Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:40, 26 Қазан 2022

Алаяққа бір, билікке екі алданған халқым-ай...

None
None

Соңғы жылдары елімізде алаяқтар әбден есіріп алды. Есіргені соншалық, бүгінде алаяқ хабарласпаған халық қалмады.

Алаяқтың арбауына іліккендері үйінен шықпай-ақ қарызға батып, несиенің қамытын мойнына ілуде. Статистикаға сенсек, соңғы бес жылда елімізде интернет алаяқтық фактісі 10 есе өскен көрінеді. Мәселен, 2017 жылы елімізде несие алаяқтығына қатысты 2 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелсе, 2021 жылы бұл сан 21 мыңға жеткен екен. Әшейінде, бүкіл құжатыңды өткізіп, несие алуға өтініш беріп, миллион теңгені әзер алатын болсаң, ғаламтор алаяқтары айдалада отырып-ақ мойныңа 20 миллионның несиесін ілуге қабілетті. Сонда халықтың жеке мәліметі алаяқтардың қолына қайдан түсіп жатыр, халық сұраса, «сараңдық» танытатын банктер, алаяқтарға қалайша миллиондаған теңгені кепілсіз бере салады?! Осыған қарап отырып, Қазақстанның банк жүйесінің өзі қарапайым халықтан гөрі, алаяқтардың өмір сүруіне қолайлы ма деген ойға қаласың...

Қазақтың өзіне бұйыруы қиын қазынасы оңай-ақ жолмен тоналып, шетел асыпоффшорлық есеп-шоттарға аударыла салады. Немесе халық өзі жалынып сұраса да банктерден ала алмас, рәсімделуі қиын миллиондар алаяқтар арқылы, оңай жолмен-ақ қарыз болып, аңқау қазақтың мойнына іліне салады. Халыққа қиын, алаяқтарға оңай, әйтеуір.

Осы орайда, атап өтер жайт, елімізде азаматтардың әлеуметтік желі­лер­дегі онлайн сауда мен танымал сайттар арқылы алаяқтың құрбаны болу көрсеткіші айтарлықтай жоғары болып отыр. Сонымен қатар, қылмыскерлер онлайн қарыз алу жолымен және банк карталарынан ақша жымқыру арқылы тонау көрсеткіштері де жоғарылап барады. «Сіздің атыңызға біреу несие рәсімдеп жатыр. Тез арада телефоныңыздың мобилдік қосымшасы арқылы алаяқтың жолын кесуге көмектесіңіз», деп банк қызметкері болып, хабарласатын алаяқтар бүгінде хабарласқан адамының құтын қашырып, асықтырып, әп-сәтте қомақты қаржыны несие ретінде рәсімдеп те үлгеруде. Полиция алаяқтықтың ең көп та­ралған тәсілдері азаматтарды сен­­діру, алдау немесе қорқыту се­кіл­­ді психологиялық әдістерге не­­гіз­­делгенін ескертеді. Сондықтан халықтың барынша, сақ болуы маңызды болып отыр.

Уақыт өткен сайын алаяқтардың ақша жымқыру әдісі де күрделеніп барады. Сәйкесінше, күн санап алаяқтарға алданған халықтың да саны арта түсуде. Ал тиісті құзырлы орындар алаяқтың алдын алуға машықтанып үлгермеуде. Осы бетімен кете берсе, елімізде алаяқтардың арбауымен несие алмаған адам қалмайтын тәрізді.

Халық құқығын қорғауға тиіс құқық қорғау орындары да әзірге, үнсіз. Банктердің де ұпайы түгел. Алаяқтар, тіпті, мәз. Тек халық әдеттегідей, тоналған үстіне тоналып, шырылдап, банк пен сот арасында әділдікке қолы жете алмай, несиені өзі рәсімдемегенін дәлелдей алмай жүр. Тіпті, жұмыссыз жандар да, зейнет алдында тұрған қарттар да алаяқтардың арқасында, «несиелі» болуда. Соның бірі Алмагүл апай «Сіздің атыңыздан біреу несие рәсімдеп жатыр. Сондықтан банктің мобильдік қосымшасы арқылы оның рәсімдеп қойған несиесінен бас тартуыңыз керек», деп хабарласты. Есім шығып кетті. Көзім дұрыс көрмеген соң, телефонды қызыма ұстатқам. Ол алаяқтардың айтқанын бұлжытпай орындап, үш миллион теңге несие рәсімдегенін аңғармапты да. «Форте» банкке барсақ, рәсімделген несиені төлеуден басқа амалымыз жоқ екенін, өзіміздің өтінішімізбен онлайн рәсімделген несие екенін айтып отыр. Енді сотқа беріп, сот отырысын күтіп жүрміз. Алаяқтар туралы бірде-бір мәлімет білмеген соң, тіпті, сотқа кімді тартарымызды да білмедік. Осы бір олқылық бәрібір несиені төлетуге мәжбүрлейтін секілді», — дейді еңірегенде етегі толып. Яғни үрейлендіре отырып, ойлануға мұрша бермей, мүмкіндігінше, несиені аз уақыт ішінде рәсімдеп үлгеруге тырысу — алаяқтардың басты ұстанымы болып отыр. Өкініштісі, мұндай алданған халықтың саны тым көп болып барады.

Рас, халықтың қаржылық және құқықтық сауатының тым төмен болуы да алаяқтардың еркінсуіне әсер етіп отыр. Осы орайда, 2020 жылы Мемлекет басшысы халықтың қаржылық сауатын көтеру туралы құқық қорғау орындарына тапсырма берген болатын-ды. Алайда одан бері халық қаржылық пирамидаларға, алаяқтар арқылы банктерге алданып жатса да ешқандай алдын алу шаралары, халықтың қаржылық сауатын көтеру жұмыстары жасалмады. Тіпті, кейбір банктер несие алу тәртібін қатаңдату шараларын да қарастырмады. Нәтижесінде, бүгінде тоналған халық саны күн санап көбейіп барады.

Айтпақшы, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақын арада несиеге қатысты ұсынысын жария ететінін мәлімдеп, «Елімізде көп адам несие алып, қарызға батып жүр. Бұл мәселе мені де қатты толғандырады. Таяу арада мен осы мәселе бойынша ұсынысымды халыққа жариялаймын», – деді. Әйтеуір, сайлау алдындағы көп уәденің бірі болып қалмай немесе екі жыл бұрынғы халықтың қаржылық сауатын көтеру туралы тапсырманың кебін кимей, халықты қалың қарыздан, алаяқтардан құтқару шаралары жасалса екен деп тілейміз...

Тегтер: