Ақмола облысында жоғалып кеткен «Қазгидромет» қызметкері бір айдан бері іздестіріліп жатыр
Ақмола облысында «Қазгидромет» қызметкерінің жоғалып кеткеніне бір айға жуық уақыт өтсе де, оның қайда екені әлі белгісіз.
Алдын ала мәліметке сәйкес, ер адам 5 сәуір күні Астрахан ауданына қарасты Старый Колутон ауылында із-түзсіз жоғалып кеткен. Оны іздестіруге төтенше жағдайлар қызметі, полиция, жергілікті атқарушы органдар және еріктілер жұмылдырылған.
Іздеу жұмыстары барысында сүңгуірлер тобы тартылғанымен, әзірге нәтиже болмаған. Ақмола облыстық ТЖД мәліметінше, қазіргі уақытта белсенді іздестіру шаралары тоқтатылған.
Сонымен қатар, өңірлік полиция департаменті бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. Құқық қорғау органдарының айтуынша, ер адам үйінен шығып кеткеннен кейін қайта оралмаған, ал полицияға оның ағасы жүгінген.
Қазіргі таңда жоғалып кеткен азаматтың орналасқан жерін анықтауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жалғасуда.
Тергеу барысы бақылауда.