Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:39, 19 Қаңтар 2024

Африка мен Таяу Шығысқа Қазақстан бітімгерлік күштерін жібереді: әскерилерге ай сайын қанша төленеді

БҰҰ
Фото: из открытых источников

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов қазақстандық әскери қызметшілер БҰҰ бітімгершілік миссияларына қашан аттанатынын және оларға қанша жалақы төленетінін айтты, деп хабарлайды Zhasalash.kz.

Оның айтуынша, әскерилерге жалақыны БҰҰ төлейді. Ал әскери техниканы тасымалдауға қажет қаражат мемлекеттік бюджеттен бөлінеді. 

"Бітімгершілік миссияларына қатысатын әрбір әскери қызметшіге ай сайын мың доллардан астам жалақы төленеді. Оқ-дәрі мен техниканы тасымалдауға мемлекеттік бюджеттен 8 млн долларға жуық қаражат бөлінеді", – деді Жақсылықов парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін.

Министрдің айтуынша, Қазақстанның бітімгерлік күштері наурыз айының басында бір жыл мерзімге жіберіледі. Жақсылықов Қарулы күштердің құрамында төрт өңірлік қолбасшылық барын және олардың арасында бір жыл бойы іріктеу жүргізілетінін атап өтті. Іріктілген үздіктерден миссияға аттанатын рота жасақталады.

Жалпы Қазақстан 1991 жылдан бастап бітімгерлік миссияларына қатысуда. Тәжікстандағы азамат соғысы тұсында да мыңдаған жауынгер қатысты. Өкінішке орай қаза тапқан сарбаздар да бар. Артынша Ирак соғысында Қазақстанның бітімгерлік күштері миллиондаған жарылғыш затты жою міндеттерін атқарды.

Бітімгерлік күштерінің негізгі мақсаты қақтығысушы тараптар арасындағы ұрысты болдырмау келісімінің сақталуын қадағалау, сонымен бірге гуманитарлық мақсаттағы миссияларды іске асыру болып табылады. Бүгінгі отырыста Қазақстан Судан, Оңтүстік Судан, Палестина-Израиль шекарасы, Израиль-Сирия шекарасы маңына бітімгерлік күштерін жіберуді мақұлдаған. Жалпы жиыны 430 жауынгер аттануы мүмкін. Бітімгерлік миссиясы көктемге басталады деп жоспарлануда.