Сараптама

Bayraktar зауытында тәлім алған қазақ QAZAQ AIR-мен неге соттасып жүр?

QAZAQ AIR әуе компаниясының механигі Бақытберген Тұрлыбеков биыл наурызда Астана әуежайындағы ангарда ұшаққа техникалық қызмет көрсету кезінде биіктен құлап, ауыр жарақат алған.

Бақытберген Тұрлыбеков

Бас сүйегінің шамамен 7 сантиметр бөлігі алынған, қолы мен иығы сынған. Арада алты айдан астам уақыт өтсе де, денсаулығы толық қалпына келмеген. Тексеру жүргізген еңбек инспекторы QAZAQ AIR-ды 100 пайыз кінәлі деп тапқан. Қазір Бақытберген QAZAQ AIR-дың өзіне тиісті көмекті дұрыс бермей отырғанын айтады. Бұдан бөлек оған шетелде тағы бір күрделі операция жасату қажет. Оның құны шамамен 75 млн теңге. Қазір ол компаниядан отаға қажет осы соманы даулап жатыр. Бақытбергеннің айтуынша, бірнеше рет дау-дамайсыз келісімге келуге тырысқан. Алайда компания өкілдері оны мазақ еткендей шығарып салған көрінеді. Осыдан кейін Тұрлыбеков заңгер жалдап, мәселені сотпен шешуге көшкен. Бірақ оның айтуынша, оқиғадан бері бірнеше ай өтсе де, іс әлі сот талқылауына жетпеген. Ал Бақытберген үшін уақыттың әр күні маңызды, сот пен тергеу созылған сайын, денсаулығына қажет күрделі операция да кейінге қалып барады.

Бақытберген Тұрлыбеков
Сол жақтан санағанлнда бірінші тұрған – Бақытберген Тұрлыбеков

Оқиға қалай болды?

Авиация саласында 15 жыл жұмыс істеген, Түркия, Беларусь және Грузияда кәсіби білімін жетілдірген, майор шені бар Бақытберген Тұрлыбековтің өмірі биыл 3 наурызда күрт өзгерді. QAZAQ AIR механигі Астана әуежайындағы ангарда ұшаққа техникалық қызмет көрсету кезінде биіктен құлап, ауыр жарақат алған. Бас сүйегінің бір бөлігі алынып, иығы мен қолы сынған. Енді оған шетелде күрделі ота қажет.

«Мен авиация саласында 15 жылдан бері жұмыс істеймін. Оның ішінде 10 жыл бойы әскери әуе саласында жүрдім, 5 жыл әуе зауытында инженер болдым. Кейінгі 1 жыл 6 алтайда QAZAQ AIR-да механикпін. 2026 жылдың үшінші наурызында еңбек қауіпсіздігі сақталмағандықтан, жарақат алдым. Еңбек министрлігі келіп тексерді. Олар бізге ешқандай сақтандыру арқаны берілмегенін, биікте жұмыс істеу бойынша үйрету сабағы өткізілмегенін, сақтандыру талаптары бұзылғанын анықтады. QAZAQ AIR-дың өзі де ішкі тексеріс жүргізді. Олар 80 пайыз компания кінәлі, 20 пайыз мені кінәлі деп жазып берген. Бірақ мен онымен келіспеймін. Тіпті еңбек министрлігі де келіспеген. Олардың өкілі компания тексерген ішкі тексерістің қорытындысының соңына қаламмен «келіспеймін, 100 пайыз компания кінәлі» деп жазып қойған», – дейді Бақытберген Тұрлыбеков.

 Бақытберген Тұрлыбеков
Бақытберген Тұрлыбеков лсындай сақтандырулар болу керек еді деп есептейді

QAZAQ AIR механигі жоғарыдағы құрылғыда адамды құлап кетуден сақтайтын темірлер де болмағанын айтады. Ол құлаған кезде жедел жәрдеммен ауруханаға бірден түскен. Енді арада ұзақ уақыт өткесін де басына ота жасату қажет. Оған еліміздегі мамандар кепілдік бермеген көрінеді. Сондықтан Бақытберген шипаны шетелден іздеуге мәжбүр болған. Ал Түркия, Германия, Оңтүстік Кореядағы білікті дәрігерлер қомақты қаражат қажет екенін айтқан. Қазіргі күнде QAZAQ AIR механигінің де басты мақсаты – еміне жұмсалатын ақшаны компаниядан өндіріп алу.

