Ахатов үйлердің құлағанын күтіп отыр ма?
Қызылорда қаласы жанындағы Тасбөгет кентіндегі екі қабатты үйлердің тұрғындары өз өміріне алаңдап отыр.
Әлия Молдағұлова көшесіндегі апатты деп танылған екі үй 1989 жылы салынған. Әрбір үй 16-18 пәтерге есептелген. 2020 жылы жүргізілген сараптама қорытындысы бойынша бұл үйлер қауіпті болғандықтан, бірнеше жыл бұрын тұрғындардың көпшілігі жаңа пәтер алып, көшіп кеткен. Дегенмен әлі де осы үйде тұрып жатқан төрт отбасы баспана алу кезегінің келмеуіне байланысты көшіп кете алмай отыр.
№2 үйде қалған төрт отбасының бүгінгі күйі күй емес, амалсыздан осындай жағдайда өмір сүруге мәжбүр. Осы үйдің тұрғыны Жауһар апай, бұл үйде отбасымен жиырма жылдан бері тұрып келеді. Соңғы жылдары пәтердің ылғалдылығынан, сыз жерге жиналған масалардың көптігінен мезі болған. Жертөлесі суға толы үйде тұру мүмкін емес дейді. Санаулы ғана тұрғындары бар апатты үйдің жартысынан астамы бос тұрғандықтан, бұл үй нашақорлар мен маскүнемдердің де панасына айналған.
«Ылғал мен суықтан балаларым жиі ауырады, бүйрек ауруына шалдықтық. Осындай жағдайда өмір сүріп жатырмыз, үйдің жартысы бос тұрғасын пәтерлердің терезелері сынған. Қыс түскенше бізді жаңа үйлерге көшіруді сұрап отырмыз, бірақ әзірге жауап жоқ. «Балаларымыз үшін де алаңдаймыз, үйдің газ құбырларының жарылып кету қаупі бар. Біз қазір жарылғыш заттың үстінде отырғандай сезінеміз», – дейді ол.
Осы үйге көрші №3 үйдің тұрғындарының да өз қиындықтары бар. Олардың да үйлері қауіпті деп танылған, бірақ олар әлі жаңа пәтер алмаған.
«Біз балаларымыз үшін алаңдаймыз. Балаларды мектептен өзіміз алып келуге мәжбүрміз, өйткені көрші үйде тұрақты мекенжайы жоқ адамдар жиналады. Біз қауіпті жерде тұрамыз», – дейді 73 жастағы Әсем Урмашева.
Тұрғындар бірнеше рет қала және облыс әкімдігіне жүгінген екен, бірақ әзірге нәтиже жоқ.
Қызылорда қаласы әкімдігі тұрғындардың мәселесінен хабардар екендерін айтты. Әкімдіктің мәліметінше, Ә.Молдағұлова көшесіндегі №2 үйдің тұрғындары «Құрылыс Экспертиз» ЖШС-ға жүгініп, 2020 жылдың 27 ақпанында жүргізілген сараптама нәтижесі бойынша үй қауіпті деп танылған. 2022-2023 жылдары бұл үйдің көптеген тұрғынына жаңа пәтер берілді. Алайда кейбір тұрғындар құжаттарын уақытылы рәсімдемегендіктен, жаңа пәтерлерге көшірілмей қалған. Қазіргі уақытта 135 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр, сол аяқталған соң кезек бойынша пәтерлер беріледі», – деп жауап берді әкімдік.
Тасбөгеттік тұрғындардың бұл уәдені естіп келе жатқанына аз болған жоқ. Құжатты уақытылы рәсімдемегені – тек сылтау ғана. Ертең қирағалы тұрған үйдегі адамдарды құжатқа бола жаңа үйге көшірмей отыр. Егер тура бүгін үй қирап, жазым іс болса, кім кәнілі болады? Біздіңше, құлағалы тұрған бұл екі үйдегі адамдарды қауіпсіз жерге көшіріп, сосын барып, құжатын жасатса да ештеңе өзгере де, бұзыла да қоймас еді. Халық өзі үшін-ақ жүгіріп жүріп, құжат жасатады.
Әлде Ахатов бұл екі үйдің құлағанын күтіп отыр ма?
Нұрбек Дәуренбеков
Қызылорда қаласы