Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 30%-ға өскен

Қазақстанға ресми сапармен келген ҚХР Сыртқы істер министрі Ван И ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен бірқатар келіссөздер өткізді, деп хабарлайды Zhasalash.kz сайты.
Министрлік мәліметінше, тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және транзиттік-көліктік ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, сондай-ақ жоғары технологиялар саласындағы өзара іс-қимылды дамытуға және Қазақстаннан Қытайға шикізаттық емес экспортты арттыруға ерекше назар аударды.
ҚХР – Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда және экономикалық серіктесі. Өткен жылы екіжақты тауар айналымы 30%-ға өсіп, 41 млрд долларға жетті. Қытай сонымен қатар Қазақстан экономикасындағы ең ірі инвесторлардың бестігіне кіреді, тартылған қытай капиталының жалпы көлемі 24 млрд доллардан асты, делінген хабарламада.
Сонымен қатар, мұнай-газ, химия, металлургия, агроөнеркәсіп, тау-кен өнеркәсібі және басқа да салаларда құны 7 млрд доллардан асатын ондаған ірі басым жобалар жүзеге асырылғаны айтылды.
Фото: СІМ