«Ауруханада басымнан 7 сантиметр сүйекті алып тастады. Иығым, қолым сынды. Содан бері үйдемін. Басым айнала береді, жұмысқа жарамсыз болып қалдым. QAZAQ AIR тарапынан айтарлықтай көмек болмай жатыр. Оңалтуға да қаржы бермеді. Өзім несие алып, әріптестерім ақша жинап өтіп жүрмін. Әлі де жағдайым онша емес. Мен оңалтудан кейін сауығып кететін шығармын дегенмін. Өкінішке қарай, олай болмады. Бойымда әлсіздік бар, мысалы, телефонымды бір жерге қойсам, қайда қойғанымды ұмытып қала беремін. Ойымды жеткізіп айта алмаймын. Бір құлағым дұрыс естімей қалған. Көзімнің көруі нашарлады. Жаңбыр жауса, күн ысып кетсе, басым қатты ауырады. QAZAQ AIR-дың жағдайыма алаңдайтынына күмәнім бар. Бірнеше рет оларға жаздым. Кері байланыс болмады», – дейді Бақытберген.

Бақытберген Тұрлыбеков
Бақытберген Тұрлыбековтың Түркияда Bayraktar зауытында тәлім алған кезі

«Өмірім 180 градусқа өзгерді»

Бақытберген ағылшын, түрік, орыс тілінде еркін сөйлейді. 3 баланың әкесі. Авиация саласында шетелден білім алған. Түркияда Bayraktar зауытында, Беларусьтің Баранович қаласында Су-25 және Су-30, ал Грузияда Су-30 және Су-27 ұшақтары бойынша оқу бағдарламаларынан өткен.

«Үнемі оқып, біліктілігімді арттырып жүрдім. Бірақ жұмыста болған осы жазатайым оқиға өмірімді 180 градусқа өзгертіп жіберді. Қазір азық-түлік жағынан туыстарым көмектесіп жатыр. Қаржы жағынан қиналып қалдық. Компания «больничный» төлеп отыр, толық емес, 80 пайызын ғана. Кейде арасында төлемей қояды. Министрлікке жазып жүріп төлеттік. Моральдық өтемақы талап етпеймін, тек отаның ақысын төлеп берсе болды. Басқа ештеңе сұрамаймын. Денсаулығыма да алаңдаймын, бәлкім, бұрынғыдай болмайтын шығар. Енді заңгермен бірге жұмыс істеп жатырмын. Біз компанияны сотқа бердік. Бірнеше ай өтті, іс сотқа әлі өтпеді. Келісейік деп QAZAQ AIR өкілдерімен бірнеше рет кездестік, басқарма төрағасы Өмірәлиевпен де сөйлестік. Сосын техникалық директор бар – Амра Кәрім деген. Сол негізі техникалық қауіпсіздікке жауап беретін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де осы екі қызметкерді кінәлі деп тапқан.

Жұбайым компанияның кеңсесіне арнайы барған. Мәселені талқылау үшін комиссия мүшелері жиналған. Жұбайым дауды қаламайтынымызды айтқан. Олар әйелімді мазақ қылғандай шығарып салған, ол үйге жылап келді», – дейді QAZAQ AIR механигі.

Qazaq Air
Фото: ашық дереккөз

QAZAQ AIR не дейді?

Бақытбергеннің сөзінен соң «Жас Алаш» QAZAQ AIR АҚ-ға бірнеше сауал жолдады. Компания 2026 жылғы 3 наурызда еңбек міндеттерін атқару кезінде осындай оқиға орын алғанын растады. Компанияның бізге берген мәліметінше, QAZAQ AIR заңнамада белгіленген тәртіппен уәкілетті мемлекеттік органдарды дереу хабардар етіп, олармен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Бұдан бөлек Бақытбергенге көмек те беріліп келеді екен.

«Компания бүгінге дейін қызметкерге орташа айлық жалақысы мөлшерінде ай сайынғы төлемдерді үздіксіз төлеп келеді. Қызметкер еңбек міндеттерін атқару кезіндегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырумен қамтылған, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне тіркелген, сондай-ақ жұмыс беруші тарапынан қосымша бастама ретінде ұсынылған ерікті сақтандыру бағдарламасымен де қамтылған – бұл қызметкерге қосымша материалдық қолдау алуға мүмкіндік береді», – дейді басқарма төрағасы Әділбек Өмірәлиев.

