Оқиғалар

Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған үш жаңа жоба іске қосылды

Қазақстанда агроөнеркәсіп кешенін жаңғыртуға бағытталған халықаралық ынтымақтастық жаңа кезеңге өтті.

1

Ауыл шаруашылығы министрлігі мен БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) бірлесіп саланы дамытуға арналған үш стратегиялық жобаны іске қосты. Бастамалар ауыл шаруашылығына заманауи технологияларды енгізуге, ғылыми әлеуетті күшейтуге және аграрлық өндірістің тиімділігін арттыруға бағытталған.

Жобалардың бірі жер ресурстарын тиімді басқаруға арналған топырақтың органикалық көміртегін бақылаудың ұлттық жүйесін қалыптастыруды көздейді. Бұл жер құнарлылығын сақтап, тұрақты егіншілікті дамытуға мүмкіндік береді.

Екінші жоба ауыл шаруашылығындағы зиянкестердің таралуын бақылауға арналды. Онда жасанды интеллект пен ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану арқылы шегірткелердің таралуын ерте анықтап, нақты болжам жасау көзделген.

Үшінші бағыт отандық селекция мен тұқым шаруашылығын дамытуға арналған. Жоба аясында қазақстандық ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сұрыптарын қолдау, өсімдіктердің генетикалық қорын сақтау және ұлттық брендке айналған Алматы апортын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.

Мамандардың пікірінше, бұл жобалар халықаралық тәжірибені қазақстандық ғылыми әлеуетпен ұштастырып, агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, цифрландыруды жеделдетуге және климаттық өзгерістерге бейім тұрақты ауыл шаруашылығын дамытуға жаңа мүмкіндік береді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз