АҚШ Иранның байытылған уранын басып алу операциясын дайындап жатыр
АҚШ арнайы қызметтері Иранның жақсы қорғалған ядролық нысандарында сақталған байытылған уранды қолға түсіруге бағытталған, «әскери тарихтағы ең күрделі операциялардың бірін» әзірлеп жатыр.
Бұл туралы New York Post басылымы хабарлады.
Басылымға пікір білдірген америкалық шенеуніктердің бірі қазіргі келіссөздердің жақын арада нәтиже бермейтінін айтып, мәселені шешудің ең ықтимал жолы әскери операция болуы мүмкін екенін жеткізген.
АҚШ-тың Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының (CSIS) директор орынбасары Джозеф Роджерстің айтуынша, Иранның қазіргі қолындағы ядролық материалдардан құтылудың ең ықтимал жолы – әскери операция. Өйткені жақын арада келіссөздерден нәтиже шықпайды.
Мыңдаған әскер қатысуы мүмкін
Басылымның мәліметінше, жоспар бойынша мыңдаған құрлық әскері Иранның ядролық нысандарына шабуыл жасап, миналанған аумақтарды тазалайды. Операцияға инженерлік бөлімшелер тартылып, нысандардың айналасында ауқымды қорғаныс белдеуі құрылады.
Дереккөздердің айтуынша, арнайы жасақтың негізгі міндеті – байытылған уранды қауіпсіз түрде шығарып әкету. Бұл әскери сарапшылардың бағалауынша, «әскери тарихтағы ең күрделі операциялардың бірі» болуы мүмкін.
Фордо мен Исфахан негізгі нысандар ретінде аталды
Жоспар Ирандағы Фордо және Исфахан ядролық кешендерінен байытылған уранды алып шығуды көздейді. Бұл үшін арнайы жасақ қираған құрылыстардың арасынан ядролық материалдарды іздеп, шығарады. Дереккөздер мұндай операцияны «аса қауіпті» деп сипаттаған.
Джозеф Роджерстің сөзінше, Иран армиясы айтарлықтай әлсірегенімен, мұндай операция бәрібір өте қиын болады.
Иран қорғанысын күшейтіп жатыр
New York Post мәліметінше, Иран соңғы апталарда ықтимал шабуылға дайындықты күшейткен. Әсіресе Исфахандағы қатаң күзетілетін ядролық нысанның туннельдері миналанып, түрлі жарылғыш тұзақтар орнатылған.
Бұған дейін CNN де Исфахан кешеніндегі туннельдерге миналар мен жарылғыш заттар қойылғанын хабарлаған болатын.
Сонымен қатар, жаңа ықтимал нысана ретінде Пикакс тауы аталып отыр. Бұған дейін онда Натанздағы уран байыту кешенінен жүздеген ядролық центрифуга көшірілгені туралы ақпарат тараған.
МАГАТЭ-нің 2025 жылғы мәліметіне сәйкес, Иранның қолында 9 тоннадан астам байытылған уран болған.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға жасалып келген әуе соққыларын тоқтатуға бұйрық бергені хабарланған.