Қоғам

1,7 миллионнан астам мұсылман Сауд Арабиясына қажылыққа жиналды

Сауд Арабиясында жыл сайын өтетін қажылық маусымы жалғасып жатыр. Биыл қасиетті сапарға әлемнің түкпір-түкпірінен 1,7 миллионнан астам мұсылман келген.

қажылық

Сауд Арабиясының статистика жөніндегі бас басқармасы 2026 жылғы қажылар саны 1 707 301 адамға жеткенін хабарлады. Өткен жылы бұл көрсеткіш шамамен 1,67 миллион болған.

Ресми мәлімет бойынша, қажылардың 160 мыңға жуығы Сауд Арабиясының азаматтары мен тұрғындары болса, қалғандары шетелден келген.

Қажылық кезінде ауа температурасы 40 градустан асып кеткен. Осыған байланысты еріктілер зияратшыларға су, балмұздақ және күннен қорғайтын қолшатырлар таратып жатыр.

Сауд Арабиясы Ішкі істер министрлігі қажылыққа тек арнайы рұқсатпен қатысуға болатынын ескертті. Рұқсатсыз қажылық жасауға әрекет еткендерге 20 мың сауд риялына дейін айыппұл салынуы мүмкін.

Қажылық рәсімдері бірнеше күнге созылады. Зияратшылар арнайы ихрам киімін киіп, Қағбаны тауап етеді. Кейін Мина жазығына барып түнеп, Арафат тауында дұға жасайды.

2026 жылы Арафа күні 26 мамырға сәйкес келді. Одан кейін қажылар Муздалифа жазығына барып, шайтанға тас ату рәсімін орындайды.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз