Аймақ

377 жоба, 58,5 млрд теңге: Түркістан экономикасының өсу жолы

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы ең алдымен өңірлердің даму қарқынымен өлшенеді. Әрбір облыстың өндірістік әлеуеті, кәсіпкерлік белсенділігі, инвестициялық тартымдылығы мен жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігі мемлекет экономикасының жалпы ахуалына тікелей әсер етеді.

Түркістан

 Соңғы жылдары Қазақстанда аймақтардың экономикалық дербестігін күшейтуге, шағын және орта бизнестің үлесін арттыруға, өңірлерге инвестиция тартуға және жергілікті өндірістерді дамытуға ерекше назар аударылып келеді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, халықтың әл-ауқатын көтеруге, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және экономиканың әртараптануына ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда Түркістан облысы кәсіпкерлік пен өндірісті дамыту бағытында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп отырған өңірлердің бірі саналады.

Түркістан облысында кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту бағытындағы жұмыстар соңғы жылдары жаңа қарқынға ие болды. Саладағы өзекті мәселелер мен алдағы міндеттер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте жан-жақты талқыланып, кәсіпкерлік секторын одан әрі дамытуға қатысты нақты тапсырмалар берілді. Бүгінде облыс аумағында 200 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш Түркістан облысының кәсіпкерлік белсенділігі жоғары өңірлер қатарына кіретінін көрсетеді. Аталған көрсеткіш бойынша өңір республика көлемінде Алматы және Астана қалаларынан кейін үшінші орынға жайғасқан. Мұның өзі облыста кәсіпкерлік ортаның қалыптасып, бизнесті жүргізуге қолайлы жағдайлардың жасалып жатқанын аңғартады.

Облыс экономикасының маңызды көрсеткіштерінің бірі саналатын сауда саласында да оң серпін байқалады. Нақты көлем индексі 119,7 пайызға жетіп, Түркістан облысы бұл көрсеткіш бойынша республикадағы үздік үш өңірдің қатарына енді. Бұл халықтың сатып алу қабілетінің артуымен қатар, өңірдегі іскерлік белсенділіктің жоғарылағанын, сауда инфрақұрылымының дамып келе жатқанын және ішкі нарықтағы экономикалық қозғалыстың күшейгенін көрсетеді. Сауда саласындағы өсім кәсіпкерліктің басқа да бағыттарының дамуына мультипликативтік әсер етіп, жаңа жобалардың жүзеге асуына жол ашпақ.

Өңірде кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, жаңа өндірістерді іске қосу және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету мекемесі арқылы жалпы құны 58,5 млрд теңгені құрайтын 377 бизнес-жоба сүйемелденіп жатыр. Бұл жобалардың толық іске асуы нәтижесінде облыста 3 082 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Мұндай жобалар өңір экономикасының құрылымын әртараптандырып қана қоймай, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға және жергілікті бюджет кірістерін арттыруға ықпал етеді.

Жыл басынан бері аталған жобалардың 78-і толық іске қосылды. Соның нәтижесінде облыс экономикасына 9,5 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 275 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Іске қосылған жобалардың ауқымы мен салалық құрылымы да назар аударуға тұрарлық. Атап айтқанда, сабын өндірісі, пластикалық ыдыстар шығару, балық өңдеу кәсіпорындары, ауыл шаруашылығы техникасына арналған қосалқы бөлшектер өндірісі, жиһаз жасау, мақта өңдеу, құрылыс материалдарын шығару және медицина саласындағы өндірістік жобалар іске қосылған. Бұл жобалар облыстың өнеркәсіптік әлеуетін арттырумен қатар, импортты алмастыруға және ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Кәсіпкерлерді қаржылай қолдау мәселесі де өңірдің экономикалық саясатындағы басым бағыттардың бірі болып отыр. Қазіргі таңда бизнесті дамытуға арналған мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар арқылы кәсіпкерлерге қолайлы қаржыландыру мүмкіндіктерін ұсынбақ. Биыл «Өрлеу» және «Іскер аймақ» бағдарламалары аясында кәсіпкерлерге жалпы көлемі 85 млрд теңге болатын несие беру жоспарланған. Бұл қаржы жаңа жобаларды іске асыруға, өндірісті кеңейтуге және кәсіпкерлердің айналым қаражатын толықтыруға бағытталмақ.

Бүгінгі күнге дейін «Өрлеу» бағдарламасы шеңберінде 64 жобаға 18,6 млрд теңге көлемінде қаржы берілген. Ал «Іскер аймақ» бағдарламасы арқылы 6 жобаға 448,5 млн теңге көлемінде несие рәсімделген. Бұл бағдарламалар кәсіпкерлерге төмен пайыздық мөлшерлемемен қаржы алуға мүмкіндік беріп, жаңа бастамалардың жүзеге асуына серпін бермек. Қаржыландырудың қолжетімді болуы өңірдегі кәсіпкерлік белсенділікті арттырып, экономикалық өсімнің негізгі драйверлерінің біріне айналып отыр.

Ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы да өз тиімділігін көрсетеді. Қазіргі таңда бағдарлама аясында 140 жобаға сүйемелдеу жүргізілмек. Оның ішінде бүгінге дейін 69 жобаға 606,4 млн теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Бағдарлама шеңберінде қымыз өндіру, аяқкиім тігу, балық өңдеу, табиғи шырын шығару, ет өнімдерін өңдеу және мақта өнімдерін қайта өңдеу бағытындағы жобалар іске қосылған. Бұл ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, ауыл экономикасын дамытуға және ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беріп отыр.

Өңірде өндірістік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне де ерекше назар аударады. Өйткені кәсіпкерліктің тұрақты дамуы үшін тек қаржылық қолдау жеткіліксіз, сонымен бірге өндірісті орналастыруға арналған дайын инфрақұрылым қажет. Осы мақсатта бүгінде Түркістан облысында 29 шағын өндірістік алаң құрылған. Бұл алаңдарда жалпы саны 275 өндірістік ғимараттың құрылысы басталып, оның 141-і пайдалануға берілген. Мұндай өндірістік аймақтар кәсіпкерлердің шығындарын азайтып, өндірісті қысқа мерзім ішінде іске қосуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда өндірістік алаңдарда жүзеге асырылатын жалпы құны 226,9 млрд теңгені құрайтын 269 жобадан тұратын пул қалыптастырылған. Оның ішінде 78 жоба іске қосылып үлгерген. Өндірістік парктер аумағында жиһаз өндірісі, құрылыс материалдарын шығару, жеңіл өнеркәсіп, химия өнеркәсібі және тамақ өнеркәсібі бағытындағы кәсіпорындар жұмысын жүргізіп жатыр. Бұл өндірістер өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп қана қоймай, жаңа технологияларды енгізуге және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашпақ. Жыл соңына дейін өндірістік парктерде бірқатар жаңа жобалар іске қосылады деп жоспарланып отыр. Олардың қатарында ақылды есептегіш құралдар өндірісі, күн панельдеріне арналған бөлшектер шығару, пластикалық құбырлар өндіру, тұрмыстық химия өнімдерін жасау және құрылыс материалдарын өндіру жобалары бар. Бұл бастамалар өңірдің индустриялық дамуына тың серпін беріп, жоғары қосылған құны бар өнім өндіру көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Аппараттық мәжіліс қорытындысында облыс әкімі кәсіпкерлікті қолдау шараларын одан әрі күшейтуді, өндірістік жобалардың уақытылы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді, инвестиция тарту қарқынын арттыруды және жергілікті өнім өндірушілердің үлесін көбейтуді тапсырды. Сондай-ақ әрбір жобаның нақты нәтижесіне баса мән беріп, олардың тиімділігін тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті. Жалпы алғанда, Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары, инвестициялық жобалар мен өндірістік инфрақұрылымды дамыту шаралары өңір экономикасының орнықты өсуіне негіз қалап отыр. Бұл жұмыстар алдағы уақытта облыстың өндірістік қуатын арттырып, халықты жұмыспен қамту деңгейін көтеруге және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа сапалық деңгейге шығаруға мүмкіндік береді деп сенеміз.

Сәруар Бақберген

Түркістан облысы

Тегтер: Түркістан
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз