Әлеумет

Алматы – Қорғас тасжолындағы апаттан тағы бір адам көз жұмды

Алматы облысында Алматы – Шелек – Қорғас тасжолында болған ірі жол апатынан зардап шеккен тағы бір адам ауруханада қайтыс болды.

1

Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, осылайша жол-көлік оқиғасынан қаза тапқандар саны төрт адамға жетті.

Еске салсақ, апат 23 маусым күні Алматы – Шелек – Қорғас автожолының 132-шақырымында, Шелек ауылындағы Қағазбаев көшесі маңында болған.

Полицияның мәліметінше, Haval автокөлігінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетіп, Audi 100 көлігімен соғысқан.

Соққы салдарынан Audi жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмған. Кейін ауруханаға жеткізілген зардап шеккендердің бірі ауыр жарақаттан қайтыс болды.

Жалпы апаттан кейін Шелек аудандық ауруханасына жеті адам жеткізілген.

Олардың бірі амбулаториялық емге жіберілсе, 2025 жылы туған сәби жағдайы тұрақтанғаннан кейін облыстық балалар клиникалық ауруханасына ауыстырылған.

Тағы үш адам травматология бөлімінде ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа ауыр деп бағалайды.

Бір науқас жансақтау бөлімінде, жағдайы аса ауыр.

Аталған жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Haval көлігінің жүргізушісі қамауға алынды.

Тергеу апаттың барлық мән-жайын, оның ішінде көліктің не себепті қарсы жолаққа шыққанын анықтап жатыр.

Әлеуметтік желілерде қаза тапқандардың арасында полиция қызметкерлері болғаны туралы ақпарат тарағанымен, бұл мәлімет әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Тегтер: жол апаты
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз