Әлия Назарбаева Швейцариядағы даулы компаниясын жапты: оның жобасына қаржы салған дәрігер өзіне қол жұмсаған
2026 жылы Әлия Назарбаеваның Швейцариядағы Kerfuffle AG компаниясы ресми түрде таратылып, елдің компаниялар тізімінен шығарылды.
2021 жылы швейцариялық Tages-Anzeiger басылымы Әлия Назарбаеваның қаржысына қатысты зерттеу жариялаған болатын. Онда оның Цюрих көлі жағасында аса ауқатты адамдарға арналған жеке клиника салуды жоспарлағаны айтылған. Жоба құны 350 млн швейцар франкіне бағаланған.
Тергеу дерегіне сәйкес, 2013 жылы ирландиялық заңгер Томас Джон Галлахер швейцариялық кардиолог дәрігерге осы жобаны ұсынып, қаржының Әлия Назарбаеваға тиесілі екенін мәлімдеген.
Жоспар бойынша тікұшақ алаңы бар элиталық медициналық кешен, операциялық бөлмелер, жансақтау бөлімдері, қызметкерлерге арналған тұрғын үй және тәулік бойы жұмыс істейтін мейрамхана салынуы тиіс болған.
Алайда 2018 жылы қазақстандық тараптың жобаға қатысуы тоқтатылғанымен, жұмыстар 2020 жылға дейін жалғасқан. Жобаға қаржы салуын тоқтатпаған дәрігер қарызға батып, кейін өзіне қол жұмсаған. Оның кредиторларының қатарында Kerfuffle AG компаниясы да болған. Компания дәрігерден шамамен 1 млн швейцар франкін талап еткен.
Бұл Әлия Назарбаеваның шетелдегі жалғыз сәтсіз инвестициялық жобасы емес. The Telegraph басылымының жазуынша, 2016 жылы ол Лондонда бұрынғы қаржылық кеңесшілерімен соттасқан.
Сот құжаттарына сәйкес, 2005 жылдың соңында Әлия Назарбаева Қазақстаннан 312 млн АҚШ долларын шығарған. Кейін бұл қаржыға 23 млн долларлық Challenger Bombardier ұшағы, Лондондағы 8,75 млн фунттық үй және Дубайдағы 14 млн долларлық вилла сатып алынған.
Сондай-ақ ол Швейцариядағы Compagnie Bancaire Helvétique (CBH) банкінің бақылау пакетін сатып алуға 108 млн доллар инвестициялауды жоспарлаған. Алайда адвокаттарының мәліметінше, банк акциялары берілмеген, ал бұрынғы көмекшілері кемінде 75 млн долларды иемденіп кеткен.
Әлия Назарбаеваның бұл іс бойынша талап-арызының жалпы көлемі 233 млн долларды құраған. Кейін тараптар құпия келісімге келген, сондықтан оның қанша қаржыны қайтара алғаны белгісіз.