Саясат

АҚШ пен Иранның келіссөз жүргізушілері Дохаға барады: Ормуз бұғазы басты назарда

Демалыс күндері АҚШ пен Иранның бір-біріне жасаған зымыран соққылары екі ел арасында жасалған уақытша бітімнің қаншалықты осал екенін көрсетті. Енді тараптар техникалық келіссөздерді Қатар астанасы Дохада жалғастыруға ниетті.

Ақш иран

АҚШ президенті Дональд Трамп келіссөздер тобына жетекшілік ету үшін күйеу баласы Джаред Кушнер мен арнайы өкілі Стив Уиткоффты Дохаға жібереді.

Иран да осы аптада Катарға өзінің техникалық делегациясын аттандырмақ. Алайда Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Бағаи мұның америкалықтардың сапарына еш қатысы жоқ екенін айтып, екі ел арасында ешқандай кездесу жоспарланбағанын мәлімдеді.

«Алдағы күндері Америка тарапымен ешқандай деңгейде келіссөз өткізбейміз», – деді Бағаи. Оның сөзін Reuters агенттігі келтірді.

Тараптардың кездесу төңірегіндегі қарама-қайшы мәлімдемелері әлемдік мұнай тасымалы үшін аса маңызды Ормуз бұғазына байланысты шиеленісті тоқтатуға бағытталған бітімнің қаншалықты нәзік екенін аңғартады.

Reuters агенттігінің мәліметінше, Иранның жоғары лауазымды шенеуніктерінің бірі сейсенбі күні Дохада кездесу өтетінін айтқан. Алайда бұған дейінгі техникалық келіссөздерден айырмашылығы, бұл жолы негізгі назар Ормуз бұғазын басқару және өңірдегі шиеленісті төмендету мәселесіне аударылады.

Тағы бір дереккөздің айтуынша, АҚШ пен Иранның техникалық топтары сәрсенбі күні Катар мен Пәкістанның делдалдығымен бөлек-бөлек кездесулер өткізеді.

Президент Дональд Трамп Ақ үйдегі Овал кабинетінде журналистерге:

– Дохадағы кездесу маңызды болуы да мүмкін, болмауы да мүмкін. Мұны жақын арада көреміз, – деді.

Сонымен бірге ол АҚШ-тың әскери тұрғыда басымдыққа ие екенін айтып, Иранның ядролық қару жасауына жол бермеу қажет деген ұстанымын тағы да қайталады.

Ормуз
Фото: Getty images

Ормуз бұғазы және Иранның активтері

Иран көршілес Оманмен бірге бақыланатын Ормуз бұғазындағы ықпалын күшейтуге тырысып отыр. Ресми Тегеран бұғаз арқылы өтетін кемелерден алым жинауды және белгіленген бағыттан ауытқыған кемелердің қозғалысына кедергі келтіруді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Дәл осы мәселе жаңа келісімге қарамастан, АҚШ пен Иран арасында соңғы қысқа қақтығыстардың шығуына себеп болған.

Бұл арада іске Франция да араласты. Президент Эммануэль Макрон дүйсенбі күні Париждің Оманмен бірге өңірдегі шиеленісті азайту бағытында жұмыс істеп жатқанын айтты. Оның сөзінше, Франция серіктестерімен бірлесіп Ормуз бұғазын миналардан тазарту жұмыстарына қатысуға дайын.

Алайда Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гарибабади миналарды тазарту тек Иран әзірлеген 14 тармақтан тұратын жоспарға сәйкес жүзеге асырылатынын айтып, Францияны жағдайды ушықтырмауға шақырды.

Иранның бұғатталған активтері

Осы күндері Иран президенті Масуд Пезешкиан Катарда бұғатталған 12 миллиард доллардың 6 миллиарды босатылып, Иранға қайтарылатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл меморандум Иранның мұнай және мұнай-химия саласына қатысты санкцияларға белгілі бір жеңілдіктерді де қамтиды.

Пезешкиан бұл келісімді «Иран халқының үлкен жеңісі» деп атады.

Соңғы оқиғалар

17 маусымда АҚШ пен Иран сәуір айында қол жеткізілген атысты тоқтату келісімін тағы 60 күнге ұзартқан болатын. Осы кезеңге арналған өзара түсіністік туралы 14 тармақтан тұратын меморандумға қол қойылып, онда Иранның ядролық бағдарламасын талқылау және тұрақты бейбіт келісімге қол жеткізу көзделген.

Алайда екі тарап бір-бірін келісім талаптарын бұзды деп айыптағандықтан, процесс қайтадан тұралап қалды.

АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған шабуылдарынан кейін әлемдік мұнай саудасының шамамен бестен бір бөлігі өтетін Ормуз бұғазы арқылы теңіз тасымалы айтарлықтай баяулады.

Израиль АҚШ–Иран бейбіт келіссөздеріне қатысудан бас тартып, бұл процестен өзін шет ұстады. Сонымен бірге Вашингтон мен Тегеран арасындағы шиеленіс Ливандағы қақтығысты тоқтатуға бағытталған дипломатиялық әрекеттерді де қиындатып отыр. Онда Иран қолдайтын «Хезболла» қозғалысы мен Израиль арасындағы әскери іс-қимылдар жалғасуда.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз