Президенттікке үміткер болған Төлеутай Рахымбеков «Ауыл» партиясынан шығатынын мәлімдеді
Төлеутай Рахымбеков «Ауыл» партиясы қатарынан шығатынын жариялады. Ол бұл туралы өтінішті 4 мамыр күні жолдап, шешімі жөнінде әлеуметтік желіде хабарлаған.
Саясаткер партиямен шамамен 11 жыл бойы байланысты болған. 2015 жылдың қыркүйегінен бастап партия мүшесі атанған ол жеті жыл бойы Президиум мен Саяси кеңес құрамында жұмыс істеді. Сонымен қатар бес жылдан астам уақыт партия төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған.
Төлеутай Рахымбеков «Ауыл» партиясының атынан бірнеше сайлауға қатысқан. 2019 жылы Қазақстан президенттігіне кандидат болса, 2021 және 2023 жылдары Мәжіліс депутаттығына үміткер ретінде бақ сынаған.
«Ұзақ ойланғаннан кейін партияның барлық сайланбалы органдарынан және партия мүшелігінен шығу туралы шешім қабылдадым», – деп жазды ол.
Пікірлерде саясаткер бұл шешімнің басқа партияға өтіп, депутаттық мандат алуға қатысы жоқ екенін де атап өтті.