28 жыл жаяу жүрген саяхатшы үйіне оралды: ол 50 мың шақырым жолды еңсерген
Ұлыбританиялық саяхатшы Карл Бушби 28 жылға созылған дүниежүзілік сапарын аяқтады.
Ол төрт құрлық пен 30 мемлекетті басып өтіп, 50 мың шақырымға жуық жол жүрген. 2 қарашада саяхатшы Англияның Халл қаласындағы туған үйіне оралды.
57 жастағы Карл Бушби – Ұлыбритания армиясының бұрынғы десантшысы. Ол 1998 жылғы 1 қарашада Чилидің Пунта-Аренас қаласынан сапарға шыққан. Сол кезде 29 жаста болған. "Голиаф экспедициясы" деп аталған саяхаттың басты шарты – алға жылжу үшін ешқандай көлік құралын пайдаланбау және сапар толық аяқталғанша туған үйіне оралмау.
Бушби Оңтүстік және Солтүстік Американы басып өтіп, 2006 жылы Аляскадан Ресейге Беринг бұғазы арқылы жеткен. Мұз үстімен жүрген саяхатшы жолдың кейбір бөлігін жүзіп өтуге мәжбүр болған. Кейін ол Ресей мен Азия елдері арқылы Еуропаға бағыт алған.
2024 жылы Бушби Қазақстаннан Әзербайжанға жету үшін Каспий теңізін жүзіп өткен. Шамамен 288 шақырымдық қашықтықты еңсеруге 31 күн кеткен. Ал 2026 жылғы қазанда Франциядан Ұлыбританияға Ла-Манш бұғазы арқылы жүзіп жеткен. Осылайша, туған қаласына оралуына соңғы кедергіден өткен.
Бес жылға жоспарланған сапар 28 жылға созылған
Бастапқыда Бушби дүниежүзілік саяхатын бес жылда аяқтауды жоспарлаған. Алайда жолда түрлі қиындықтарға тап болған. 2006 жылы Беринг бұғазын кесіп өтіп, Ресей аумағына кірген кезде шекараны заңсыз кесіп өтті деген себеппен ұсталған. Кейін визалық шектеулер салдарынан сапарын бірнеше рет тоқтатуға мәжбүр болған.
2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы кезінде демеушілерінен айырылған. Коронавирус пандемиясы мен Ресейдің Украинаға басып кіруі де саяхат бағытын өзгертуге әсер еткен.
Соған қарамастан Бушби сапарын тоқтатпаған. Жол жүруге мүмкіндік болмаған кезеңдерден кейін саяхатын үзіліс жасаған жерінен қайта жалғастырып отырған.
12 жастағы немересін алғаш рет көрді
2 қарашада Карл Бушбиді Халл қаласында жүздеген адам қарсы алды. Саяхатшы қала орталығындағы салтанатты қарсы алудан кейін анасы Анджеланың үйіне жаяу жеткен.
Ол анасын соңғы он жыл бойы көрмеген. Үйіне оралған Бушби ұлы Адаммен және 12 жастағы немересімен де қауышты. Саяхатшы немересін өмірінде алғаш рет көрген.
Бушби өзінің ұзақ сапарын аяқтауына әлемнің әр түкпіріндегі адамдардың көмегі тигенін айтты. Саяхатшы енді мұндай ұзақ экспедицияға қайта шығуды жоспарламайтынын жеткізген. Карл Бушбидің 28 жылдық сапары туралы деректі фильм де түсіріліп жатыр.