«Әділетті Қазақстанда әділет таппадық!». Жамбылдағы фосфор зауытындағы дауға Қарашөкеев неге араласпады?
Жамбыл облысындағы «Жаңа Жамбыл фосфор» зауытында жұмысшылар наразылығы ушығып тұр.
Бұған 9 маусым күні зауыт аумағында итпен жүргізілген тексеріс түрткі болған. Жұмысшылар мұны қысым деп бағаласа, кәсіпорын басшылығы тексеру «Қара сора» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында заңды түрде өткенін мәлімдейді. Жұмысшылардың айтуынша, дау тек итпен тінтумен шектелмейді. Оның астарында жылдар бойы қордаланған жалақы, еңбек жағдайы, емдік жәрдемақы, әлеуметтік аударым және жергілікті биліктің үнсіздігі жатыр. «Әділетті Қазақстанда» әділдік таппадық!» деген жұмысшылар ертеңгі болашағына алаңдайды.
«Жас Алаш» зауыт жұмысшыларымен сөйлесіп, жағдайды анықтауға тырысты.

Еңбек дауынан басталған ереуіл
Жамбыл облысындағы «НДФЗ» ЖШС, яғни «Жаңа Жамбыл фосфор» зауыты айналасындағы жағдай кейінгі күндері қоғам назарын аударды. Әлеуметтік желілерде тараған видеолар мен жұмысшылардың шағымына қарағанда, кәсіпорында еңбек ұжымының бір бөлігі наразылық білдірген. Бұған зауыт аумағында құқық қорғау органдарының кинологиялық қызметті тарта отырып жүргізген тексерісі себеп болған.
Жұмысшылардың айтуынша, тексеріс кезінде цехтарда, өндірістік учаскелерде жүрген адамдардың жеке сөрелері қаралған. Олар «Иесі жоқ кезде жеке заттарды ақтару қаншалықты заңды?» деген сұрақ қойып отыр. Ал зауыт басшылығы мұны «полицияның бастамасымен, заңсыз есірткі айналымына қарсы бағытталған «Қара сора» операциясы аясында жүргізілген профилактикалық іс-шара» деп түсіндірді.
Компания ресми мәлімдемесінде биыл 9 маусымда еңбек ұжымының бірқатар өкілі басшылықты және уәкілетті мемлекеттік органдарды алдын ала хабардар етпестен, рұқсат етілмеген жаппай жиналыс өткізгенін айтты. Сондай-ақ кәсіпорын наразылыққа объективті негіз болмағанын, жиналыс өткен сәтке дейін жұмыс берушіге ресми жазбаша ұжымдық талаптар түспегенін мәлімдеді. Алайда жұмысшылардың бізге ұсынған құжаттар мен олардың айтқандары бұл даудың бір күнде пайда болмағанын көрсетеді. Кәсіпорындағы наразылықтың түбінде жалақының төмендігі, инфляцияға сай индексация жасалмауы, емдік жәрдемақы алу тәртібінің қиындауы, әлеуметтік аударымдардың уақытында түспеуі және еңбек жағдайының нашарлығы жатқанын байқадық.
Редакцияға ұсынылған құжаттардың бірінде жұмысшылар «НДФЗ» ЖШС бас директоры А.Р.Әлиевке жалақыны индексациялау және емдік жәрдемақы төлеу тәртібін қайта қарау туралы ұжымдық үндеу жолдаған. Онда жұмысшылар азық-түлік, дәрі-дәрмек, коммуналдық төлем, медициналық қызмет пен білім беру шығындарының өскенін алға тартып, жалақыны инфляция деңгейіне сай көтеруді сұрайды.

Тағы бір мәселе – құжат жинау. Жұмысшылар емдік жәрдемақы алу үшін тым көп құжат сұралатынын алға тартқан. Санаторий жолдамасы, фискалдық чек, электрондық шот-фактура, орындалған жұмыс актісі, медициналық анықтама сияқты құжаттардың бәрін жинау оңай емес.
Кәсіподақ комитетінің хаты да осы мәселені растайды. Онда биыл 23 ақпанда өткен жұмысшылар жиналысында емдік жәрдемақы мөлшерін 200 мың теңгеге дейін көтеру мәселесі талқыланғаны айтылады. Жұмысшылардың түсінуінше, бұл төлемді алу үшін міндетті түрде растайтын құжаттар тапсыру талап етілмеуі керек болған. Бірақ 29 мамырдағы бұйрықта, керісінше, емдік жәрдемақы алу үшін нақты құжаттар тізімі бекітілген. Кәсіподақ осыны еңбек ұжымына берілген уәдеге қайшы деп бағалап, бұйрықтың тиісті тармағын қайта қарауды сұраған. Демек, зауыттағы наразылық тек 9 маусымдағы тексерістен ғана емес, оған дейінгі әлеуметтік-еңбек мәселелерінен де туындаған.
«Жұмысшыларды жаманатты еткісі келеді»
Зауыт жұмысшысы Дәметкен Көшекова бұл даудың артында жұмысшыларды қорқыту, беделін түсіру әрекеті бар деп санайды. Оның айтуынша, фосфор зауыты – өндірістік қаупі жоғары, тіпті жарылыс қаупі бар нысан. Сондықтан онда кез келген адамның еркін кіріп, тексеріс жүргізуі күмән тудырады.

«Бұлардың қолында билік пен ақша бар. Сондықтан ойына келгенін істейді. Фосфор зауыты – жарылыс қаупі бар өндірістік орын. Біріншіден, бұл жерге кез келген адамның кіруіне болмайды. Екіншіден, тексерген күннің өзінде адам жоқ кезде жұмысшылардың шкафын ашуға ешкімнің құқығы жоқ. Үшіншіден, зауыттағы шкафтарды ашу оңай. Кез келген адам аша алады. Мүмкін, алдын ала бірдеңе тастай салған шығар. Біз білмейміз. Бұлардың мақсаты – жұмысшыларды жаманатты етіп көрсету», – дейді ол.
Дәметкен Көшекованың айтуынша, жұмысшылар бұған дейін де жоғары жаққа арыз жазған. Бірақ нәтиже шықпаған.
«Былтыр біз министрлікке арыз дайындағанбыз. Ешқандай көмек болмады. Күте-күте шыдам таусылды. Мысалы, МӘМС болмаса, емханаға кіре алмайсың. Ол бізде 3-4 айлап төленбей қалады. Жалақымыз да солай кешігеді. Жаңа бастық Әлиев келгелі осылай. Қысқаша айтқанда, қаржы жоқ дейді. Жалақымыз қашан да кешігеді. Былтыр да осы жағдай болды. Арыз жаздық. Сол кезде де қол қойған адамдарды қудалады. Мен биыл зейнетке шығамын. Зейнетақымның ай сайын түсіп тұратынына кім кепілдік береді? 55 жасында жұмыстан зейнетке шығатындар бар. Қазір олар да ақшасын ала алмай отыр», – дейді Дәметкен Көшекова.
Фосфор өндірісі денсаулыққа зиянды әрі қауіпті сала екенін жоғарыда айттық. Мұндай жерде еңбек ететін адамның емделуге, сауығуға, денсаулығын қалпына келтіруге мұқтаж болатыны түсінікті. Сондықтан жұмысшылар бұл төлемді әлеуметтік кепілдік ретінде қабылдайды. Алайда кәсіпорында осы жәрдемақыны алу тәртібі дау туғызған. Жұмысшылардың айтуынша, ақшаны алу үшін түрлі растайтын құжаттар талап етеді. Дәметкен Көшекова мұны жұмысшыларды әуре-сарсаңға салу ғана емес, жемқорлыққа итермелеуі мүмкін жүйе деп санайды.
«Денсаулыққа байланысты берілетін ақша бар. Оны бәрі алады. Біз алу үшін «подтверждение» сұрайды. Былай қарап отырсаң, бұл жемқорлыққа итермелейді. Елге берілетін қаржы бізге келгенде неге осылай болып қалады?», – дейді ол.
Жұмысшылардың айтуынша, зиянды өндірісте жұмыс істейтін адам денсаулығын тек санаторийде ғана түземейді. Бірі физиотерапияға барады, басқасы жеке сауықтыру бағдарламасын таңдауы мүмкін, тағы бірі қысқа мерзімді ем алады. Мұндай жағдайда стандартты құжаттар болмауы мүмкін. Ал құжат жоқ болса, жұмысшы өзіне тиесілі әлеуметтік көмектен қағылады.

Компания не дейді?
«НДФЗ» ЖШС ресми мәлімдемесінде кәсіпорын қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын, өндірістік көрсеткіштер жақсы екенін жазыпты. Компания жалақы кезең-кезеңімен өсіріліп жатқанын, еңбек жағдайын, өнеркәсіптік қауіпсіздікті және әлеуметтік-тұрмыстық қамтамасыз етуді жақсарту шаралары атқарылып жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар кәсіпорын әлеуметтік жағынан осал қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерін қолдау бағдарламалары барын, арнайы киіммен және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету жүйесі жетілдіріліп жатқанын айтты. Компания жұмысшыларды сабыр сақтауға, заң аясында әрекет етуге және даулы мәселелерді заңда көзделген тетіктер арқылы шешуге шақырды.
Алайда бұл жерде тағы бір қайшылық бар. НДФЗ басшылығы тексеру құқық қорғау органдарының бастамасымен жүргізілді деп мәлімдесе, кейін Time.kz жариялаған ақпаратта мүлде басқа дерек келтірілді. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, тексеру «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында өткізілген. Бірақ бұл шара зауыт басшылығының бастамасымен, кәсіпорын мен Жамбыл аудандық полиция бөлімі арасындағы меморандум негізінде ұйымдастырылған. Яғни полиция дерегіне сүйенсек, тексеру тек құқық қорғау органдарының жеке бастамасы емес, кәсіпорын басшылығының өтінішімен жүзеге асқан.
Жұмысшылардың сөзі де мүлдем басқа. Олар өндіріс орны ескіргенін, шаң соратын құрылғылар дұрыс жұмыс істемейтінін, жұмыс орны шаң екенін, бұрын болған спорт кешені мен жатақхана жоғалғанын айтады.
«Зауытта жұмысшыларға жағдай жасалмайды. Өндіріс орны ескіріп кетті, қайта жөндеу де жүргізілмейді. Отырған жеріміз шаң-тозаң. Зауытта шаң соратын құрылғы болады. Ол дұрыс жұмыс істемейді, тозығы жеткен. Қашан қарасаң, «ақша жоқ» деп аузын қу шөппен сүртіп отырады. Сонда біздің өндірісіміздің табысы қайда кетіп жатыр?» – дейді жұмысшылар.
«Қазақмысқа» қатысымыз жоқ»
Осы дау кезінде тағы бір маңызды ресми мәлімдеме тарады. Онда «НДФЗ» ЖШС фосфор зауыты «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС компаниялар тобының құрамына кірмейтіні айтылды.
«Қазақмыс корпорациясы» бұл кәсіпорындардың қызметіне қатыспайтынын, басқару, кадр саясаты бойынша шешім қабылдамайтынын және аталған ұйымдардағы оқиғаларға қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Сондықтан НДФЗ немесе «Қазфосфат» қызметін «Қазақмыспен» байланыстыратын кез келген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді делінді. Бұл мәлімдеме де бекер шықпаса керек. Өйткені жұмысшылар арасында кәсіпорынның бұрынғы немесе қазіргі байланыстары туралы әртүрлі пікір бар. Оның «Қазақмысқа» қарайтыны туралы ақпарат та тарады.

Ашық дереккөздерді салыстыра отырып, компанияға қатысты деректерді, оның артында кімдер тұрғанын тексеріп көрдік. Statsnet мәліметі бойынша компанияның былтырғы қаржы айналымы 523 млрд 354 млн теңгеден асады. 10 млрд теңгеден аса салық төлеген. Ал биылғы жарты жылдықтағы қаржысы 759 млрд 485 млн теңгеден асқан. 15 млрд теңгеден аса салық төлеген. Компания директоры – Әділ Әлиев. Құрылтайшысы құжат бойынша KAZ Chemicals (КАЗ Кемикалс) компаниясы.

Ал «КАЗ Кемикалс» кәсіпорны тыңайтқыш өндірісімен айналысады. Бір қызығы, оның да директоры Әділ Әлиев. Құрылтайшылары – Kazakhmys Resources B.V. компаниясы, Нұрхан Нұрланов пен Нұржан Нұрланов. Бұл екеуі – Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлдары. Оларға қатысты бұған дейін «ҰҚК тексеріп жатыр», «рейдерлікке қатысы болуы мүмкін» деген ақпараттар тарады.

