Сараптама

Жұмысын бастаған Құрылтай депутаттары не бітірді?

Тамызда Құрылтай сайлауы өтіп, бір палатадан тұратын жаңа заң шығарушы орган жасақталған болатын.

Құрылтай

Тамызда Құрылтай сайлауы өтіп, бір палатадан тұратын жаңа заң шығарушы орган жасақталған болатын. Жаңа депутаттар жұмысына білек сыбана кіріскелі екі аптадан аса уақыт өтті. Содан бері «халық қалаулылары» бірнеше отырыс өткізіп, өңірлерді аралап, тіпті «Таза Қазақстан» акциясына қатысып, көше тазалап үлгерді.

Дегенмен су жаңа Парламенттің қазірге дейінгі ең басты жұмысы – Үкіметті жасақтауға атсалысу болды. Бірақ мұндағы «атсалысты» деген сөзді ресми рәсім мен депутаттардың көңілі үшін ғана айтып отырмыз. Әйтпесе, әр комитет өздеріне қатысы бар министрдің кандидатурасына келісім берумен ғана шектелгенін көріп отырмыз. Мысалы, Әлеуметтік-мәдени даму комитеті – денсаулық министрінің, Аграрлық мәселелер комитеті – ауылшаруашылығы министрінің кандидатурасына «бірден келісті». Ешкім бұра тартып, «мына министр жарамайды, басқасын әкеліңдер» деген жоқ. Яғни Құрылтай Үкімет мүшелерін тағайындауға аса үлкен әсер ете алмады.

Депутаттар өздерінің негізгі жұмысы – заң шығару ісіне де әлі шындап кіріскен жоқ. Алғашқы отырысын асығыс-үсігіс 28 тамызда өткізіп тастаған Құрылтай мүшелері екінші жалпы отырысына араға 12 күн салып, 10 қыркүйекте ғана жиналды. Соған қарағанда, Құрылтайдың алғашқы сессиясын асығыс ашу – Конституцияға сай вице-президент пен премьер-министрді тағайындап, Үкіметті жасақтау үшін ғана қажет болған сияқты.

Құрылтайға 53 заң жобасы түсіпті, оның 50-ін қазір депутаттар қарап жатыр, үшеуі кері қайтарылған. Яғни Құрылтай қазірге дейін ешбір заң жобасын мақұлдаған жоқ. Сол үшін біз «депутаттар негізгі жұмысына әлі кіріспеді» деп отырмыз.

Қазір Құрылтайдың қарауында 50 заң жобасы жатқанын айттық. Оның арасында «Сот әкімшілігін жүргізу туралы», «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы», «Әкімшілік кодекске өзгеріс енгізу туралы», «Инвестициялық қорлар туралы», «Мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау туралы», «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» заң жобалары бар. Бірақ мұның бәрі бұрынғы Мәжіліс депутаттары қарап үлгермеген заңдар екен, соған қарағанда Құрылтайға әлі жаңа заң жобасы түспеген сияқты.

Құрылтай
Фото: Ақорда

Ескіні еске салатын жаңа регламент

Құрылтайдың 10 қыркүйектегі отырысында елдегі ең басты заң шығарушы органның регламенті қабылданды. Құжат 31 тарау мен 310 тармақтан тұрады. Регламент Құрылтай жұмысының ұйымдастырылуын, заң шығару процесі мен депутаттардың қызметін реттейді. Құжатты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Снежанна Имашева таныстырды. Жаңа ереже бұрынғы Парламент регламенті негізінде жасалғанын айта кеткен жөн.

Регламентке сай, Құрылтай сессиялары әр жылы қыркүйектің бірінші жұмыс күні ашылып, маусымның соңғы жұмыс күні аяқталады. Сессия аясында жалпы отырыс, Үкімет сағаты, Құрылтай тыңдауы, сондай-ақ комитеттер отырысы өтеді. Регламент бойынша Құрылтайдың жалпы отырысы – сәрсенбі немесе бейсенбі күні, Құрылтай тыңдаулары – жұма күні, Үкімет сағаты дүйсенбі күні өтеді. Отырысқа депутаттардың кемінде үштен екісі (97 адам) қатысса, заңды түрде өтті деп танылады.

Ең қызығы, заң жобалары үш оқылымда қаралады. Ал халықаралық шартты ратификациялау немесе денонсациялау туралы заңдар екі оқылымда қаралады. Бұрын қос палаталы Парламент кезінде заң жобасын Мәжіліс екі оқылымда, Сенат бір оқылымда қарайтын. Жалпы үш оқылым. Жаңа Құрылтай да заң жобаларын үш оқылымда қарайтынын айтып отырмыз. Бір палаталы Парламент құрыларда, билік басындағылар «Санат жойылған соң заң қабылдау жеделдейді» деп қуанған. Бірақ шын мәнінде заң жобасын қарап, мақұлдау барысы еш өзгермеген сияқты.

Журналистер Құрылтай Регламенті бойынша жұмыс тобының жетекшісі Снежанна Имашевадан осы мәселені сұраған. Депутаттың айтуынша, заң жобасын үш оқылымда қарау заңның қабылдану мерзімін ұзартпайды. Керісінше, заңның сапасын жақсартып, жан-жақты қарау үшін үш оқылым тәртібі енгізіліп отыр.

«Бірінші оқылымда заң жобасының мақсаты, міндеті, негізгі ережелері, сондай-ақ оны қабылдаудың ықтимал әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және өзге де салдары талқыланады. Бірінші оқылымнан кейін түзетулер егжей-тегжейлі пысықталады. Екінші оқылымда жұмыс тобына немесе бас комитетке енгізілген заң жобасына түзетулер қаралады. Үшінші оқылым Құрылтайдағы заң шығару рәсімін аяқтайды. Бұл кезеңде заң жобасының Қазақстан Республикасы Конституциясына және өзге де заңнамаларға сәйкес келетін-келмейтіні қаралады», – деді С.Имашева.

Парламенттік оппозиция. Регламентте Құрылтайдағы көпшілік пен оппозицияның мәртебесі туралы айтылған. Сайлауда көп дауыс алған партия – көпшілік, аз дауыс алған партия – оппозиция саналады. Демек, Құрылтайға өткен 5 партияның «Әділеттен» басқа төртеуі парламенттік оппозиция болады. Бірақ бұл оппозиция әлемде қалыптасқан оппозициядан өзгеше болады. Олар шетелдегідей Үкіметке, билік партиясына сын айтып, олардың кемшілігін бетіне басып отыруға міндетті емес. Яғни олар – билікпен бірдей ойлап, бірдей түс көретін оппозиция.

Оппозицияның бар міндеті – әр сессияда кемінде бір рет тыңдау өткізуге бастамашылық жасауға және кемінде екі рет Үкімет сағатының күн тәртібін айқындауға құқылы. Сондай-ақ тұрақты комитеттердің басшылығында оппозиция өкілдерінің болуы керек. Осы талапқа сай, Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің төрағасы қызметін «Ауыл» партиясының өкілі Серік Егізбаев атқарады.

Депутаттардың жауапкершілігі. Регламентке сай, себепсіз отырысқа қатыспаған, өз дауысын басқа депутатқа берген, сондай-ақ депутаттық әдеп қағидатын бұзған депутаттарға шара қолданылады. Мұндағы депутаттық әдеп деген талапқа баса мән берген жөн. Ол бойынша, депутат жалған, дәлелсіз ақпарат бермеуі қажет. Регламентте депутат сөзінің мазмұнына ғана емес, оны айту формасына да қатысты талап бар. «Халық қалаулысы» Құрылтай мінберінде ғана емес, сұхбат бергенде, түрлі іс-шараларға қатысқанда айтатын сөзіне абай болуы қажет. Өзге адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиетін мәлімдемелер жасамауы тиіс. Сондай-ақ сөз сөйлеп тұрған адамға негізсіз ескерту жасап, сын айтуға болмайды. Сарапшылар мұндай тыйымдар депутаттың еркіндігін шектеуі мүмкін деп қауіптенеді.

Айтпақшы, 2025 жылы қыркүйекте депутат Ардақ Назаров Мәжіліс мінберінен анасына құттықтау жолдап, айды аспанға шығарған. Құрылтай регламентіне осы мәселе еніпті. Енді Құрылтай отырысында, фракциялар мен жұмыс органдарының жиынында депутаттық өкілеттікке қатысы жоқ құттықтау, жеке мәлімдеме немесе басқа да үндеу жасауға болмайды. Әдеп нормасын бұзған депутат ескерту жасау, жиналыстан шығару, сөз сөйлеу құқығынан айыру, жалақысын қысқарту сияқты жазаға ұшырайды.

Премьер-министрге сұрақ қоюға болмайды. Регламентке сай, депутаттар премьер-министрге, Үкімет мүшелеріне, өзге де мемлекеттік орган басшылары мен өңір әкімдеріне сауал жолдай алады. Оған бір айдан аспайтын мерзімде жауап берілуі тиіс. Осы жерде бір қызық бар. Премьер-министр Үкіметтің атқарған жұмысы мен қабылдаған маңызды шешімдері туралы Құрылтайда баяндама жасаған соң депутаттар оны талқылай алмайды және премьер-министрге сұрақ қоя алмайды. Сарапшылар дәл осы талап билік өзі белгілеп отырған «ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына сай келмейді деп санайды. Жаңа Конституцияға сай, Құрылтай перзидент ұсынған кей кандидатураға екі мәрте келісім бермесе, президент оларды таратуға құқылы болатын. Енді осы талапқа премьерге сұрақ қоймау шарты қосылды. Мұның бәрі Құрылтайдың құзыретін шектей түсуі мүмкін.

Бірақ депутаттар премьер-министрге де, Үкіметтің өзге мүшелеріне де жазбаша сауал жолдай алады. Тіпті сауалға көңілі толмаса, министрлерді, мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік компаниялардың басшыларын Құрылтайға шақыра алады. Мұны оң өзгеріс деп бағалауға болады. Әйтпесе, Парламенттегі Үкімет сағатына мемлекеттік органдардың бірінші басшылары бармай, орынбасарын жұмсай салатын әдет қалыптасқан. Мысалы, қазіргі көлік министрі Нұрлан Сауранбаев ҚТЖ-ны басқарып тұрғанда депутаттар оны Мәжіліске шақыра алмай, әуреге түскені есімізде.

Тарихи сауал. 10 қыркүйекте өткен Құрылтай отырысында депутаттар әлеуметтік және экономикалық тақырыптар бойынша мемлекеттік органдарға 10 депутаттық сауал жолдады. Тарих үшін айта кетейік, Құрылтай тарихындағы алғашқы депутаттық сауалды «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжанов жолдады. Ол премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған сауалында 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына заң арқылы тыйым салуды ұсынды. Бірақ бұл ұсынысты депутат өз жанынан шығарды деуге келмейді. 26 тамыз күні өткен Тамыз конференциясында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дәл осындай ой айтқан болатын.

Сондай-ақ Екатерина Смышляева, Шахмардан Байманов, Асхат Рахимжанов, Жарқынбек Амантайұлы, Бақтыбек Бибаев, Мейірхат Қасымбаев, Сергей Пономарев, Ерлан Сайыр, Юрий Ли қатарлы депутаттар сауал жолдады.

Құрылтай
Фото: Ғалым Смағұлұлының карикатурасы

Журналистерді шектеу. Бұған дейін журналистердің Құрылтай ғимаратының дәлізінде депутаттарға сұрақ қоюына тыйым салынған болатын. Енді БАҚ өкілдері депутаттарды «қуып жүріп», сұрақ қоя алмайды. Құрылтай отырысын арнайы баспасөз бөлмесінде отырып көреді. Отырыс аяқталған соң баспасөз бөлмесіне заң жобасын дайындаған бірнеше депутат өзі келіп, журналистер сауалына жауап береді. Оның өзінде алдыға келген депутатты бас салып, басқа сұрақ қоюға болмайды, тек сол күні талқыланған, күн тәртібіндегі мәселеге қатысты ғана сұрақ қою қажет. Ал бұл талапты бұзған журналист аккредитациясынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ бұдан былай тілшілер Құрылтайдан алған ақпаратын тек өзі тіркелген БАҚ-та ғана жариялай алады, өзінің жеке парақшасына салуға болмайды.

10 қыркүйектегі Құрылтай отырысынан кейін өткен баспасөз брифингінде журналистер журналистерге енгізілген шектеулердің мәнін сұрады. Құрылтай төрағасының орынбасары әрі «Ақ жол» партиясының төрайымы Дәния Еспаева мұндай шектеуге тілшілердің «хайп» қууы себеп болды деген мәнде жауап береді. «Халыққа біз талқылаған нәрсені баяндағаныңыз қызықты болар деп ойлаймын. Әйтпесе, біз кімнің қандай аяқкиім кигенін немесе кімнің қандай сөмке ұстап жүргенін талқыламаймыз ғой. Ондайлар көбіне хайп нәрселер», – деді вице-спикер.

Қысқасы, журналистер депутаттарға сұрақ қоя алмайды, ал депутаттардың өзі премьер-министрге сұрақ қоя алмайды. Жаңа Конституция мен Құрылтайдың жаңа регламенті жаңа шығарушы органның өзі мен төртінші билік өкілдеріне ғана тиімсіз болып тұрған сияқты.

Қуаныш ҚАППАС

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз