Сараптама

Шариғатқа сай несие: Ислам ипотекасы тиімді ме?

Қазақстандықтардың көп бөлігі үй алу үшін ең алдымен банкке жүгінеді. Тіпті бұл үйреншікті рәсімге айналғандай.

Тұрғын үй

 Алайда елімізде діни ұстанымдарға байланысты пайызбен несие алуды құп көрмейтін азаматтар да бар. Олар үшін баспана сатып алудың шариғат талаптарына сай келетін балама тетіктері маңызды. Соңғы жылдары Қазақстанда исламдық қаржыландыруға қызығушылықтың артуы да осы сұраныспен байланысты. Әсіресе тұрғын үй алуға мүмкіндік беретін ислам ипотекасын енгізу мәселесі жиі талқыланып келеді. 

«Отбасы банк» Қазақстанда исламдық қаржыландыру қағидаттарына негізделген ипотеканы іске қосуды жоспарлап отыр. Жаңа өнімде пайыздық қаржыландырудың орнына шариғат талаптарына сай тетіктер қолданылмақ. Қазір жаңа өнімді ұсыну үшін алдымен бірқатар рәсімдерден өтіп, қажетті лицензияны алу керек. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Отбасы банк» төрағасының орынбасары Жансұлтан Матай айтты. Оның сөзінше, исламдық қаржыландыруға қатысты заңнамалық өзгерістердің бір бөлігі қабылданып қойған. Атап айтқанда, «Отбасы банк» қызметіне қатысты түзетулер 23 шілдеде қабылданып, 21 тамызда ресми түрде жарияланған. Жаңа нормалар 2026 жылғы 21 қазанда күшіне енеді.

«Қазіргі уақытта дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ең алдымен банк тиісті лицензия алуы қажет. Бұл лицензия жеке және заңды тұлғаларға шот ашуға, сондай-ақ пайызсыз исламдық депозиттер тартуға мүмкіндік береді», – деді Жансұлтан Матай.

Алайда лицензия алу ислам ипотекасын бірден іске қосуға жеткіліксіз. Банк өкілінің айтуынша, тұрғын үйді ислам қағидаттарына сай қаржыландыруға мүмкіндік беретін қосымша заңнамалық өзгерістер қажет. Сонымен қатар «Отбасы банк» құрылымында исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңес құру жоспарланып отыр. Бұл орган банктің исламдық қаржыландыру бағытындағы жұмыс тәртібі мен саясатын айқындауға қатысады. Банк өкілі жаңа ипотекалық өнімнің нақты қашан іске қосылатынын әзірге айту ерте екенін атап өтті.

«Қазір нақты мерзім туралы айтуға әлі ерте. Лицензия алынғаннан кейін келесі кезеңдердің мерзімі де нақтыланады», – деді ол.

Банк қазіргі кезде тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі негізінде жұмыс істейді. Ал исламдық ипотекада қолданылатын мәмілелердің табиғаты өзгеше. Банк кей жағдайда үйді өзі сатып алып, клиентке қайта сатуы немесе жалға беруі мүмкін. Сондықтан мұндай операцияларды қолданыстағы жүйеге енгізу үшін заңнамалық негіз қажет. «Отбасы банктің» өзі де негізгі кедергілердің бірі ретінде тұрғын үй құрылысы жинақтары туралы заңға өзгеріс енгізу қажеттігін атаған. Банк исламдық қаржыландыру тетіктерін өзінің қолданыстағы тұрғын үй жинақ жүйесіне бейімдеу жолдарын зерттеп жатыр. Яғни мәселе тек жаңа ипотекалық өнім ойлап табуда емес. Банкке оны заңды түрде ұсынуға, есепке алуға және шариғат талаптарына сәйкес жүргізуге мүмкіндік беретін тұтас жүйе қажет.

Қазақстанда исламдық қаржыландырудың заңнамалық негізі бұрыннан бар. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, елдегі исламдық банкингтің құқықтық негізі 2009 жылы қалыптаса бастаған. Алайда бұл сегмент ұзақ уақыт бойы банк нарығының шағын бөлігінде қалды.

Қазіргі таңда бұл бағытты дамыту үшін қолға алынған жаңа тетіктердің бірі – дәстүрлі банктерге «исламдық терезе» ашуға мүмкіндік беру. Бұл атау банк ішінде бөлек ислам банкін құру дегенді білдірмейді. Дәстүрлі банк өзінің негізгі қызметін сақтай отырып, исламдық қаржыландыруға арналған жеке бағыт аша алады. Мұндай операциялар бөлек есепке алынуы, исламдық өнімдердің шариғат талаптарына сәйкестігі арнайы кеңес арқылы бақылануы тиіс. Бұл мүмкіндік 2026 жылы заңнамалық тұрғыдан да нақтыланды. Мемлекет басшысы банк қызметіне қатысты жаңа заңға қол қойды. Соған сәйкес дәстүрлі банкке өз құрылымы аясында исламдық банкинг қызметін қатар дамытуға жол ашылды. Яғни енді бір банктің ішінде дәстүрлі қаржы қызметтерімен бірге исламдық қаржыландыру бағыттарын да ұсынуға мүмкіндік бар.

Бұған дейін Қазақстанда ислам ипотекасын Al Hilal Bank ұсынған. Алайда 2022 жылдың көктемінен бастап ол банк ипотекалық несие беруді тоқтатты.

Пайыз жоқ болса, банк қалай пайда табады?

Ислами қаржыландыруда өсімге жол берілмейді, яғни несиеге пайыз қосылмайды. Оның орнына тауарды сатып алу-сату, жалға беру немесе серіктестікке негізделген келісімдер қолданылады. Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі исламдық қаржыландырудың негізгі құралдары ретінде мурабаха, иджара, мушарака және вакала секілді тетіктерді атайды. Мысалы, мурабаха кезінде банк клиент таңдаған үйді сатып алып, кейін оны алдын ала келісілген үстеме бағамен клиентке сатады. Бұл жерде банк жай ғана ақша беріп, оған пайыз есептемейді. Сатып алушы үйдің бастапқы құнын да, банк белгілеген үстеме соманы да алдын ала біледі. Ал иджара жалға беру тетігіне жақын. Банк белгілі бір мүлікті сатып алып, оны клиентке жалға береді. Мушарака жағдайында банк пен клиент мүлікке бірлесіп иелік етуі немесе қаржыландыруға серіктес ретінде қатысуы мүмкін.

Исламдық қаржыландыруда банктің табыс табуына тыйым салынбайды. Тыйым салынатыны – пайыздық өсімге негізделген белгілі бір қаржылық қатынастар. Сондықтан банк тауарды немесе мүлікті сатып алу-сату, жалға беру немесе серіктестік сияқты келісімдерден табыс таба алады.Мурабаха мысалында банк үйді белгілі бір бағамен сатып алып, клиентке оған алдын ала келісілген үстемені қосып сатады. Клиент бұл соманы белгіленген мерзім ішінде төлейді. Қазақстанның мемлекеттік ақпараттық ресурстарындағы түсіндірмелерде де мурабаха банк тауарды сатып алып, оны клиентке үстеме бағамен сататын мәміле ретінде сипатталған.

Ислам ипотекасын бірден арзан ипотека деп қабылдауға болмайды. Сала мамандарының пікірінше, ислам ипотекасы дәстүрлі ипотеканы толық алмастырады деу қиын. Оның өзіндік клиенттік аудиториясы мен қаржыландыру қағидаттары бар. Сондықтан нарықтағы негізгі өзгеріс бір жүйенің екіншісін ығыстыруынан емес, ипотекалық өнімдердің түрі көбейіп, тұтынушының таңдау мүмкіндігінің артуынан көрінуі мүмкін. Экономист Бауыржан Ысқақтың айтуынша, «Отбасы банкінде» ислам ипотекасының енгізілуі ең алдымен ипотекалық нарықтағы қаржыландыру құралдарын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Оның пікірінше, бұл ислам қағидаттарына сәйкес қаржыландырғысы келетін азаматтарға жаңа мүмкіндік беріп, тұрғын үй сатып алудағы таңдау аясын кеңейтеді.

«Отбасы банкінде» ислам ипотекасының енгізілуі ең алдымен ипотекалық нарықтағы қаржыландыру құралдарын әртараптандыруға әсер етеді. Біріншіден, ислам қағидаттарына сәйкес қаржыландырғысы келетін азаматтар үшін жаңа мүмкіндік пайда болады. Яғни ипотекалық нарықта тұтынушының таңдау мүмкіндігі кеңейеді. Екіншіден, бұл өзге банктерді де жаңа өнімдер ұсынуға ынталандыруы мүмкін. Нәтижесінде нарықтағы бәсекелестік тек пайыздық мөлшерлеме бойынша емес, қаржыландыру шарттары, бастапқы жарна, мерзім, мүлікке меншік құқығы және тәуекелді бөлісу тетіктері арқылы да күшеюі ықтимал. Үшіншіден, «Отбасы банктің» бұл нарыққа кіруі маңызды. Себебі банктің тұрғын үй және құрылыс жинақтары жүйесінде мол тәжірибесі бар. Дегенмен жаңа өнімнің нақты ауқымы заңнамалық және реттеушілік жағдайларға, сондай-ақ оның шарттары мен бағасына байланысты болады», – дейді Бауыржан Ысқақ.

Ислам ипотекасының басты айырмашылығы – ақшаны пайызға беру емес, нақты активпен байланысты мәміле жасауында. Пайыз қолданылмағанымен, банк өзінің шығыны мен тәуекелін басқа механизмдер арқылы жабады.

«Мысалы, үйдің бағасы 30 млн теңге болса, банк оны сатып алып, клиентке 36 млн теңгеге 15 жылға бөліп сатуы мүмкін. Бұл жағдайда клиент пайыз төлемейді, бірақ мәміленің жалпы құны 36 млн теңге болады. Сондықтан клиент үшін маңызды көрсеткіш тек ай сайын қанша төлейтіні емес, ипотеканың бүкіл мерзімі аяқталған кезде үйдің жалпы қанша қаражатқа түсетіні болуы керек. Яғни ислам ипотекасының артықшылығын тек пайыздың жоқтығымен өлшеуге болмайды», – дейді Б.Ысқақ.

Осылайша, ислам ипотекасы Қазақстандағы дәстүрлі ипотеканы алмастыратын емес, тұрғын үйді қаржыландырудың балама тетігі ретінде қарастырылуы мүмкін. Сондықтан ислам ипотекасының болашағын оның атауымен емес, тұтынушыға ұсынатын нақты шарттары мен нарықтағы сұранысы айқындайды.

Маржан Сәбет

Тегтер: ипотека
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз