200 мың теңгелік бургер мен Комо көліндей қымбат катамаран: министр Бурабайдағы демалыс бағасына қатысты пікір білдірді
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Бурабайдағы мейрамханалардың бірінде бірнеше бургер үшін шамамен 200 мың теңге төлеген қыздардың шулы чекіне қатысты пікір айтты. Бұл туралы ол Үкіметтегі брифинг барысында мәлімдеді.
Журналистер министрден неге отандық курорттарда қарапайым тамақтанудың өзі қазақстандықтарға өте қымбатқа түсетінін және ішкі туризм тек ауқатты адамдарға арналған демалыс түріне айналып бара жатқан жоқ па? деп сұрады.
Министр мұндай жағдайды жалпылама бағалауға болмайтынын айтып, Қазақстанның курорттық аймақтарында әртүрлі баға санатындағы қызметтер ұсынылатынын жеткізді. Оның сөзінше, соңғы төленген сома туристің таңдауы мен тұтынуына байланысты.
– Егер Бурабай туралы айтсақ, онда әртүрлі баға сегменттері бар. Мүмкін, аталған демалушылар премиум санаттағы орында болған шығар. Жалпы алғанда, кез келген бюджетке сай ұсыныстар бар. Бұл – әр туристің жеке таңдауы. Әркім өз қаржылық мүмкіндігіне қарай демалыс орнын таңдайды, – деді Ербол Мырзабосынов.
Бурабай ма, әлде Комо көлі ме?
Айта кетейік, танымал қазақстандық курорттағы баға мәселесі қоғамда алғаш рет талқыланып отырған жоқ. Бұған дейін әлеуметтік желілерде туристің Ақмола облысындағы демалыс құнын Италиядағы әйгілі Комо көлімен салыстырған жазбасы кеңінен тараған болатын.
Оның айтуынша, Бурабайда қарапайым катамаранмен 30 минут серуендеу үшін 6 мың теңге төлеген. Ал Италиядағы Комо көлінде 20 еуроға (шамамен 10 мың теңге) екі сағат бойы үлкен жолаушылар кемесімен саяхаттауға мүмкіндік алған.
Осыдан кейін әлеуметтік желі қолданушылары Қазақстандағы туристік қызметтердің бағасы мен сапасына қатысты қызу пікірталас жүргізген еді.