АҚШ өкілдері Иранмен келіссөз үшін Пәкістанға ұшпақ — Тегеран оны жоққа шығарды
АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф пен Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер 25 сәуір, сенбі күні таңертең Исламабад қаласына Иран өкілдерімен келіссөз жүргізу үшін ұшпақ. Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз хатшысы мәлімдеді.
Оның айтуынша, келіссөздер пәкістандық тараптың арағайындығымен өтпек. Ақ үй Иран делегациясы бұл кездесуді өздері сұрағанын алға тартады.
Сонымен қатар, бұған дейінгі келіссөздерге қатысқан АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс бұл жолы Исламабадқа бармайтыны белгілі болды. Ақ үй қажет болған жағдайда кез келген өкілді жіберуге дайын екенін мәлімдеген.
Бұған дейін CNN дереккөздерге сүйеніп, Вэнстің бұл кездесуге қатыспайтынын, себебі Иран жағынан парламент спикері Мохаммад Багер Галибаф келмейді деп хабарлаған. Ақ үй оны ирандық делегацияның негізгі өкілі ретінде қарастырады. Алайда оның келіссөздерден шеттетілгені туралы ақпаратты Иранның IRNA жоққа шығарды.
Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Пәкістанға, Оманға және Ресейге сапарға шығатынын мәлімдеді. Ол Исламабадқа 24 сәуір кешінде жетуді жоспарлап отыр. Министрдің айтуынша, бұл сапарлардың мақсаты – серіктестермен екіжақты ынтымақтастықты талқылау және аймақтағы жағдайды үйлестіру.
Алайда Аракчи АҚШ өкілдерімен кездесу туралы ештеңе айтпаған. Керісінше, IRNA агенттігінің хабарлауынша, Вашингтонмен жаңа келіссөздер жоспарланбаған.
Кейін Иран СІМ ресми өкілі Эсмаил Багаи Тегеранның АҚШ-пен келіссөз жүргізу жоспары жоқ екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, Иранның ұстанымы Пәкістан тарапына жеткізіледі.