Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 15 Тамыз 2024

11 мың көпбалалы ана үй кезегінде тұр

Көпқабатты үйлер
Фото: из открытых источников

Елімізде тұрғын үй мәселесі өзекті. Пәтер жалдап жүргендер мен пәтер кезегін сарыла күтіп жүргендердің саны жыл санап артуда.

 Бұл мәселені шешуге азаматтармен қоса мемлекет те мүдделі. Сондықтан үй сатып алу, банктердің арнайы ипотекалық бағдарламаларын қолдану, бөліп төлеумен қоса мемлекеттік бағдарламаларға да жүгінуге мүмкіндік бар.

Мұндай «программалардың» түр-түрі көп. Шарттары да әртүрлі. Қазіргі таңда тұрғын үй кезегіне тұру жергілікті әкімдіктер арқылы жүзеге асады. Қажетті құжаттарды онлайн немесе офлайн форматта жинауға болады. Электронды үкімет берген деректерге сүйенсек, бұл құжаттар 30 күн ішінде қаралады. Одан соң тиісті комиссия хабарлама жіберіп, шешіммен таныстырады. Бәрі орнымен болса тараптар шарт жасап, тұрғын үй табысталады.

Алайда бұл мүмкіндік үйсіз азаматтардың бәріне қолжетімді емес. Ең алдымен кезекке тұрғалы жатқан азамат сол елді мекенде тұрақты тіркеуде болуы тиіс. Оларға коммуналдық немесе мемлекеттік пәтерлер коммуналдық тұрғын үй қорындағы үйлердің ішінен реттілікпен беріліп отырады. Ал талаптарға келсек, бұл орайда әлеуметтік статусқа баса мән беріледі. Соның ішінде, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, жетiм, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне, көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі барларға жеңілдік жасалған. Тағы орташа айлық кірісі жан басына шаққандағы көрсеткіштер де назарға алынады. Одан бөлек, өз баспаналары апатты жағдайда тұрғандар да кезекке өтініш береді. Ал берілетін үйдің ауданы отбасыдағы бала санына байланысты.

Мәселен, өткен жылы баспана кезегіне тұрғандар саны 647 мыңнан асқан. Артынан олардың 232 мыңнан астамы тізімге тұруда белгілі бір заң талаптарын бұзғаны анықталған. Нақтырақ айтқанда, 96,1 мың адамда соңғы бес жылда үй болған, 533 адам Қазақстан азаматы емес, 91,4 мың адамның тіркеу орны кезекке тұрған аймақпен сәйкес келмейді, 29 мың адамда тіркеу жоқ, 15,6 мың адам базада қайтыс болғандар болып тіркелген. Өз кезегінде мұндай тіркеулер кезектен алынып тасталады. Сонда да уақыт өткен сайын кезек тек артып жатыр. Оған демографиялық ахуалмен қоса әлеуметтік тұрғын үйлердің аз салынуы да әсер етіп отыр.

Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру тікелей жергілікті әкімдіктердің қолында. Мысалы, биыл Алматы облысында 800 тұрғын үй қолданысқа беріледі. Қазір облыста 40 мыңнан астам азамат үй кезегінде тұр. Олардың 4 мыңнан астамы – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 11 мыңы – көпбалалы аналар. Былтыр бар болғаны 214 пәтер табысталыпты. Ал биыл осы көрсеткішті төрт еселеу жоспарланып отыр. Мемлекеттік кезекпен қоса, «Бақытты отбасы», «7-20-25», «5-10-20» бағдарламалары да жұмыс істеп жатыр. «Бақытты отбасы» бағдарламасы Қазақстанның аз қамтылған отбасыларының тұрғын үйге алуға жылдық 2 пайыздан жоғары мөлшерлемемен ипотека береді. Ал «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасына меншігінде баспана жоқ кез келген қазақстандық өтініш бере алады. Артықшылығы – пайыздық мөлшерлеме төмен. «5-10-20» немесе «Шаңырақ» бағдарламасы да дәл осылай. Бұл туралы облыстағы энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдын Бегімбеков былай дейді:

«Бүгінде Алматы облысында тұрғын үй кезегіне қою мен тізімдегі азаматтарды баспанамен қамту ісіне баса көңіл бөліп отырмыз. Былтыр 200-ден астам тұрғын кілтін алса, биыл 800-ден астам пәтер табысталмақ. Одан бөлек, әлеуметтік инфрақұрылым мен инженерлік құрылыстар да өзекті. Әсіресе газбен қамту жағы күрделі. Өңірлік газдандыру схемасына сәйкес, 284 елді мекен газдандыру аймағына жатқызылып отыр. Осы жылы соның 150-ін, яғни жалпы аумақтың 53 пайызға жуығын көгілдір отынға қоспақпыз. Ал қалған 134 елді мекен «Алматы облысын 2030 жылға дейін газдандырудың өңірлік схемасына» сәйкес кезең-кезеңімен қосылады. Ауыз суға келсек, тиісті 44 жобаның 15-іне былтыр 31 миллиард теңге бюджет қаражаты қарастырылды. «Әрбір елді мекенде таза ауыз су» ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдарға арналған 90 жаңа жоба енгізілді».

Ақжол МЕЙІРБЕК

Алматы облысы

Тегтер: