Италияда жаппай наразылық: халық үкіметтің саясатына қарсы шықты
Италияда жаппай наразылық: халық үкіметтің саясатына қарсы шықты
Италияда үкіметтің экономикалық және әлеуметтік саясатына қарсы ауқымды наразылық акциялары өтті. Елдің бірқатар қаласында жұмысшылар мен студенттер көшеге шығып, жалақыны көтеруді, әлеуметтік салаларға бөлінетін қаржыны арттыруды талап етті.
Наразылыққа шыққандар премьер-министр Джорджа Мелони үкіметінің саясатын сынға алды. Олардың пікірінше, билік халықтың тұрмыс жағдайын жақсартудан гөрі әскери шығындарды көбейтуге басымдық беріп отыр.
Шерушілерді алаңдатқан негізгі мәселелердің қатарында жалақының төмендігі, күнделікті тұтыну тауарларының қымбаттауы, білім беру мен денсаулық сақтау салаларының жеткіліксіз қаржыландырылуы бар.
Наразылық акциялары кезінде студенттер де өз талаптарын жеткізді. Олар білім беру жүйесіне көбірек инвестиция салуды және жастардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды талап етті.
Кейбір қалаларда шерушілер мен полиция арасында шиеленіс туындағаны хабарланды.
Италиядағы наразылықтар елдегі әлеуметтік-экономикалық саясатқа қатысты келіспеушіліктердің күшейгенін көрсетеді.