Әблязов Қазақстанда төңкеріс ұйымдастыру үшін менен көмек сұрады – Садыр Жапаров
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Мұхтар Әблязовпен телефон арқылы сөйлескенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, Әблязов 2020 жылы Бішкекке барып, сол жерден Қазақстанда төңкеріс ұйымдастыруды жоспарлаған және осы мақсатта Жапаровтан көмек сұраған.
Жапаровтың сөзінше, Әблязовтың телефон нөмірін оған қазір түрмеде отырған бұрынғы жақтасы Мелис Аспеков берген. Әблязов Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың тұсында осы елдің азаматтығын алып, төлқұжат иеленгенін айтқан. Сондай-ақ Бішкекке келуіне көмектесуді өтінген.
"Мен көрші елдердің саясатына араласпаймын. Сіз үшін Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасты бұзғым келмейді. Одан да келмей-ақ қойыңыз, өз шаруаңызбен айналысыңыз", – деп жауап бергенін айтты Жапаров.
Қырғызстан президенті Әблязовтың өзінен ақша сұрады деген мәлімдемесін де жоққа шығарды. Оның айтуынша, екеуінің телефон арқылы сөйлесуі 40 минутқа емес, бар болғаны екі минутқа созылған. Ал Әблязов бұған дейін әңгіме 40 минутқа жалғасқанын айтқан.