Ақтөбеде экологиялық мәдениетті насихаттаған экофестивальге 1500-ден астам адам қатысты
Ақтөбе қаласында «Таза Қазақстан – таза болашақ» атты облыстық экофестиваль өтіп, оған 1500-ге жуық оқушы, педагог және қоғам өкілдері қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақ арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатты қорғау құндылықтарын дәріптеу және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау дағдыларын дамыту.
Экофестиваль «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған №80 орта мектепте ұйымдастырылды. Шара барысында облыс мектептерінің оқушылары қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жобаларын таныстырып, өз идеяларын ортаға салды.
Фестивальге қатысқан өңір басшысы Асхат Шахаров экологиялық мәдениетті бала кезден қалыптастырудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, табиғатты қорғау мен тазалықты сақтау әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс.
Бүгінде Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы ел көлемінде кеңінен жүзеге асырылып келеді. Ақтөбе облысында да акция аясында көгалдандыру, аумақтарды тазалау және экологиялық сауаттылықты арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Фестиваль бағдарламасында балабақша, мектеп және колледж оқушылары дайындаған экологиялық жобалар ұсынылды. Қатысушылар «Жасыл балабақша», «Жасыл мектеп», «Жасыл колледж» секілді бастамаларды таныстырып, экологиялық тәрбиенің білім беру жүйесіндегі сабақтастығын көрсетті.
Сонымен қатар экологиялық тақырыптағы шығармашылық жұмыстар қойылған көрме көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Жас суретшілер қоршаған ортаны қорғау мәселелерін өнер арқылы бейнелеп, табиғатты сақтаудың маңызын жеткізуге тырысты.
Іс-шара аясында «Күн нұрынан туған жасыл әлем» атты флешмоб ұйымдастырылып, қатысушыларды тұрақты даму мен табиғатты қорғау идеясы төңірегіне біріктірді. Флешмоб кезінде алғаш рет «Таза Қазақстан» акциясының арнайы гимні орындалды.
Фестиваль соңында оқушылар, білім саласының ардагерлері, депутаттар және қоғам өкілдері мектеп ауласына көшет отырғызды. Бұл бастама табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға және жастардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталды.
Өңірде экологиялық тәрбие беру жұмыстары бұнымен шектелмейді. Облыста жүзеге асырылып жатқан «Мектеп орманшылығы» жобасы аясында оқушылар ағаш отырғызып, оларды күтіп-баптауға қатысады. Ал балабақшаларда балаларға табиғатты аялау мен қоршаған ортаға ұқыпты қарау дағдылары ерте жастан үйретілуде.