Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:00, 21 Қыркүйек 2024

Әбдірәшіт Сыдыхановтың «Бос қайығы»

Әбдірәшіт Сыдыханов
Фото: ашық дереккөз

Елестетіңізші... Көз алдыңызда Луврдың алып залдары, ғасырлар бойы үнсіз сыр сақтап тұрған суреттер, шеберлердің қасиетті қолдарымен тірілген бейнелер...

Суретші Әбдірәшіт Сыдыханов сол бір керемет өнер ордасына барған сәтін былай еске алады: «Луврда Мона Лизаға көз тіккенімде, әлемге танымал жұмбақ күлкісі мені өзіне тартып, бір сәтке уақытты тоқтатты. Өнертанушылардың сан ғасырлық талдаулары – қиялмен тоқылған тор ғана екенін сонда түсіндім. Леонардо да Винчидің бұл туындысында басқа бір құдіреттің, көзге көрінбес, сезіммен ғана түйсінетін әлдебір тылсымның жатқанын сездім. Мұражайдан шыққанымда айналамдағы дыбыстар өшіп қалғандай болды – құлағым тек жүрек дүрсілін ғана естіді. Әлем екіге жарылып, ақ пен қараның шекарасында қалып кеткендей күй кештім. Шын суретші осындай болуы керек деп ұқтым: Құдайдың елшісі, я шайтанның арбаушысы.»

Адамның ішкі болмысына нағыз өнердің қалай әсер ететіндігі хақында Сыдыхановтың осы ойлары арқылы біз суретшінің портретін құрай аламыз. Ол үшін сурет тек көзбен көретін дүние емес, ол – жан дүниеңді қопарып, санаңды шайқап жіберетін құбылыс.

«Бос қайық»
«Бос қайық», 1998 ж. Кенеп/майлы бояу 100х90 см.

Әбдірәшіт Аронұлы Сыдыханов – 1937 жылдың 12 тамызында Атырау облысы Индер ауданы Есбол ауылында дүние есігін ашты. Оның балалық шағы өзге замандастарына ұқсамайтын, өзгеше жолдың бастауы еді. Алты жасқа дейін тілі байланып, айналасындағы барлық дыбыстарды естісе де үн қата алмапты. Бала жүрегіне тиген бұл үнсіздік, оның әлдебір ғалам сырын түсіну қабілетінің қалыптасуына себепкер болғандай. Себебі тыныштықтың ішінде жатқан шексіздік оны беймәлім әлемдердің тереңіне тартып, тылсымға жақындатқан еді.

Бала кезінде әкесінің ағасы Сыдыхановтар отбасын Саратов-Новосибирск темір жолын салуға шақырып, сол себепті олар Ресейге қоныс аударған. Осылайша, кішкентай Әбдірәшиттің алғаш қолына қалам алып, дүниені бейнелей бастаған сәттері пойыздар мен вагондарды суреттеуден басталған. Бала әлемінде пойыздар жай ғана көлік емес, тіршіліктің қозғалыс көзіне, адам тағдырларын тоғыстырып, алыс пен жақынның байланысын сақтап тұрған қасиетті символға айналды. Уақыт өте келе бұлаң еткен балалық шақтың бұл суреттері Қазақстандағы символизмнің алғашқы қайнар көзіне айналды.

Қызығы сол, Әбілхан Қастеев те өз шығармашылығын теміржолды бейнелеуден бастаған еді ғой. Түрксібтің темір вагондары оның жүрегінде қаңғыған уақыттың белгісіндей болып, ал теміржол – тағдырдың ұзақ жолындағы күрес пен арманның символы ретінде орын алған еді. Бір қарағанда қарапайым теміржол мен вагондар легі, ал артында тұтас ұлттың арман-тілегін арқалаған өнердің асқақ рухы жатқан жоқ па, шынымен де ойландырар дүние...

1955 жылы жас Әбдірәшіт Сыдыханов Алматыға аттанып, көп ұзамай Гоголь атындағы театр-көркемсурет училищесіне оқуға түседі. Өнерге деген шынайы сүйіспеншілігі мен бойындағы ерекше дарынының арқасында ол 1965 жылы училищені үздік аяқтап шықты. Нәтижесінде, оған Репин атындағы Ленинград өнер академиясына жолдама ұсынылады. Алайда тағдырдың тосын бұрылыстары оны басқа жолға салып, Әбдірәшіт «Қазақфильм» киностудиясына жұмысқа орналасады. Осылайша, Ә.Сыдыхановтың кәсіби жолы Алматыдағы «Қазақфильм» киностудиясында «Әннің қанаттары» фильміндегі режиссердің ассистенті ретінде басталды.

Атап кетер жайт, Ұлы Отан соғысы жылдарында Алматыға эвакуацияланған өнер адамдарының ықпалымен «Қазақфильм» шығармашылық пен рухани ізденістің қайнаған қазанына айналды. Алматыда «Мосфильм» мен «Ленфильм» секілді киностудиялардың ресурстары біріктіріліп, нәтижесінде біріккен орталық киностудиясы құрылды. Бұл киностудия тек түсіретін алаң ғана емес, бүкіл Кеңес кеңістігінің көркемдік зертханасы болған еді.

«Көтеріліс» 1916 жыл.
«Көтеріліс» 1916 жыл.

Дәл осы Алматыда кезінде Сергей Эйзенштейннің әйгілі «Иван Грозный» эпопеясы түсірілген. Соғыс жылдарында қазақ киносының алғашқы көркем туындылары дүниеге келіп, ұлттық өнердің негізі қаланды. Уақыт өте келе, 1958 жылы Мәскеуде өткен Бірінші Бүкілодақтық кинофестивальде «Қазақфильм» киностудия «Ботагөз», «Біздің сүйікті дәрігеріміз» және «Қыз-жігіт» секілді шығармаларымен кең танылды. Осы кезеңде Сыдыханов қоюшы суретші ретінде өз шеберлігін шыңдап, қазақ кино өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Ол «Қараш-Қараш» (1967 ж.), «Құлагер» (1972 ж.), «Кездеспей кеткен бір бейне» (1976 ж.), «Өрнек» (1979 ж.), «Жусан» (1986 ж.) және басқа да көркем фильмдерді жасауға белсене қатысты.

Өнер жолында сүрлеу көп, бірақ Сыдыханов үшін бұл жол нағыз өмірлік бағдар болды. Қылқалам мен кинопленка арасындағы байланыс оны ерекше рухани биікке көтерді. Сыдыханов үшін бұл орта – үлкен шығармашылық мектеп болды. Фильм суретшісі болып жүріп ол отандық кино өндірісіндегі алпауыт тұлғаларды жолықтырды. Қоюшы-суретші Сахи Романов пен бірге кәстөм суретшісі ретінде жұмыс істеген ол, Шәкен Айманов, Марк Беркович, Серке Қожамқұлов, Әмина Өмірзақова, Сүйменкүл Чокморов, Наталья Орынбасарова сынды кино майталмандарымен қатар жүрді.

1967 жылы Әбдірәшіт Сыдыханов Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі болып қабылданды. Бұл уақыт оның суретші ретіндегі беделінің артуымен қатар, қазақ бейнелеу өнеріндегі ықпалының кеңейе түскен кезі еді.

«Ай мен Жер» таңбасы
«Ай мен Жер» таңбасы

Осы жылдар ішінде ол суретші ретінде ұлттық бейнелеу өнерінің бірегей стилін қалыптастырып қана қоймай, қазақ киносының көркемдік сапасын жаңа деңгейге көтеруге үлес қосты.

Көптеген сыншылар Сыдыхановтың шығармашылығындағы ең жоғары гүлдену кезеңін 1980-жылдар деп есептейді. Бұл жылдары жазылған картиналарында философиялық тереңдік, ұлттық рух пен заманауи бейнелеу тәсілдерінің үйлесімі көрініс тапты.

1983-1985 жылдары Сыдыханов «Шоқан Уәлиханов» фильміне суретші ретінде атсалысты. Бұл туындыда ол фильмнің поэтикалық әңгімесіне үйлесімді түрде қосылған ондаған толыққанды станоктық картиналар жасады. Әр картина өз алдына бір көркемдік әлем болса да, олар бір-бірімен тығыз байланысып, киноның жалпы мазмұнымен үйлесім тапты. Осы туындысы үшін 1986 жылы Әбдірәшіт Сыдыханов Шоқан Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.

Суретші шығармашылығының келесі бір елеулі кезеңі 1988 жылмен байланысты. Себебі Қазақстан Суретшілер одағының көрме залында Әбдірәшіт Сыдыханов 50 жылдық мерейтойына арнап алғашқы жеке көрмесін ашты. Бұл көрме суретшінің шығармашылық жолындағы маңызды белестерінің бірі болды. Экспозицияға 80-жылдары салынған көркем картиналар, кино саласындағы жұмыстары қойылды. Сонымен қатар көпшілікке алғаш рет оның «Абай жолы» фильміне жасаған эскиздері ұсынылды. Көрме тек өнер қауымдастығының ғана емес, көрермендер тарапынан да жоғары бағаланды.

«Инь-Янь» таңбасы
«Инь-Янь» таңбасы

Бұл кезде тек кино емес, станокты суретші ретінде танылып үлгерген Сыдыханов келесі 1989 жылы Алматыдағы Мемлекеттік өнер мұражайында «Таңбалық кескіндеме» атты көрмесін жұрт назарына ұсынды. Көрме оның киноиндустрияда ғана емес, сонымен қатар станоктық кескіндемеде де жұмыс істейтіндігін көрсеткен акт болды. «Таңбалық кескіндеме» көрмесі оның символизм мен абстракция туралы зерттеулерінің жарқын көрінісі болып, артынша көрмелер легі ары қарай да тоқтамай, жалғасын тауып жатты.

Өнерге қосқан үлкен үлесі мен шығармашылық жетістіктерін мойындаудың белгісі ретінде 1990 жылы Әбдірәшіт Сыдыхановқа Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атағы берілсе, 2000 жылы суретші «Тарлан» сыйлығын иеленді. Бұл марапаттар оның қазақ өнерінің дамуына қосқан ерекше үлесін, шығармашылық табыстарын жоғары бағалаудың тағы бір көрінісі болды.

2011 жылдың 2 мамырында 74 жасқа қараған шағында халық суретшісі, Әбдірәшіт Сыдыханов өмірден озды. Кейінгіге бай мұра қалдырып, қазақ өнерінің дамуына орасан үлес қосқан ол, әлі күнге шығармалары арқылы рухани әлемінің тереңдігін көрсетіп келеді.

***

2002 жылы «Алматинский Проспект» газетіне берген сұхбатында Ә.Сыдыханов: «Біздің жасап жүргеніміздің бәрі – жанның құсасы. Менің ойымша қылқалам мен кенепті есі ауысқан адамға ұстатсаң, ол қазіргі қоғам үшін қалыпты дүние жасап жатқандай көрінеді. Ал біз, суретшілер, бәріміз (соның ішінде мен де бармын) сәл есуаспыз, яғни біз – шизофрениктерміз. Біздің демалыс, мереке дегенді ұмытып, барлық уақытымызды шеберханада өткізуім жындылық емей не?! Тіпті қазір қонаққа да бармаймын. Бос уақытымды тамақтануға, не болмаса саясат туралы ұзақ-сонар әңгімеге арнағым келмейді – ол тақырып мені баяғыда-ақ жалықтырған. Мен өзімде бар нәрсеге разымын: өз өмір салтымды жасадым, одан ләззат аламын. Мен жұмысқа ғашығыма кездесуге келгендей келемін. Жұбайым да бұған баяғыда көнген. Менің ең асыл арманым – кенептің алдында өмірмен қош айтысу...» деген екен.

Ендеше, өмірін өнерге арнап, ерекше дараланған Сыдыханов туралы біз бүгінде не білеміз? Ол өнердегі жолын Қазақстанның бейнелеу өнері тарихында «алпысыншы жылдағылар» деп аталатын топтан бастап, Салихитдин Айтбаев, Шаймардан Сариев, Тоқболат Тоғысбаев, Исатай Исабаев, Мақым Қисамединов, Әділ Рахманов және басқа да атақты кескіндеме және графика шеберлерімен бірге кәсіби көркемсурет мектебін құрды және қазақтың алғашқы символисі атанды.

