Оқиғалар

АҚШ-тағы Qazaq American Qaganat ұйытқы болған Наурыз мерекесі

Биылғы Наурыз мерекесі АҚШ-тағы «Qazaq American Qaganat» қазақ диаспорасы үшін маңызды мәдени оқиғаға айналды.

1

22 наурызда Қазақстанда бастау алған домбырашылар челленджі Нью-Йорктің Таймс-сквер (Times Square) алаңында жалғасын тауып, қазақстандық дипломаттардың, түрлі диаспора өкілдерінің, студенттер мен қала қонақтарының басын біріктірген ауқымды іс-шараға ұласты. Қызыл кілем үстінде ұлттық киім киіп, домбыра ұстаған қазақ қауымының салтанатты шеруі Нью-Йорк тұрғындары мен туристердің ерекше ықыласын аударды.

1

Мерекенің басты жаңалығы ретінде Қазақстаннан арнайы келген «Әлқисса» балалар ансамблі мен «Жетіген» тобының өнерін атап өтуге болады. Олардың орындауындағы күмбірлеген домбыра үні тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Сондай-ақ сахнада өнерпаздармен бірге Нью-Йоркте қазақ музыкасы мен мәдениетін белсенді насихаттап жүрген американдық музыкант Джефф Герш Құрманғазының «Балбырауын» және «Адай» күйлерін орындады.

Ұйымдастырушылардың бастамасымен қонақтарға QR-коды бар алмалар таратылды. Код арқылы National Geographic материалдарын, соның ішінде Қазақстан туралы ғылыми зерттеулер мен қызықты деректерді оқуға мүмкіндік берілді. Қазақстанның Нью-Йорктегі Бас консулдығы мен «Qazaq American Qaganat» АҚШ бойынша қазақ диаспорасының ұйытқы болуымен өткен бұл шара жылы әрі достық жағдайында өтіп, қазақ мәдениетін әлемге танытуға және Қазақстан мен АҚШ арасындағы мәдени байланысты нығайтуға үлес қосты.

1

7 сәуірде Нью-Йорктегі Қазақстанның Бас консулдығы мен «Qazaq American Qaganat» қазақ диаспорасы бірлесіп, әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған «Шексіз музыка» фотокітабының тұсаукесерін өткізді. «Алматыкітап» баспасынан шыққан бұл туындының таныстырылымы Манхэттендегі 5-авеню бойында орналасқан Бас консулдық ғимаратында өтті.

Салтанатты шараның ашылу рәсімінде Қазақстанның Нью-Йорктегі Бас консулы Рауан Тілеулин мен «Qazaq American Qaganat» қазақ диаспорасының президенті Али Алаш Бименов лента қиып, кітаптың тұсауын кесті.

1

Кездесу барысында Бас консул Рауан Тілеулин АҚШ-та «қазақ диаспорасын дамытуға және біріктіруге және ұлттық мәдениетті насихаттауға қосқан зор үлесі үшін Али Бименовке Алғыс хат табыстады. Және осы тұрғыда «Алматыкітап» баспасының басшылығы Элеонора Баталованың және Әнел Райымбекқызының қолдауымен Али Бименов аталған баспаның АҚШ-тағы ресми өкілі етіп тағайындалғанын да атап өткен жөн болар.

Тұсаукесерге Димаштың АҚШ-тағы фан-клубының мүшелері – Нью-Йорктен Таня Янг, Норико Брюнель, Вашингтоннан Юлия және Нир Арад, Лос-Анджелестен Нэнси Сеницерос, Нью-Джерсиден Елена Пятигорская қатысты. Басқа да жанкүйерлер шараны «Zoom» платформасы арқылы онлайн тамашалады.

Кітапқа Димаштың «Stranger» атты әлемдік туры аясында Еуропа мен Солтүстік Америкада өткен концерттерінде түсірілген эксклюзивті фотолар енген. Шара аясында баспаның қазақ тарихы, салт-дәстүрі мен ұлттық асханасына арналған өзге де құнды басылымдары таныстырылды.

Мерекелік кеште қонақтарға Димаштың қолтаңбасы бар суреттер мен Қазақстандағы «Sanata_rai» тігін шеберханасының (жетекшісі – Санат Мәмешова) Гиннес рекордтар кітабына енген көгілдір тақиялары сыйға тартылды. Сондай-ақ «Qazaq American Qaganat» қазақ диаспорасының директоры Ләзат Акилова («Aisoul spa» салонының негізін қалаушы) қатысушыларға арнайы сертификаттар табыстады. Жиын соңында Құдайбергеновтер отбасының атынан Димаштың анасы Светлана Айтбаеваның қолтаңбасы қойылған кітап ұтысқа салынып, тартылған жеребье арқылы Елена Пятигорская иеленді.

1

Димаштың АҚШ-тағы фан-клубы жетекшілері өздерінің ақжарма тілектерін білдіріп, әншінің дауысы мен өнері оларға ерекше шабыт беретінін жеткізді. Олар Димаштың шығармашылығына әрқашан қолдау көрсетуге дайын екендіктерін атап өтті.

Осы орайда Димаштың негізгі жетістіктеріне тоқтала кеткен жөн. Димаш Құдайберген – Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол Қытайда «Жылдың үздік әртісі», «Жыл жаңалығы», «Классикалық музыкадағы жыл вокалшысы» номинациялары бойынша беделді сыйлықтардың иегері атанды. Сондай-ақ 2025 жылы БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) Жаһандық ізгі ниет елшісі болып тағайындалды.

Кездесу соңында қазақы қонақжайлылықпен дастархан жайылып, қонақтарға бауырсақ, қытырлақ және қазақстандық шоколадпен ыстық шай ұсынылды. Жылы шырайлы өткен кездесуден Димаштың жанкүйерлері ерекше әсер алып, қимай қоштасты.

Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне, жанкүйерлердің онлайн және офлайн қатысуын ұйымдастыруға, сондай-ақ «Qazaq American Qaganat» ұйымының волонтерлік жұмыстарына белсене атсалысқан Әсел Оқасова (жетекші), Айжан Мэй, Аида Акилова, Арайлым Қалдарбек, Жұлдыз Ерік, Айнұр Баймырза және Берік Өтеулиннің еңбектерін ерекше атап өткен жөн.

8 сәуірде Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының жанында орналасқан «Түрік үйінде» (Turkish House) Орталық Азия елдері мен Түркия өкілдерінің қатысуымен Nowruz Festival мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті. Салтанатты шараға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Түркия Республикаларының АҚШ-тағы ресми өкілдері қатысты. Бір шаңырақ астында ұлттық киімдерімен жарасқан бауырлас халықтардың бірлігі мен мерекелік көңіл-күйі іс-шараның ажарын аша түсті.

Фестиваль аясында әр ел өздерінің салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін көрмелер ұйымдастырып, төл мәдениетін сахнада паш етті. Әсіресе, Орталық Азияның бес елінен келген жас дизайнерлердің сән көрсетілімі көрермендерді тәнті етті. Ұлттық нақыш пен заманауи стильді ұштастырған бұл топтамаларды кәсіби іріктеуден өткен модельдер таныстырды. «Qazaq American Qaganat» қазақ диаспорасының волонтері, жас дизайнер Айбара Үйсінбекова («Nomad Wedding Salon NYC») қазақ киімдерінің жаңа топтамасын ұсынды.

Мерекелік бағдарламаның көркіне айналған сәт – Қазақстанның Нью-Йорктегі Бас консулдығы ұйымдастырған «Тұсаукесу» рәсімі болды. Сәбидің болашағы жарқын, қадамы нық болсын деген ниетпен тұсау кесу құрметі Бас консул Рауан Тілеулинге берілді. Дипломат Бекмұрат Бекмырзаев пен жары Құндызай Өрікбаеваның ұлы Әлтайырдың тұсауы кесіліп, «ешкімнің ала жібін аттамасын» деген тілекпен ақ жолға бағытталды. Дәстүр бойынша жайылған ақ кілемге қойылған заттардың ішінен бүлдіршін ойыншық ноутбукті таңдап, жиналған қауымды «болашақ IT маманы» деген сүйінішті болжаммен қуантты.

«Qazaq American Qaganat» қазақ диаспорасының көрмесіне домбыра, жетіген, қобыз, сазсырнай, сыбызғы сияқты аспаптар, сондай-ақ ұлттық киімдер, сырмақтар, күбі мен тас диірмен сияқты көне жәдігерлер қойылды. Көрме экспонаттарын жинақтап, оның тарихын түсіндіруге жауапты Гүлчехра Пазиева қонақтардың сұрақтарына жауап беріп, бауырсақ ұсынды. Сондай-ақ кәсіпкер Айтуған Мұқашевтың ғылыми зерттеулер арқылы пайдасы дәлелденген капсуладағы кептірілген бие қымызы туралы ақпараты қонақтардың қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар, «QAZAQ American QAGANAT» қазақ диаспорасының Президенті Али Бименов АҚШ-та жылқы еті мен биенің саумалын, қымызды кеңінен қолданысқа енгізу үшін Айтуған Мұқашевтің бастамасын іске асыру мақсатында жергілікті әкімдіктермен келісім жасасу шаралары бастау алғанын атап өту керек.

Көрме экспозициясын «Алматыкітап» баспасының құнды басылымдары, Димаш Құдайбергеннің фотокітабы, «Sanata_rai» шеберханасының Гиннес рекордтар кітабына енген көгілдір тақиялары мен заманауи дизаинда дайындалған дәстүрлі кимешек толықтырды.

1

11 сәуірде Тұран және Орталық Азия елдері мен іргелес мемлекеттер өкілдерінің басын біріктірген Nevruz Celebration мерекесі аталып өтті. Бұл шараның басты ерекшелігі – қатысушылар ауқымының кеңдігі болды. Мерекеге Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Тұран елдерінің Төтенше және Өкілетті Елшілері арнайы қонақ ретінде шақырылды. Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан және Түркіменстан диаспораларымен қатар, қарашай және Қырым татарлары да өздерінің ұлттық тағамдары мен салт-дәстүрлерін паш етті.

Мерекелік концертте әр диаспораның өнерлі өкілдері сахна төріне шықты. «Qazaq American Qaganat» қазақ диаспорасының атынан Қазақстаннан арнайы шақырылған өкіл Әлия Әзбергенова мен Джефф Герш Құрманғазының «Балбырауын» және Ә. Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйлерін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Түрлі халықтардың басын біріктіріп, ұлттық мәдениетті дәріптеуге ұйытқы болған ұйымдастырушылар тобы: «Qazaq American Qaganat» қазақ диаспорасының Президенті Али Алаш Бименов, «American Central Asian Association» жетекшісі Анабель Амир, директоры Алексия Бахыт, АҚШ бойынша Түрік диаспорасының Президенті Мухаммет Сами, АҚШ бойынша түріктердің ең басты шаңырағы Turkish house басшылығы, «World Network NY» директоры Мукарамхон Кахрамановна, «Lagman express» Президенті Камалбек Және Гулноза Жураевтар, Түрік мәдениет орталығы. Ал шараны толығымен сапалы және кәсіби фото-бейнеге түсіріп, монтажын жасап, әлеуметтік желілерге есеп ретінде «Qazaq American Qaganat»-тың жұмысын ілгерілетуге үлкен үлес қосқан шығармашылық топтың атқарған жұмысы зор екенін де атап өту маңызды: Шуленбай Ботабек, Esoxa Mason, Гүлім Темірханова.

Жаңалықтардан хабардар болып отыру үшін Инстаграм әлеуметтік желісіндегі @qazaq_american_qaganat парақшамызды бақылап отырсаңыздар болады.

Мұндай шараларды ұйымдастырудың басты мақсаты – ел бірлігін арттырып, халықтар арасындағы татулықты нығайту және ұлттық мәдениетті шетелде дамыту. Наурыз мерекесі құтты болсын! Еліміз тыныш, жұртымыз аман, ақ мол болсын!

Алдағы жылы АҚШ-тағы қазақ бауырларымыздың басын қосатын, ұлттық құндылықтарды сақтау мен дамытуды көздейтін ауқымды «Құрылтай» жиынын Наурыз мерекесіне орай өткізу жоспарланып отыр.

Әлия Әзбергенова

«Qazaq American Qaganat»

АҚШ бойынша қазақ диаспорасының

Қазақстандағы өкілдерінің басшысы,

Журналистер Одағының мүшесі

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз