Қазақстан экономикасы «Голланд ауруына» шалдықты ма?
Үкімет бюджеттің жыртығын жамау үшін Ұлттық қордан жыл сайын қаражат алады. Биыл «Ұлттық қордан бюджетке 2,77 трлн теңгеден артық ақша алынбауы керек» деген лимит белгіленген.
Алайда отандық сарапшылар бұл қаражаттың жоспарлағаннан да тез жылдам кетіп жатқанын айтып отыр. Деректерге жүгінсек, 2026 жылдың 1 тамызына дейін жоспарлаған қаражаттың 84 пайызы жұмсалып қойған. Қазір қордан биылғы жылға алынатын шамамен 450 млрд теңге ғана қалған. Егер ақша дәл осы қарқынмен жұмсала берсе, осы айдың соңына қарай белгіленген лимит толық таусылуы мүмкін.
Яғни сарапшылардың айтып отырғаны – Ұлттық қордағы бүкіл ақша таусылды деген сөз емес. Әңгіме биыл бюджетке алуға жоспарланған ақшаның лимиті тез бітіп қалуы мүмкін деген мәселе туралы.
Halyk Finance сарапшыларының пікірінше, егер бюджетке Ұлттық қордан ақша алуды осы қарқынмен жалғастыра берсе, жыл соңына дейін қосымша қаражат іздеу мәселесі туындайды. Сондықтан Үкімет Ұлттық қордан алынатын ақша көлемін қайта қарауға мәжбүр болуы ықтимал.
Былтыр да осындай болған...
Негізінде былтыр да жағдай осылай болған. Былтыр Үкімет жылдың алғашқы төрт айында-ақ Ұлттық қордан жыл бойына алуға мөлшерлеген 2 трлн теңгені алып қойған. Сөйтіп, бір жылдық азығын былтыр атқарушы билік төрт-ақ айда «жеп» тастады. Қордан алынған қаражаттың 1,6 трлн теңгесі республикалық бюджетке берілген кепілдендірілген трансферттер еді. 400 млрд теңге мақсатты трансферттер ретінде бөлінген.
Қаржыгерлер былтыр жыл басында қордың кірісі екі есеге дейін азайғанын, Үкіметтің осыдан кейін де бір жылдық жоспарлы қаражатты 4 айда жұмсап тастағанын айтып отыр. Оған себеп, әрине, мұнай бағасының арзандауы. Мәселен, 2024 жылдың алғашқы тоқсанында мұнайдың орташа бағасы барреліне 81,8 доллар болса, 2025 жылдың басында мұнай бағасы 74 долларға дейін төмендеді. Соның салдарынан, жер қойнауын пайдаланушылар салығы былтыр алғашқы тоқсанда 85 млрд теңгеге, ал корпоративтік табыс салығы 378 млрд теңгеге қысқарған. Осылайша, Ұлттық қорға түсетін салықтардың орындалуы былтыр жыл басында небәрі 13 пайызды ғана құраған.

Биыл жағдай қалай?
Ал биыл жағдай мүлдем басқаша сипат алды. Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістер мен АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыстардың әсерінен Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 91 АҚШ долларынан асып түсті. Бұл Қазақстанның бюджетінде есептелген базалық бағадан (барреліне 41 доллар) едәуір жоғары. Бағаның өсуі Ұлттық қордың кірісін еселеп арттырды. Биылғы жылдың алғашқы 7 айының қорытындысы бойынша қорға 2,44 трлн теңге көлемінде тікелей салықтық түсімдер құйылған. Бұл жылдық жоспардың (4,1 трлн теңге) 60 пайыздан астамы орындалғанын көрсетеді. Бұған қоса, Ұлттық банктің мәліметінше, қор активтерін сыртқы нарықтарда сәтті басқаруының арқасында бірінші жартыжылдықта 2,92 млрд АҚШ доллары көлемінде таза инвестициялық табыс тапты. Осылайша, қазір Ұлттық қордың жалпы валюталық активтері 65,5 млрд АҚШ долларына жетіп, қордың қаржылық іргетасы беки түскен.
Жиналса да жұмсауға неге құмармыз?
Ал енді Үкімет түсім аз болса да, көп болса да, неліктен бір жылға жоспарланған қаражатты тез жұмсап қоюға машықтанып алды? Қаржыгер Арман Мусиннің сөзіне сүйенсек, Ұлттық қор қаражатын белсенді пайдалану 2007-2008 жылдары, Кәрім Мәсімов премьер-министр болған кезеңде басталған. Сол кезде әлемдік қаржы дағдарысына байланысты Үкімет экономиканы тұрақтандыру бағдарламаларын жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан алғаш рет 1 трлн 196 млрд теңге алған. Ол кездегі бағаммен бұл шамамен 10 млрд доллар болған. Бөлінген қаржының 332 млрд теңгесі банктерді қолдауға бағытталған. Оның ішінде БТА банкіне 212 млрд теңге берілген. Тағы 290 млрд теңге үлескерлер мәселесін шешуге жұмсалған. Сонымен қатар 240 млрд теңге шағын және орта бизнесті (ШОБ) және ауыл шаруашылығын дамытуға, 190 млрд теңге инфрақұрылымды жақсартуға бөлінді. Оның 115 млрд теңгесі Шымбұлаққа жұмсалған. Ал 144 млрд теңге экономиканың нақты секторын несиелеуге бағытталды.
Арада бірнеше жыл өткен соң, 2014 жылғы девальвациядан кейін Үкімет Ұлттық қордан тағы 1 трлн теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Бұл кезде де Үкіметті Кәрім Мәсімов басқарған. Бұл қаржының 500 млрд теңгесі проблемалық несиелерді жабуға, 200 млрд теңгесі шағын және орта бизнесті қолдауға, 150 млрд теңгесі индустрияландыруға бағытталды. Индустрияландыруға бөлінген қаржының ішінде 81 млрд теңге Қорғас, Атырау және Тараз қалаларындағы арнайы экономикалық аймақтарды дамытуға жұмсалды. Бұдан бөлек, 40 млрд теңге EXPO-2017 көрмесінің құрылысына, 29 млрд теңге Астана әуежайының жаңа терминалын салу және қайта жаңғыртуға бөлінді. Арман Мусиннің дерегінше, бұл жолы да бөлінген қаржының басым бөлігі (шамамен 70 пайызы) банктер мен олардың иелеріне тиесілі болған. Ал 2015 жылдан бастап Үкіметтің Ұлттық қор қаражатына жүгінуі бұрынғыдан да жиілей түскен. Қаржыгер мұны Ұлттық қор мен бюджет арасындағы байланыстың біртіндеп «соқпақтан даңғыл жолға» айналуымен салыстырады.
«Осылайша бюджет пен Ұлттық қор арасында кідірмей жүретін даңғыл жол пайда болғандықтан, Үкімет қордан қаражатты көсіп алуға машықтанды», – дейді маман.
Қорды қоңды ете аламыз ба?
Ал енді осы қорды жұмсамай, қоңды ете аламыз ба? Мұндай амал бар ма? Әлде жыл сайын қорға түскен қаражаттың бәрін жұмсай беру дұрыс па?

«Жас Алаштың» тұрақты сарапшысы экономист-ғалым Бейсенбек Зиябековтің пікірінше, қордан биыл және келер жылдары да трансферттер алу жоспарланып отырғанын ескерсек, стратегиялық қор (запас) алдағы уақытта көбейеді деп айту қиын. Экономистің пікірінше, Ұлттық қор бастапқыда екі мақсатпен – тұрақтандыру және қаражат жинақтау үшін құрылған. Алайда қазір Үкімет қордың жинақтау функциясына қарағанда тұрақтандыру мақсатына көбірек басымдық беріп кетті. Бүгінде «экономиканы тұрақтандыру қажет» деген негізбен Ұлттық қордан қомақты қаражат алынады. Алайда осы уақытқа дейін қаражат бөлінген тұрақтандыру бағдарламалары мен түрлі жобалардың нәтижесі айтарлықтай байқалмайды. Мәселен, тұрақтандыру бағдарламаларын қаржыландыру кезінде Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың едәуір бөлігі банктерге бағытталған. Ал бұл ақшаның қаншасы нақты қайтарылды, қаншасы қайтарылмайды, мәселе осы жерде туындайды.
Маманның пайымдауынша, Ұлттық қордан бюджетке берілетін трансферттер тікелей қолма-қол ақша түрінде берілмейді. Сондықтан олар қайтарымды және қайтарымсыз трансферттер болып бөлінеді. Мысалы, белгілі бір шығындарды жабуға жұмсалған қаржы қайтарылмайды, ол қайтарымсыз трансфертке жатады. Ал қайтарымды трансферттерге Ұлттық қордың республикалық бюджетке мемлекеттік бағалы қағаздар арқылы салған қаражаты кіреді. Дегенмен бұл қаржының өзі Ұлттық қорға бұрынғы қалпында ақша болып қайтпайды. Оның қайтарымы жаңа жұмыс орындарының ашылуы, салық түсімдерінің көбеюі және экономикалық белсенділіктің артуы арқылы көрінуі мүмкін. Сондықтан экономист «Ұлттық қордан алынған қаражатты дәл сол көлемде қайта орнына қою өте қиын» деп есептейді. Оның пікірінше, мәселені «ақшаны қалай қайтарамыз?» деп емес, Ұлттық қор қаражатының қаншалықты тиімді басқарылып отырғаны тұрғысынан қарау керек.
«Жыл сайын бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордан триллиондаған теңге сұрау – дұрыс емес. Бұл Үкіметтің қаражатты тиімді жұмсай алмай отырғанын көрсетеді. Сондықтан қазір бюджеттік маневр жасап, шығыстарды қайта қарау, артық шығындарды қысқарту және үнем режиміне көшу қажет», – дейді Бейсенбек Зиябеков.
Экономист-ғалымның ойынша, Ұлттық қор толығуы үшін экономиканы қазіргі деңгейде қалдыруға болмайды. Болашақта Қазақстан экономикасын «Голланд ауруынан» сақтандыру қажет. Шикізатты жаппай сыртқа сата бергенде экономикаға ағыл-тегіл валюта құйылып, нарықта инфляция өсіп, ұлттық валюта құнсызданып, экономика дағдара бастайды. Мұны экономикада «Голланд ауруы» дейді. Негізінде, Ұлттық қор экономиканы нақ осындай дерттен сақтандыру үшін де құрылған.
«Үкімет экономикалық тапсырманы орындай алмай жатқанын түсініп, Ұлттық қордан ірі инфрақұрылымдық жобаларға қаражат алатын болды. Кейін бұл тұрақты ережеге айналды. Ұлттық қордан «кепілдендірілген трансферт» деген ұғым пайда болды. Негізінде, қордың қаржысын 2029 жылға дейін 100 млрд долларға дейін жеткізу ақылға қонымды дүние еді. Егер де кепілдендірілген трансфертті азайтатын болса, бұл әбден мүмкін болатын. Алайда бізде кепілдендірілген трансферт деген әлі бар, оны алу тоқтаған жоқ. Демек, қордан қаражат әлі алына береді деген сөз. Негізінде, бұл – қате. Үкімет алдымен осы қателігін түсініп, қордан алынатын трансферттерді дереу тоқтату керек. Қорға қол салмайтындай дәрежеге жеткенде ғана Ұлттық қор толығатын болады», – дейді Бейсенбек Зиябеков.

Қысылтаяңнан қалай шығамыз?
Ал Экономикалық саясат институтының директоры, экономист-ғалым Қайырбек Арыстанбековтің сөзінше, Ұлттық қордың қаражатын сақтап, көбейту үшін ең алдымен банк секторының жұмысын реттеу қажет. Банктерге отандық экономиканы қаржыландыруға қатысты нақты әрі қатаң талаптар қойылуы керек. Бұдан соң, Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың бір бөлігі көлеңкелі экономикаға кетуі мүмкін. Қазір көлеңкелі экономиканың көлемі жалпы ішкі өнімнің шамамен 25-30 пайызына дейін жетеді. Бұл – экономиканың едәуір бөлігінде тиісті салықтардың төленбей отырғанын білдіреді.Міне, осыны реттеген жөн. Тағы бір дүние – Ұлттық қордың белгілі бір бөлігі шетелдік бағалы қағаздарға, соның ішінде акциялар мен облигацияларға инвестицияланады. Қордағы қаражатты бос ұстамай, шетелдік облигацияларға салу – әлемде қолданылатын тәжірибе. Мұндай тәсілді негізінен экономикасы тұрақты, өндірісі дамыған және инвестициялық жүйесі қалыптасқан елдер пайдаланады.Сонымен қатар шетелдік бағалы қағаздарға инвестиция салу – Қазақстанның сыртқы қаржы нарығындағы имиджіне де оң әсер етуі мүмкін. Бұл елдің сырттан қарыз алуына немесе ірі халықаралық келісімдер жасауына белгілі бір деңгейде тиімділік беруі ықтимал.
Дегенмен қордың ақшасы шетелдік компанияларға инвестицияланған кезде, іс жүзінде сол компаниялардың капиталын көбейтуге жұмыс істеуі мүмкін.Сондықтан сарапшының пікірінше, Ұлттық қор шетелдік қаржы институттарын байыту құралына айналмауы керек. Қордың қаражаты ең алдымен Қазақстандағы өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларға бағытталғаны дұрыс.Алайда бұл қаржының тікелей валюта нарығына шығарылмауы маңызды. Өйткені экономикаға тым көп ақша түсуі инфляцияның өсуіне әсер етеді. Яғни Ұлттық қор қаражаты ел экономикасын дамытуға жұмыс істеуі керек, бірақ сонымен бірге инфляцияны күшейтпеуі қажет.
Міне, Үкімет осының барлығын бақылап, реттей алғанда ғана біз қысылтаяңнан шығатын боламыз. «Сондықтан Бектенов үкіметіне алдағы уақытта Ұлттық қордың бюджетке алынуы тиіс белгіленген лимитін ылдым-жылдым ала бермей, осы мәселелерді нақты зерттегені абзал» деседі мамандар.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