Ербол АБДУАНОВ, жұмысшы: Сабырдың да шегі бар!
– Мен ауырып қалып, емделіп жатқанмын. Сол кезде зауытты итпен келіп тінтіпті. Бала-шағасын 30 жылдан бері осы өндіріс орнында жұмыс істеп асырап жүрген жігіт бар еді, соны ұстап алып кетіпті. Одан бөлек, 70 шақты адамды ұстаған дейді. Ашуым келді. Жиналыста ойымды ашық айттым. Жалақымыз аз. Бұлар бізді басынбақшы. Қазір зауытта қосымша қарауылдар пайда болған. Бұрынғы полицейлер. Олар жұмысшыға тиісетінді шығарды.
Біз 8 сағат жұмыс істейміз. Зауытта қалың лента болады, соған шаң жиналады. Жұмыстан соң соны бізге тазалатады. Мұның бәрі заңсыз. Жас балалар ауысымнан кейін қалғылары келмейді. Үнемі сол үшін дау туады. Олар ет қызумен бір-біріне зақым келтірмесе болғаны деп уайымдап жүреміз. Содан кейін мұны мәселе етіп көтердік. Жұмыстан кейін қалып, лентадағы шаңды тазаламайтынымызды басшылыққа айттық. Олар «тазалайсыңдар» деді. Біз келіспедік. Осы мәселеден кейін «анаша шегеді» деген сөздер тарала бастады. Міне, ақыры жұмысшылардың жеке заттарының арасынан анаша табылыпты-мыс.
Менің жұмыс уақытым кезінде бір жігіт қайтыс болды. Ешкім жағдайды сұраған жоқ. Оның артында 4 баласы қалды. Әйелі жаңадан босанған еді. Тағы бір жігіт күйіп қалды. Біз, жұмысшылар, қалтамыздан ақша жинап, көз жұмған жігіттің асын бердік, жарақат алған жұмысшыға ақшалай көмектестік. Міне, сол видеоларымызды өшіріпті. Тағы бір ініміздің жұмыс кезінде бетіне темір кіріп кетті. Оның видеосы да жоқ, өшірген. Мұндай оқиғалар көп. Қысқасын айтқанда, бұл жерде әділдік жоқ. Түптеп келгенде, өзіңді кінәлі қылады. Жоғарыда айтқанымдай, дәлел видеоңды өшіртеді. Бәрінің қалтасы тоқ, мінгендері бір-бір джип. Қарапайым жұмысшылардың арқасында күндерін көріп, байып жатыр. Сөйтіп жүріп, жұмысшыларға тиіседі. Сабырдың да шегі бар!

Қарашөкеев қайда?
Бұл дауда Жамбыл облысының әкімдігі де сөз болды. Дәметкен Көшекованың айтуынша, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бұл мәселелерден хабардар. Ол әкімнің қабылдауында болғанын, қала әкіміне де кіргенін айтады.
«Облыс әкімі бұл мәселелерден хабардар. Мен әкімнің қабылдауында да болдым. Қала әкіміне де кірдім. Қарашөкеев мәселе туындағанда көмектескендей болды, кейіннен ат-тонын ала қашты. «Жеке компания, проблемасын өзі шешсін» дегендей болды. Жеке компания болса да, жұмысшылар жергілікті емес пе? Олардың тағдырымен ойнауға болмайды. Олардың бәрі осы облыстың азаматтары», – дейді ол.
Наразылық кезінде жұмысшылармен кездесуге облыс әкімінің өзі емес, орынбасары Әбілхайыр Тамабек барған. Жұмысшылардың айтуынша, ол «мәселе шешіледі, жұмыс істеліп жатыр» деген мазмұнда сөйлеген. Бірақ еңбек ұжымы нақты шешім күтеді. Әсіресе жалақы, әлеуметтік аударым, еңбек жағдайы, тексерістің заңдылығы сияқты мәселелер құр уәдемен жабылатын тақырып емес. Облыс әкімі Қарашөкеевтің бұл жағдайға жеке араласпауы – бөлек әңгіме. Кәсіпорындағы еңбек дауы ертең әлеуметтік тұрақсыздыққа айналса, оның зияны тек компанияға тимейді, бұл облыстың басшысының басына таяқ емес, сойыл боп тиюі мүмкін. Сондықтан «бұл жеке компанияның ішкі ісі» деген ыңғайдағы ұстаным жергілікті билікке абырой әпермейді. Әкімдік еңбек дауын түбегейлі шешпеуі мүмкін, бірақ өңірдегі әлеуметтік тұрақтылыққа жауапты орган да әкімдік емес пе?! Жергілікті билік жұмысшының да, кәсіпорынның да сөзін тыңдап, ашық диалог алаңын құруға міндетті. Ал мәселе ушыққанда әкімнің өзі бармай, орынбасарын жібере салуын жұрт «Қарашөкеев бұл дауды екінші қатардағы мәселе көріп отыр» деп қабылдады.
«Жас Алаш» тілшісі әкімдікке хабарласты. Жауап мынадай болды: «Облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек мемлекеттік органдар өкілдері және «НДФЗ» ЖШС басшылығымен бірге кәсіпорын қызметкерлерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында қызметкерлер инфляциялық төлемдер, еңбек демалыс ақысы, МӘМС жарналары мен зейнетақы аударымдарының кеш түсуіне қатысты мәселелерді көтерді. Мемлекеттік органдар өкілдері тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, еңбек құқықтары бұзылған жағдайда заңнамаға сәйкес уәкілетті органдарға жүгіну тәртібін түсіндірді. Кәсіпорын басшылығы көтерілген мәселелер мен талаптарды жақын арада жан-жақты қарастырып, тиісті шаралар қабылдайтынын жеткізді».
Тұрсынбек БАШАР