"Украина жерін бергісі келсе, 2022 жылы-ақ берер еді": Зеленский
Украина президенті Владимир Зеленский елдің аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігіне қатысты ұстанымы өзгермегенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, Киев басқыншыға жерін беруге ниетті болса, мұндай шешімді соғыстың алғашқы жылында-ақ қабылдай алар еді.
Украина президенті бұл туралы "Тілек білдірушілер коалициясы" отырысынан кейін журналистермен әңгімелесу кезінде айтты.
"Егер біз жерімізді басқыншыға бергіміз келсе, мұны 2022 жылы-ақ көрсетер едік. Алайда еліміздің өз үйлерін, жерін, отбасыларын, ең бастысы, тәуелсіздігі мен бостандығын қорғауға дайын екенін талай рет дәлелдедік. Соғыс басталғалы бері осы ұстанымымыздан айныған жоқпыз және алдағы уақытта да берік боламыз", – деді Зеленский.
Украина басшысының сөзінше, алда ел үшін оңай кезең болмайды. Тіпті биылғы қыс соғыс басталғалы бергі ең ауыр маусым болуы мүмкін.
Сондай-ақ ол аумақ мәселесін бейбіт келісімнің жай ғана техникалық бөлігі ретінде қарастыруға болмайтынын атап өтті. Зеленскийдің пікірінше, бұл – Украинаның егемендігіне, қауіпсіздігіне және мемлекеттің болашағына тікелей қатысты мәселе. Сондықтан кез келген ымыралы шешім украин халқының ұстанымын ескеруі керек.