Ә.Сыдыханов, Батыс пен Шығыстың философиясы мен мистицизмін терең зерттеген тұлға ретінде, ой мен бейнелер әлемінде ерекше қабылдағыштығымен танылды. Оның шығармашылығы әрдайым жаңа идеяларға ашық болды. Әбдірәшіт өзінің қиялына әсер еткен идеяларға жанды түрде жауап беріп, оларды өз туындыларында терең философиялық және символикалық деңгейде бейнеледі. Осы орайда оның Қытай және Мысыр философиясына деген қызығушылығын ескеру керек. 1993 жылы ол Дао философиясының даналығына негізделген «Инь мен Янь» суретін жазса, 1995 жылы пирамидалардың ұлылығын бейнелейтін «Ра» символикасын өзіндік бейнелер арқылы картинаға айналдырды.

Символист суретші ретінде ол әр жылдары «Ошо» портрет-метафорасы, «Кундалина», «Құдай сатысы», «Дзэн тоғыз өгізі» сынды түрлі тақырыптағы туындылар жазды. Бұл шығармалар суретшінің түрлі философиялық қызығушылығы мен тақырып таңдаудағы тереңдігін көрсетеді.

«Бөгде»
«Бөгде»

Түрлі философиялық ағымдардан өзіндік өмірлік ұстаным іздеген Ә.Сыдыханов 1998 жылы «Бос қайық» атты туындысын жазды. Бхагаван Шри Раджништің (Ошо) «Бос қайық» атты кітабынан алған әсерден туған бұл шығарма, өмірдің толықтығы мен мінсіздіктің символы ретінде ұсынылды. Кітапта: «Менің кішкентай қайығым болды. Жалғыз өзім сол қайықпен көлде жүзіп, саяхаттауды ұнататынмын. Бір күні мен қайықта көзімді жұмып, медитация жасап отырдым. Керемет түн болатын. Бір уақытта бос қайық келіп, менің қайығыма соғылды. Бұл менің ішімде үлкен ыза тудырды! Көздерімді ашып, маған соғылған адамды ұрысқым келді, бірақ қайықтың ішінде ешкім болмады, қайық бос. Ашуымды тарқататын ешкім болмағандықтан, көздерімді қайта жұмып, ашуым туралы ойлана бастадым. Сол сәтте мен ішкі әлемімнің орталығына жақындадым. Бос қайық менің ұстазыма айналды... Сол күннен бастап біреу мені ренжітсе немесе ашуым келсе, мен күліп: «Бұл қайық та бос екен деп айтып, ойымды ішкі әлеміме бағыттаймын» деген асты ой жазылған. Осындай терең философиялық ойлар мен Шығыс даналығы Әбдірәшіт Сыдыхановтың жаңа тілінің негізіне айналды. Бұл философиялық ойларды Әбдірәшіт бейнелеу өнерінің көркемдік тілі арқылы орындауға тырысты. Ол көрерменді ойлануға, ішкі тыныштық пен өмірдің мәнін іздеуге шақырды.

***

Ә.Сыдыханов әрдайым ізденіп, өнердің қыр-сырына барынша қанығып, шығармашылық тұрғыда жетіле білді. Мысалы, академик Әлкей Марғұланның қазақ қолданбалы өнеріне арналған еңбектерімен танысқаннан кейін суретшінің шығармашылық бағыты жаңа арнаға бұрылды. Ғалымның еңбектеріндегі қазақ руларының таңба-символдары туралы айтылған деректер Әбдірәшитке ерекше әсер етті. Түркі халықтары арасында тек қазақтар ғана осы таңба-рәміздерін сақтап қалғаны суретшіні ерекше таңғалдырды.

Ол «Таңба» атты топтамасы арқылы қазақ рулық таңбаларының бейнесін жаңғыртып, кенепте символикалық жаңа әлем жасады. Бұл туындылар арқылы суретші өнердің өткені мен болашақ арасында, дәстүр мен жаңашылдық арасында диалог бола алатындығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Санжар Сырғабаев

суретші-өнертанушы