кеше Владимир Путин Курск облысының жау құрсағынан босатылғанын мәлімдеген. Алайда, Ресей әскері өңірдегі атыс-шабыстың әлі жалғасып жатқанын жеткізді.