Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 10 Қазан 2024

Алматы облысы маршруттарды субсидиялауға 2,5 миллиард теңге бөлген

1
Фото: inbusiness.kz

Сәуір айында көлік министрлігі мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының сапасын тексеру бойынша «Халықтық бақылау» атты жобаны іске қосқандарын мәлімдеген.

Бұл жоба қоғамдық бақылауды дамытып, еліміздегі жолдардың және ондағы басқа да арнайы нысандарының сапасын арттыруға, халықты осы процеске араластыруға бағытталған. Яғни азаматтық қоғам немесе әрбір азамат Қазақстанда салынып жатқан республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын бақылауға қатыса алады. Олар қандайда бір кемшіліктер мен қателіктер байқаған жағдайда көлік министрлігі сол мәселеге назар аударып, тез арада шешуге тырысатын болады. Жолдың сапалы орындалып, аяқталғанын қамтамасыз етеді, қадағалайды.

Ведомствоның хабарлауынша, аталған жобаға қатысу үшін арнайы байланыс орталығына хабарласып, өтініш қалдыру керек. Тіркелуші тіркелу кезінде аты-жөнін, байланыс нөмірін, тұратын елді мекені мен облысты көрсетуі қажет. Одан соң нысандарды аралау кестесі бекітіліп, жарияланады. Осылайша, тұрғындар мен процесс арасында байланыс орнап, критика ескерусіз қалмайды. Жобаның өзектілігі де сонда. Бүгінге дейін жол сапасына да, басқа проблемаларға қатысты да аз сын айтылған жоқ. Алайда халық сөзі елеусіз пікір ретінде қалып қойғандай көрінетін. Ал енді бәрін өз көзіңмен қадағалап, сынды «еститін құлаққа» айтуға мүмкіндік туып отыр.

Көлік министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы «Астана-Алматы» автомобиль жолын реконструкциялау кезінде шамамен 2,5 миллион тонна асфальт төсеу жоспарланған. Қазіргі таңда республикалық маңызы бар автожолдарға бір миллион тоннаға жуық асфальтбетон төселіп үлгеріпті. Мәселен, Астана мен Алматыны жалғайтын «Орталық-Оңтүстік» дәлізін реконструкциялау жобасына 560 мың тонна асфальтбетон, «Ақтөбе- Қандыағаш» жобасында 125 мың тонна асфальт төселген. Ал «Талдықорған-Өскемен» тасжолын реконструкциялау барысында 638 мың тонна асфальтбетон, «Атырау-Астрахань» автожолын реконструкциялауды аяқтау үшін 500 мың тоннаға жуық асфальтбетон төсеу жоспарлануда. Жалпы, биылғы жол құрылысы маусымы аясында ҚР Көлік министрлігі 12 мың шақырым жолды құрылыс жұмыстарымен қамтымақ.

Көлік министрлігінен бөлек, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі де бірнеше жобамен айналысып, халыққа уәде берумен келеді. Мысалы, олар бес жылдан кейін жолдың 95 пайызы көңілге қонарлық деңгейде болады деген. Осы мақсатта бюджеттен 750 миллиард теңге қарастырылған, оның 400 млрд теңгесі республикалық жолдарға арналған.

Республикалық маңызы бар жолдармен қатар облыстық немесе аудандық маңызы бар жолдардың да сапасы өте маңызды. Себебі халық жиі қатынайтын маршруттар да сапалы болуы тиіс. Бұл орайда жергілікті биліктің жұмысы рөл ойнайды. Мысалы, Алматы облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы 2024 жылдың бастапқы тоғыз айында жол инфрақұрылымын едәуір жақсартыпты.

«Жол сапасы деген жолдар мен автобустар ғана емес, бұл тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігі, бұл ауқымды жоспарлар мен жобалар жиынтығы. Сондықтан облыста жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы жыл басталғалы 14 орташа жөндеу жобасы, 3 күрделі жөндеу жобасы және 1 жаңа құрылыс жобасы жоспарланып, қазіргі уақытта соның 136,1 шақырымы жөнделген. Нәтижесінде, жолдардың сапасы айтарлықтай жақсарып, тұрғындардың көңілінен шыға бастаған. Мәселен, «Қапшағай-Бақанас-Қарой» жолының Көктал ауылына кіреберісі жөнделіп, ауыл тұрғындарының қалаға қатынауы жеңілдеді.

Жол жөндеу жұмыстарынан бөлек, қауіпсіздік шаралары да үнемі назарда. Жақында тұрғындардың қауіпсіздігі үшін облысымызда арнайы автоматтандырылған өлшеу станциялары орнатылды. Бұл жаңашылдық жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға, жылдамдықты бақылауға және жол апаттарын азайтуға көмектеседі. Бәрін қосып айтқанда, биыл 22 826 шаршы метр жолды жөндеу жұмыстары жүріп, 443 жаңа жол белгісі және 14 жасанды кедергі орнатылды.

Облысымыздың Алматы қаласына жақын орналасқан бірнеше ауданы бар. Ондағы халық қалаға барып жұмыс істейді немесе, керісінше, Алматы қаласының тұрғындары аудандарға қарай қатынайды. Облыс ішінде де жол қозғалысы көп. Бұл ора йда облыс аумағында жолаушы тасымалын жүзеге асыратын 24 тасымалдаушы мен 7 автостанция жұмыс істейді. 2024 жылдың басынан бері 44 бірлік автобус жаңартылды, бұл экологиялық таза және жайлы көлік қызметін көрсетуді қамтамасыз етеді. Әрі әлеуметтік маңызы бар маршруттар субсидияланып, 2,5 миллиард теңге бөлінді. Бұл тұрғындардың қала мен ауыл арасында еркін қозғалуына және сапалы қызмет алуына мүмкіндік береді.

Жолдар мен жолаушы тасымалы қызметінің сапасын арттыру үшін тұрғындармен кері байланыс орнату өте маңызды. Сол себептен де, сауалнамалар мен қоғамдық тыңдалымдарды жиі өткізіп, осы арқылы азаматтардың пікірін, ұсыныстарын білу жоспарлануда. Бұл халықтың талап-тілектеріне жауап беруге және даму бағытын нақтылауға мүмкіндік береді. Облысымызда осы бағыттағы жұмыстар жалғаса береді. Өйткені жол инфрақұрылымының дамуы мен көлік қызметтерінің сапалы болуы облысымыздың әлеуметтік-экономикалық тұрғыда өсуіне ықпал етеді», – дейді Алматы облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі.

Тағы бір айта кетерлігі, 2025 жылдың соңына дейін Алматы облысының Кеген және Райымбек аудандары арқылы өтетін республикалық маңызға ие 145 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Учаскелердің бір бөлігін биыл аяқтау жоспарланып отыр. Аталған жұмыстар Қазақстанның Даму банкі қаржыландыратын ауқымды орташа жөндеу бағдарламасы шеңберінде жүргізілуде. Жоғарыда тілге тиек етілген учаскені 2024 жылдың соңына дейін ашып, қолданысқа беру көзделген. Жалпы, осы бағдарламаның шеңберінде 2025 жылдың соңына дейін Алматы облысының Кеген және Райымбек аудандарында 145 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарына орташа жөндеу жоспарланған. Олар: «Кеген-Нарынқол» жолы – 89 шақырым, «Көкпек-Жалаңаш» жолы – 21 шақырым, «Көкпек-Кеген-Түп» жолы – 35 шақырым. Осыған қоса алдағы жылдары туризм инфрақұрылымына да көңіл бөлінбек. Мысалы, Шарын шатқалы, Көлсай көлдері мен Қайыңды, Іле Алатау МҰТП туристер үшін тартымды аймақтар қатарында. Алайда осы маңдағы жолдардың сапасы жақсы деп айта алмаймыз. Барған жұрт «жол жаман» екен деп жиі сөз етеді. Бұл мәселелер де облыстық әкімдік назарында көрінеді. Облыстық туризм басқармасы берген мәліметтерге қарасақ, бүгінде туризм және спорт министрлігі әзірлеген «50/50» бағдарламасы аясында жол салу үшін тиісті өтініштер берілген. Олар мақұлданған жағдайда туристер көп келетін аумақта халықаралық стандарттарға сай жолдар салынбақ. Демек, облыстық немесе аудандық маңызы бар жолдармен қатар, туристердің де жайлылығына жағдай жасалады.

Ақжол Мейірбек

Алматы облысы