Абиба Әбужақынова әлем біріншілігінде қола жүлде алды
Дзюдодан Әбу-Даби қаласында өтіп жатқан әлем біріншілігінде Қазақстан қоржынына алғашқы жүлде түсті. Бұл туралы Олимпиада комитеті хабарлады.
Әйелдер арасында 48 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Абиба Әбужақынова қола медаль жеңіп алды. Ол кіші финалда түркиялық Тукче Бедерден "иппон" әдісімен басым түсті. Осылайша, Абиба әлем чемпионаттарындағы екінші қола медалін иеленіп отыр. Бұған дейін ол Ташкенттегі (2022) әлем біріншілігінде алғаш рет үздік үштікке енген болатын.
Әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалдым. Өз жерімізде өткен Grand Slam турниріне де қатыспадым. Олимпиадаға бір қадам қалды. Сондықтан, бұл бәсекенің орны ерекше.
Ал кездесулерге келер болсам, моңғол қызына өз қателігімнен ұтылдым. Азия чемпионатында да есе жіберіп едім. Бірінші айналымдағы түрік қызын бұрын да жеңіп жүргем, кіші финалда кездескен Тукче Бедермен бірінші рет белдестім. Екеуміз де солақай болғандықтан, бапкерлер оның сол қолын бұғаттауды тапсырды.
Әрине, алтын медаль алғым келді. Бірақ қоланың өзі мен үшін үлкен жетістік. Бұл турнир қарсаңында негізінен Италия, Жапония және Моңғолия спортшыларына қарсы дайындалдым, - дейді Абиба Әбужақынова olympic.kz сайтына.
Ал, Абиба Әбужақынова олимпиадалық рейтингте 4-орында келеді.
Фото: olympic.kz