Әлеумет

Қазақстан Азия даму банкінен 3,4 млрд юань қарыз алады: Құрылтай келісімді мақұлдады

Құрылтай депутаттары Қазақстанның Азия даму банкінен 3,4 миллиард қытай юані көлемінде қарыз алуын көздейтін заң жобасын екі оқылымда қабылдады.

Азия даму банкі

Қаражат әлеуметтік саясат, көлік инфрақұрылымы, өнеркәсіп және білім беру салаларындағы мемлекеттік шығыстарды қаржыландыруға бағытталады, деп хабарлайды Жас Алаш Vlast.kz басылымына сілтеме жасап.

Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, Қазақстан Республикасы мен Азия даму банкі арасындағы "Фискалдық басқару және қаржы секторын реформалау бағдарламасы – 2-кіші бағдарлама" бойынша қарыз келісіміне 2026 жылғы 11 қыркүйекте қол қойылған. Бұл келісім 13 тамыздағы президент жарлығына сәйкес жасалған.

Қарыз 15 жылға беріледі. Оның ішінде алғашқы үш жыл жеңілдік кезеңі болып есептеледі. Қарызға қызмет көрсету және оны өтеу республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады.

Тартылған қаражат республикалық бюджетке түсіп, әлеуметтік сала, көлік инфрақұрылымы, өнеркәсіп және білім беру бағыттарындағы басым мемлекеттік шығыстарды қаржыландыруға жұмсалады.

Қазақстан биыл сыртқы нарықтан 1,6 трлн теңге қарыз алуды жоспарлаған

Депутаттардың сұрақтарына жауап берген Мәди Такиев 2026 жылғы республикалық бюджет тапшылығы 4,6 трлн теңгені немесе жалпы ішкі өнімнің 2,5 пайызын құрайтынын айтты.

Биыл Үкімет сыртқы қаржы нарықтарынан 1,6 трлн теңге немесе шамамен 3,5 млрд доллар тартуды жоспарлап отыр.

Жыл басынан бері Қазақстан халықаралық қаржы ұйымдарынан 1 млрд доллар қарыз алған. Сондай-ақ Қытай нарығында Panda Bonds облигацияларын орналастыру арқылы 1,5 млрд доллар тартқан.

Жыл соңына дейін тағы 1,5 млрд доллар алу көзделген. Оның 500 млн доллары Азия даму банкінің қарызы есебінен қамтамасыз етілмек.

Министрдің айтуынша, Азия даму банкі қарыз қаражатының пайдаланылуына бақылау және мониторинг жүргізеді.

Неліктен қарыз қытай юанімен алынады?

Депутаттар Үкіметтің бұған дейін жапон иенасымен қарыз алып келгенін еске салып, бұл жолы неге қытай юанін таңдағанын сұрады.

Мәди Такиев Қаржы министрлігі халықаралық қаржы нарықтарындағы жағдайды тұрақты талдап, қарыз алу шарттарын салыстырып отыратынын түсіндірді.

Оның айтуынша, былтыр Қазақстан еурооблигациялар орналастыру арқылы жылдық 4,4 пайыздық мөлшерлемемен 2,5 млрд доллар тартқан.

Алайда қазір пайыздық мөлшерлемелердің өсуіне байланысты доллар және еуромен қарыз алу бұрынғыдай тиімді емес.

Осындай жағдай 2026 жылдың екінші жартысында Жапония банкі ақша-кредит саясатын қатаңдатқаннан кейін жапон қаржы нарығында да қалыптасқан.

"Сондықтан қытай юанімен қарыз алуға көштік. Қазір бұл нарық сегменті қомақты қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді. Мөлшерлеме тұрақты, валюта бағамдары да салыстырмалы түрде тұрақты", – деді Такиев.

Қаржы министрлігінің есебінше, егер Қазақстан осындай көлемдегі қаражатты ішкі нарықтан қарызға алса, оған қызмет көрсету шығындары 400 млрд теңгеден асар еді.

Ал Азия даму банкінен қарыз алған жағдайда, министрдің айтуынша, бұл шығын 34 млрд теңгені құрайды.

Қарызды рәсімдеу кешіксе, қосымша комиссия төленуі мүмкін

Депутаттар келісімді рәсімдеу мерзіміне де назар аударды.

Құжат шарттарына сәйкес, келісімге қол қойылғаннан кейін 60 күн өткен соң Қазақстан резервте тұрған қарыз сомасына жылдық 0,15 пайыз мөлшерінде комиссия төлеуге міндетті.

Келісімге 11 қыркүйекте қол қойылғандықтан, комиссия 10 қарашадан бастап есептеле бастайды.

Осыған байланысты депутаттар Үкімет қосымша шығынға ұшырамау үшін барлық қажетті рәсімді белгіленген мерзімге дейін аяқтап үлгере ме деп сұрады.

Мәди Такиев министрліктің банкпен тұрақты байланыста екенін және қаражаттың резервке қойылғанын жеткізді.

"Егер заң жобасы мақұлданса, 10 қарашаға дейін үлгереміз деп ойлаймын", – деді министр.

Қазақстанның мемлекеттік қарызы 38,8 трлн теңгеге жеткен

Отырыста депутаттар мемлекеттік қарыздың тұрақтылығы мен жаңа сыртқы қарыздардан туындайтын тәуекелдер мәселесін де көтерді.

Қаржы министрінің мәліметінше, Қазақстанның қазіргі мемлекеттік қарызы 38,8 трлн теңгені немесе ЖІӨ-нің 20,2 пайызын құрайды.

Бұл ретте мемлекеттік қарыздың белгіленген шекті деңгейі ЖІӨ-нің 32 пайызына тең.

Мемлекеттік қарыз құрылымының 78 пайызы ішкі қарыздарға тиесілі. Ал қалған 22 пайызы немесе шамамен 17 млрд доллар – сыртқы қарыз.

Такиевтің айтуынша, Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, тартылатын барлық қарыз бойынша стресс-тестілеу жүргізеді.

Министр мемлекеттік қарызға қатысты жағдай бақылауда екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, туындайтын тәуекелдер Мемлекеттік қарызды басқару жөніндегі кеңесте және Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңесте қаралады.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз