Ақтөбе облысында заңсыз активтер есебінен жаңа нысандар бой көтеруде
Ақтөбе облысында әлеуметтік маңызы зор инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Соның ішінде заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару арқылы өңірде жаңа нысандар салу қарқын алып отыр.
Қазақстанда заңсыз шығарылған және иемденілген активтерді мемлекет меншігіне қайтару бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Қайтарылған қаражатты әлеуметтік маңызы бар жобаларға бағыттау тәжірибесі өңірлерде нақты нәтижесін көрсетуде. Соның бірі – Ақтөбе облысында жүзеге асырылып жатқан денсаулық сақтау және әлеуметтік нысандар құрылысы.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, 2025 жылы қайтарылған активтер есебінен "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" бағдарламасы аясында 11 медициналық-санитариялық нысан мен ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған арнайы балабақша құрылысына 8,9 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
Нәтижесінде өңірдегі 11 медициналық мекеменің құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл ауыл тұрғындарының сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік жасап отыр. Ал ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған арнайы балабақшаның құрылысы жалғасуда. Нысанды пайдалануға беру 2026 жылға жоспарланған.
Биыл да өңірде денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасады. "Орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту" бағдарламасы аясында жалпы құны 4,7 млрд теңгеден асатын үш ірі жобаны іске асыру көзделген.
Атап айтқанда, Хромтау аудандық ауруханасы жанынан тері арқылы коронарлық араласу орталығын ашу, Шалқар аудандық ауруханасының стационарлық бөліміне қосымша екі қабатты ғимарат салу және Қандыағаш қаласындағы аудандық аурухана базасында тағы бір коронарлық араласу орталығына арналған қосымша корпус тұрғызу жоспарланып отыр.
Мамандардың айтуынша, қайтарылған активтерді әлеуметтік маңызы бар нысандар құрылысына бағыттау өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Әсіресе денсаулық сақтау саласындағы жаңа жобалар медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттырып, ауылдық жерлердегі тұрғындарға көрсетілетін көмектің сапасын жақсартуға ықпал етуде.
Осылайша, заңсыз активтерді мемлекетке қайтару жұмыстары өңірлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға нақты үлес қосып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобалардың жүзеге асуына негіз болып отыр.