Зеленский Путинмен Түркияда кездесуге дайын екенін мәлімдеді
Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путинмен Түркия аумағында келіссөз жүргізуге дайын екенін мәлімдеді.
Ол Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғаннан екі ел басшыларының кездесуін ұйымдастыруға көмектесуді сұраған.
Бұл туралы Зеленский CNN Türk телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Украина басшысының сөзінше, Анкара Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатуға бағытталған келіссөздерде тиімді әрі шынайы делдал бола алады.
«Президент Ердоғанның Путинмен байланыста екенін білемін. Сондықтан біз кездесудің Түркияда өтуін қолдаймыз», – деді Зеленский.
Бұған дейін Кремль де Ресей мен Украина президенттерінің ықтимал кездесуіне қатысты пікір білдірген.
Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Владимир Путиннің Зеленскиймен тікелей келіссөз жүргізу мүмкіндігінен ешқашан түбегейлі бас тартпағанын айтқан.
Алайда екі ел президентінің нақты қашан және қандай шарттармен кездесуі мүмкін екені әзірге белгісіз.