Ақтаудағы ұшақ апаты: аман қалғандар бар
Ақтау әуежайы маңында Әзірбайжан әуе компаниясының Embraer 190 ұшағы құлаған жерге ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің жеке құрамының 52 адамы мен 11 бірлік техникасы келген.
Қазір құтқару жұмыстары жалғасуда, зардап шеккендер туралы ақпарат анықталып жатыр.
Ұшақ Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан. Бірақ Грозныйдағы қалың тұманға байланысты Махачкалаға бағыт алған. Бұл туралы Шешенстан әуежайының баспасөз қызметі хабарлады.
Сонымен қатар, «Қазаэронавигация» РМК мәліметі бойынша, әуе кемесі апатқа ұшырамас бұрын әуе айлағын бірнеше рет айналып өткен. Ал құстармен соғысқаннан соң кейін экипаж төтенше жағдай жариялап, ұшақты шұғыл қонуға Ақтауға жіберген. Алайда қонудың соңы қайғылы аяқталған.
«Ол жерге 14 жедел жәрдем бригадасы бара жатыр. Әзірге алты адамның аман қалғаны белгілі. Олардың жағдайы өте ауыр», - деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Кейбір деректерге қарағанда ұшақ құлаған жерден түрлі дене жарақаттарымен 12 адам (оның бірі бала) Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілген. Бортта экипаж мүшелерінен бөлек 67 жолаушы болған.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Арнайы тергеу жүргізілетін болады.