АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыста бітім мерзімі тағы ұзартылды
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен соғыстағы бітім мерзімі ұзартылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл бітім Тегеран «біртұтас ұсыныс әзірлегенге дейін» және келіссөздер аяқталғанша күшінде болады.
АҚШ президенті 22 сәуірге қараған түні, 8 сәуірде қол жеткізілген атысты тоқтату келісімінің мерзімі аяқталуға тиіс кезде, Иранмен соғыстағы бітім «Пәкістан үкіметінің өтінішімен» ұзартылғанын айтты.
Трамптың сөзінше, Иран билігінде «айтарлықтай алауыздық» бар, бұл күтілген жағдай. Осыған байланысты, сондай-ақ Пәкістан қарулы күштерінің басшысы Асым Мунир мен премьер-министр Шахбаз Шарифтің өтініші бойынша, олардың өкілдері ортақ ұсыныс әзірлегенге дейін Иранға шабуылды тоқтата тұру сұралған.
АҚШ президенті атысты тоқтату режимі «ұсыныс дайындалып, келіссөздер қалай болғанда да аяқталғанға дейін» сақталатынын айтты. Сонымен қатар, ол АҚШ армиясына Ормуз бұғазындағы блокаданы жалғастыруды және «басқа барлық бағыттар бойынша жауынгерлік дайындықты сақтауды» тапсырғанын атап өтті.
Бұл мәлімдемеден шамамен бір сағат бұрын Иранның Tasnim агенттігі Жоғарғы көшбасшы Моджтаба Хаменеи келіссөздерді жалғастыруға рұқсат бергеніне қарамастан, Тегеран 22 сәуірде Исламабадта өтуі тиіс келіссөздердің екінші кезеңіне қатысудан толық бас тартқанын хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, Иран өкілдері бұл шешімді Пәкістандағы делдал арқылы АҚШ-қа жеткізген. Тегеранның пікірінше, келіссөздерге қатысу «уақытты босқа өткізу» болар еді, өйткені АҚШ «шектен тыс талаптар қойып отыр» және «ақылға қонымды келісімге келуге кедергі келтіруде».
Бұған қоса, Axios порталының журналисі Барак Равид дереккөзге сілтеме жасап, АҚШ вице-президенті Джеймс Дэвид Вэнстің Исламабадқа сапары белгісіз мерзімге шегерілгенін хабарлады. Ақ үй бұл ақпаратты растады.