Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты психиатриялық сараптаманың алғашқы қорытындысы белгілі болды
Прокуратура өкілдері Жангельдина ауылында қаза тапқан отбасы ісіне байланысты Ақбаян Мұқанғалиеваның жағдайы туралы ресми ақпарат таратты.
Қадағалау органының мәліметінше, ол Алматы қаласында кешенді психологиялық-психиатриялық сараптамадан өткен. Мамандардың қорытындысы бойынша, оған қосымша бақылау жүргізу және қосымша диагностика қажет екені көрсетілген.
Сонымен қатар, 2025 жылғы 27 сәуірде Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты «кісі өлтіру» бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс тоқтатылғаны белгілі болды. Тергеу оның әрекеттерінде қылмыс құрамының жоқ екенін анықтаған.
Алайда іс материалдарынан «қылмыс туралы хабарламау» бабы бойынша жеке өндіріс бөлінген. Бұл эпизод бойынша түпкілікті құқықтық баға әлі берілген жоқ.
Прокуратураның хабарлауынша, қазіргі уақытта оның бұл іс бойынша ешқандай бұлтартпау шарасы қолданылмаған.