Аймақ

Алғашқы сызба – ғимарат қауіпсіздігінің іргетасы

Қалада жаңа тұрғын үй кешені, сауда орталығы, мектеп, аурухана немесе өндірістік нысан бой көтергенде көп жағдайда оның сыртқы келбеті, құрылыстың сапасы мен инфрақұрылымға қолжеті

пәтер

Алайда кез келген ғимараттың қауіпсіздігі оның алғашқы сызбасы жасалған сәттен басталады. Өйткені нысан салынып, пайдалануға берілгеннен кейін анықталған кемшілікті түзету әлдеқайда күрделі әрі қымбатқа түседі. Ал мәселе өрт қауіпсіздігіне қатысты болса, жобалау кезіндегі бір ғана қателік төтенше жағдай кезінде адамдардың өміріне тікелей қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан өрт қауіпсіздігін дайын ғимаратты тексерумен ғана шектемей, жобалау мен сараптама кезеңінен бастап қамтамасыз ету маңызды.

Осы мәселе Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінде өткен дөңгелек үстелде кеңінен талқыланды. Жиынға Сараптамалық ұйымдар палатасының, Қалалық орта және бақылау басқармасының, сондай-ақ жобалау және сараптама ұйымдарының өкілдері қатысты. Түрлі сала мамандарының бір алаңда бас қосуының өзіндік себебі бар. Ғимараттың өрт қауіпсіздігі тек төтенше жағдайлар саласына жауапты органның міндеті емес. Нысанның қаншалықты қауіпсіз болатыны сәулетшінің жобасынан бастап, инженерлік шешімдерге, сараптаманың сапасына және құрылыс барысында жобаның қаншалықты дұрыс орындалғанына дейінгі тұтас тізбекке байланысты.

Кездесу барысында жобалау құжаттамасы мен сараптамалық қорытындыларды қарау кезінде жиі кездесетін кемшіліктер сөз болды. Мамандар қолданыстағы нормативтік талаптардың сақталуына, адамдарды қауіпсіз эвакуациялау мүмкіндігіне, өрт сөндіру техникасының нысандарға кедергісіз кіруіне және өрттен қорғау жүйелерінің дұрыс жобалануына ерекше назар аударды. Мәселен, өрт шыққан кезде ғимарат ішіндегі адамдардың қауіпсіз жерге қаншалықты тез шыға алатыны эвакуациялық жолдардың қалай жобаланғанына байланысты.

Өрттен қорғау жүйелерін дұрыс жобалау да жиында көтерілген негізгі мәселелердің бірі болды. Қазіргі ғимараттың қауіпсіздігі өрт сөндіргіш құралдарының болуымен ғана өлшенбейді. Өртті дер кезінде анықтау, адамдарға қауіп туралы хабарлау, түтіннің таралуын шектеу, эвакуацияны ұйымдастыру және өрт сөндіруге жағдай жасау секілді бірнеше жүйе бір-бірімен үйлесімді жұмыс істеуі қажет. Дөңгелек үстелде Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Т.Мәдиев пен Сараптамалық ұйымдар палатасы Басқармасының төрағасы Б.Ережепов баяндама жасады. Сонымен қатар сала мамандары өз тәжірибелерімен бөлісіп, жобалау және сараптама барысында кездесетін өзекті мәселелерді ортаға салды. Мұндай кәсіби пікір алмасудың маңызы әр мекеменің мәселені өз құзыреті шеңберінде ғана қарастырмай, қауіпсіздіктің ортақ жүйесін қалыптастыруында жатыр.

Жиын қорытындысында Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті мен Сараптамалық ұйымдар палатасы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат кәсіби ақпарат пен тәжірибе алмасуды, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі талаптарын қамтамасыз ету бағытында бірлесіп жұмыс жүргізуді көздейді. Мұндай ынтымақтастықтың қажеттілігі жобалау, сараптау және қауіпсіздікті бақылау салаларының бір-бірінен бөлек әрекет ете алмайтынын көрсетеді. Меморандум аясындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарының бірі – жобалау кезеңінде өрт қауіпсіздігі талаптарының сапалы орындалуын қамтамасыз ету. Яғни тараптардың байланысы белгілі бір нысанда кемшілік анықталғаннан кейін ғана басталмай, қауіптің алдын алу жұмыстарына бағытталмақ. Кәсіби ақпарат алмасу арқылы жобалау мен сараптама барысында қайталанып кездесетін қателерді саралап, оларды азайтудың жолдарын қарастыруға мүмкіндік бар. Бұл өз кезегінде жобалық шешімдердің сапасын арттырып, нысан пайдалануға берілгеннен кейін туындайтын қауіптердің алдын алуға ықпал етеді. Құрылыс саласында жоба – болашақ нысанның негізгі құжаты. Ғимараттың көлемі, құрылымы, инженерлік желілері, адамдар жүретін және эвакуацияланатын бағыттар, арнайы техниканың кіретін жолдары сияқты көптеген мәселе осы кезеңде айқындалады. Сондықтан жобада кеткен кемшілік кейін құрылысқа да көшеді. Ал дайын нысандағы жобалық қатені түзету үшін кей жағдайда инженерлік жүйелерді қайта құруға, қосымша шығу жолдарын ашуға немесе ғимараттың жекелеген бөліктерін өзгертуге тура келуі мүмкін. Бұл қосымша шығын мен уақытты талап етеді. Ең маңыздысы – кемшілік уақытында анықталмаса, ол нысан пайдаланылған бүкіл кезең ішінде жасырын қауіп болып қала бермек.

Сәруар Бақберген

Шымкент қаласы

Тегтер: Ғимарат
Т. РАУШАНҰЛЫ
Т. РАУШАНҰЛЫ Т. РАУШАНҰЛЫ

Оқыңыз