Live

Түркістан облысында нашақорлықтың алдын алу мәселелері талқыланды

Түркістан облысы полиция департаментінде биылғы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша нашақорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кеңестің отырысы өтті.

нашақорлық

Іс-шараға департамент бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Арман Бейсенбаев төрағалық етті.

Кеңес барысында өңірдегі есірткі қылмыстарымен күрес пен олардың алдын алу бағытындағы атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы кезеңге арналған басым міндеттер айқындалды. Арман Бейсенбаев өз сөзінде жастар арасында есірткіге қарсы иммунитет қалыптастырудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда синтетикалық есірткілердің таралуы қоғам үшін айтарлықтай қауіп төндіріп отыр.

«Бүгінгі күні есірткімен күрес тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісіне айналуы тиіс. Әсіресе жастарды қауіпті әдеттерден сақтандыру — басты міндетіміз», - деді ол.

Ішкі істер министрлігінің бастамасымен құрылған нашақорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу кеңесі өз жұмысын нақты жоспар мен регламентке сәйкес жүргізіп келеді. Кеңес мүшелері «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету аясында түрлі ақпараттық-түсіндіру акцияларын, дәрістерді және кездесулерді тұрақты өткізіп келеді.

Жыл басынан бері облыс аумағында 99 мыңнан астам оқушы, студент, ата-ана және тұрғындарды қамтыған шамамен 1000 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар Кеңес мүшелері 20 мыңнан астам адам қатысқан 33 ірі акция өткізді. Бұл шаралар халық арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыруға және жастардың өмірлік ұстанымдарын дұрыс бағытта дамытуға бағытталған.

Жазғы маусымда түсіндіру жұмыстары сауықтыру лагерьлерінде, ал оқу жылы басталғаннан кейін — оқушылар мен студенттер арасында белсенді жүргізілді. Мұндай іс-шаралар білім беру ұйымдарымен, жастар ресурстық орталықтарымен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе өткізіледі.

Отырыс соңында Арман Бейсенбаев кеңес мүшелеріне белсенді еңбегі мен қоғам қауіпсіздігі жолындағы үлесі үшін алғыс білдіріп, бірқатар қызметкерлерді ҚР Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапаттады. Сондай-ақ, жаңадан бекітілген Кеңес мүшелеріне арнайы төсбелгілер табыс етілді.

Кеңес отырысы қорытындысында қатысушылар алдағы уақытта есірткіге қарсы күресті күшейту, жастармен жүйелі жұмыс жүргізу, сондай-ақ қоғамдық бақылауды арттыру бағытында бірлескен іс-қимыл жоспарын қабылдады.

Тегтер: Есірткі
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз