Ақтаудағы атом энергетикалық комбинатында екі жұмысшы күйіп қалды
Ақтаудағы МАЭК (Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты) кәсіпорнында болған оқыс оқиға салдарынан екі жұмысшы зардап шекті.
Маңғыстау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, оқиға 23 сәуір күні сағат 10:30 шамасында болған.
Алдын ала ақпарат бойынша, жұмысшылар негізгі конденсаторды қышқылмен жуу жұмыстарын жүргізген. Тұз қышқылы ерітіндісі арнайы сорғы арқылы шлангпен берілген.
Жұмыс аяқталып, сорғы тоқтатылғаннан кейін шлангты шешу кезінде қышқыл ерітіндісі шашырап кеткен. Соның салдарынан жұмысшылардың беті мен көзіне қышқыл тиіп, күйік алған.
Зардап шеккендер дереу облыстық ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілді.
Еңбек инспекциясы өкілдерінің айтуынша, қазіргі уақытта жарақаттардың ауырлық дәрежесі бойынша медициналық қорытынды күтіліп отыр. Егер оқиға ауыр немесе топтық жазатайым жағдай ретінде танылса, арнайы тергеу жүргізіледі.
Айта кетейік, 2024 жылдың желтоқсан айында осы кәсіпорында жөндеу цехының шебері құбырдың астында қалып, қаза тапқан болатын.