Сонымен бірге компания редакция жолдаған кей сауалдарға жауап бере алмайтынын да мәлімдеді. Себебі кейбір мәліметтерді жария етуге Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары мүмкіндік бермейді.

«Заңнама сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерінің, дербес деректердің, сондай-ақ медиация рәсімі мен өзге де құпия келіссөздер аясында алынған ақпараттың құпиялылығын сақтауды міндеттейді. Мұндай мәліметтерді заңда көзделген негіздер мен тиісті келісімдерсіз жария ету заңнамада белгіленген жауапкершілікке алып келуі мүмкін. Сол себепті компания жүргізіліп жатқан тергеп-тексеру материалдарына, қызметкердің жеке мәліметтеріне, сондай-ақ тараптар арасындағы келіссөздер мен ұсыныстардың мазмұнына қатысты жария пікір білдіре алмайды», – деп жауап берді басқарма төрағасы.

Qazaq Air
Фото: Vietjet

QAZAQ AIR қандай компания?

QAZAQ AIR-дың өз тарихы да кейінгі жылдары үлкен өзгеріске ұшырады. Компания құрылғаннан кейін ұзақ уақыт «Самұрық-Қазынаға» толық тиесілі болды. 2025 жылғы 6 мамырда QAZAQ AIR-ды жекешелендіру процесі аяқталып, акционерлер құрамы өзгерді. Қазір «Самұрық-Қазына» компанияның 49 пайыз акциясын сақтап қалды. Тағы 49 пайыз Central Asia Aviation Holdings Limited-ке тиесілі, ол Вьетнамның Sovico Group құрамына кіреді. Қалған 2 пайыз Kazasia Holdings Limited иелігінде. Сол күні QAZAQ AIR мен Vietjet стратегиялық әріптестік жариялап, Vietjet Qazaqstan брендін іске қосты. «Самұрық-Қазына» қаржылық есебіндегі мәлімет бойынша QAZAQ AIR-дың 51 пайыз акциясы 1,02 млрд теңгеге сатылған. Мәміледен кейін қор компаниядағы бақылаудан айырылғанымен, инвесторларға компанияның қарызын өтеу және әуе паркін кеңейту жөнінде де міндеттемелер жүктелген. Компанияның қаржылық көрсеткіштері де құбылып отырған. 2023 жылы QAZAQ AIR 7,6 млрд теңге таза шығын көрсеткен. 2024 жылы қаржылық есеп бойынша 3,9 млрд теңге таза пайдаға шықты. Алайда сол жылғы пайдаға компанияның қарыздарын қайта құрылымдау әсер еткен, ал негізгі операциялық қызметі әлі де шығында болған.

Ал 2025 жылдың қорытындысында QAZAQ AIR қайтадан шығынға батты. Компанияның жылдық есебін талдаған Kursiv мәліметінше, таза шығын 833,3 млн теңге. Соған қарамастан, компанияның ақша айналымы 2024 жылғы 21,1 млрд теңгеден 24 млрд теңгеге өскен. 2025 жылдың соңындағы жинақталған шығын 10,8 млрд теңгені құраған.

Сол қаржылық есепте тағы бір қызық көрсеткіш – компанияның әкімшілік шығыны 2024 жылғы 1,03 млрд теңгеден 2025 жылы 1,5 млрд теңгеге дейін өскен. Жоғары басшылыққа төленген сыйақы да 108,2 млн теңгеден 197,4 млн теңгеге артқан.

P.S. Айтпақшы, бұл дау компанияға қатысты алғашқы еңбек дауы емес. 2025 жыл компания пилоттары да басшылыққа ұжымдық үндеу жасап, түнгі рейстер үшін төлем жүйесін қайта қарауды және командирлер мен екінші пилоттардың жалақысын көтеруді талап еткен. Көлік министрлігі компанияға бұл өтінішті заң талаптарына сәйкес қарауды тапсырған.

Редакция Бас прокуратура мен «Самұрық-Қазына» АҚ-ға сауал жолдаған еді. Көп өтпей, Бас көлік прокуратурасы:«Оқиға наурызда болғанымен мұндай істер ұзақ тергеледі. Бұған түпкілікті жауап беріледі. Іс әлі өндірісте, бізге түскен жоқ. Олар сотқа өткенде ғана прокуратураға түседі. Әзірге сіздерге жедел жауап беріп, түсіндіріп жатырмыз», – деп жауап берді.

Ал «Самұрық-Қазынадан» мақала дайын болғанша жауап келген жоқ.

Тұрсынбек БАШАР

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз